Күнделікті тіршілікте біреуге керек, енді біреуге түк те керегі жоқ тәтті ұнтақтың азық-түлік түрлерін дайындаумен айналысатын көп салаға қатысы бар екенін, тіпті көрші мемлекетте «арнаулы операциялар» басталғанда бірінші болып қымбаттаған тауардың бірі қант болғанын көрдік.
Осы жағдайға қатысты мемлекет те қарап отырмай, Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы бұйрығына сәйкес, ақ қант пен құрақ шикізаты қантын шығаруға тыйым салынған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияға аталған шаралардың қолданылғаны туралы хабарлау тапсырылған. Аталған бұйрық 2022 жылғы 23 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ел жоғарыдағыдай қадамдарға барып отырғанына қарамастан, қант жетіспеушілігіне байланысты 15 мыңнан астам қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Неге? Өйткені Ресейден қант шығаруға тыйым салынғандықтан, яғни елде қант жетіспеушілігі салдарынан туындаған проблемаларға байланысты Қазақстан алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығы еліміздің Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ашық хат жолдады. Қауымдастық өкілдерінің пікіріне қарағанда, қазіргі жағдай талай кәсіпорынның жабылуына және соңғы 25 жыл ішінде құрылған бүкіл саланың жойылуына әкелуі мүмкін. Қысқасы, қауымдастық осы жағдайға байланысты аса алаңдаушылық білдіріп, мәлімдемелер жасауға мәжбүр болып отыр. Себебі, қант алкогольсіз сусындарды ғана емес, бүкіл тамақ индустриясын өндірудегі негізгі құрамдауыштың бірі болғандықтан, аталған қауымдастық мемлекеттен мәселеге назар аударуды сұрайды.
Хат авторлары Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездескен кезде алкогольсіз сусындар өндірушілерді қантпен қамтамасыз ету мәселесін бірнеше рет көтергенін айта кету керек. Алайда қазақстандық өндірушілер қанттың жеткілікті екеніне сендіруге тырысқанына қарамастан, қантқа байланысты жағдай әлі де күрделі. Өйткені қазақстандық қант өндірушілер компанияларды тиісті сапаның талап етілетін көлемімен қамтамасыз ете алмайды, қант шектеулі мөлшерде және 100% алдын ала төлем жағдайында жіберіледі, ал компаниялардың көпшілігінде айналым қаражаты жеткіліксіз. Сондай-ақ шикізат қантының шектеулі көлемінің, жеткізілімдерге қатысты түйткілдер салдарынан жергілікті өндірістегі қант бағасының тұрақты өсуіне жағдай жасалды. Мәселен, соңғы бірнеше аптада қазақстандық өндірушілердегі қант бағасы бір килосы үшін 400 теңгеден 460 теңгеге дейін көтерілді және одан әрі өсе береді.
Алкогольсіз сусын өндірушілердің көпшілігі қантпен қамтамасыз етілмегенін және оның қоры бірнеше күндік үздіксіз өндіріске ғана жеткілікті екенін атап кеткен жөн. Егер қант мәселесі жуық арада шешілмесе, онда көптеген кәсіпорын өз өндірісін жабуға және қызметкерлерін таратуға мәжбүр болмақ. Қазір алькогольсіз сусын өндірісі саласында 15 мыңнан астам адам жан бағып отыр.
Көтеріліп отырған мәселеге қатысты Алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығының жетекшісі Әлия Мамытбаева: «Өздеріңіз білетіндей, Ресей біржақты тәртіппен – Үкіметтің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 361 қаулысымен Ресей Федерациясынан ақ қант пен шикі құрақ қантын әкетуге тыйым салды. Бұдан басқа, 2018 жылы Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде ақ қантты баж салығынсыз әкелуге шектеу енгізілді. Бұл ретте Қазақстанда өндірілген қант саны бойынша да (қантты тұтынудың жалпы көлемі шамамен 582 мың тоннаны құрайды), сапасы бойынша да өнеркәсіптік тұтынушылардың қажеттіліктерін өтей алмайтынын атап өткен жөн. Сусындар өндірісінде, кейбір түрлерінде экстра санатындағы қант қолданылады, бұл Қазақстанда өнеркәсіптік көлемде өндірілмейді. Сонымен қатар ТС-2 санатындағы қант қазіргі уақытта өндірушілерге тәуліктік қажеттілікке сәйкес шектеулі режімде беріледі. Бұл өнеркәсіптік өндіріс үшін қолайсыз».
Дегенмен, индустрия жағдайды тұрақтандырудың келесідей мүмкіндіктерін қарастырып отыр: дағдарысқа қарсы шаралар кешені, оның ішінде 2021, 2022 жылдары шарт жасасқан компаниялармен Ресейдегі экстра санатындағы қантты әкетуге шектеулерді алып тастау; квоталау арқылы Қазақстан аумағында ресейлік қантты импорттауға рұқсат беру; үшінші елдерден ақ қантты әкелуге арналған арнайы инвестициялық келісімшарттар шеңберінде преференцияларды жаңарту.
Алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығы өтініш-хатында әкелу мерзімдерін ұзарту мен квоталар көлемін 250-ден 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жолымен ЕАЭО-ға мүше емес, үшінші елдерден Қазақстан Республикасының аумағына ақ қант пен құрақ шикі қантты әкелуге квоталауды пайдалануды жалғастыру қажеттігіне ерекше назар аударады. Ә.Мамытбаеваның айтуынша, аталған шараларды қабылдау қантқа қатысты жағдайды өзгертпейді. Жалпы, бүкіл индустрия үшін бұл шиеленісті жағдай болып қала береді. Қазіргі Қазақстандағы қант тапшылығы жағдайында жергілікті дилерлерге бағаны көтеруді манипуляциялауға тамаша қызмет жасалған, ал мемлекеттік органдар тарапынан қантты өнеркәсіптік тұтынушыларды қолдау бойынша шешімдер өте баяу қабылданады. Бұл мамыр-қыркүйек айларына тура келетін сату маусымы қызып, сауда жүретін кезеңде тіпті тиімсіз. Дәл осы аралықта компаниялардың шикізат, соның ішінде қант қорларын толықтыру қажет. Мұның салдары кәсіпорындардың тоқтап қалуына, қызметкерлердің жұмыстан босатылып, яғни әлеуметтік шиеленістің пайда болуына әкелуі ғажап емес.
Сондықтан қауымдастық өкілдері қазақстандық өнеркәсіптік қант тұтынушылары жергілікті қант өнеркәсібіндегі жағдайдың құрбаны болмауы керек, бір саланың мәселесі екіншісінің есебінен шешілмеуі керек деп есептейді. Қалай болғанда да, енді екі тарап үшін де проблемалар дәйекті, тиімді және уақтылы мемлекеттік қолдау шеңберінде шешілуге тиіс.
Ал елімізде жыл сайын 582 мың тоннадан аса қант тұтынылатынын, оның 50-55%-ын қантты өнеркәсіптік қайта өңдеушілер (кондитерлік өнімдерді, алкогольсіз сусындар мен шырындарды өндірушілер) пайдаланатынын айта кету керек. Сонымен қатар ресми деректерге сәйкес 2021 жылы Қазақстан Республикасына ақ қант импортының көлемі 308,4 мың тоннаға барса, импорттың жалпы көлемінде Ресей Федерациясының үлесі шамамен 90%-ды құрайды.
Құрамына 10 компания кіретін қазақстандық алкогольсіз сусындарды өндірушілер жылына жалпы есеппен 195 мың тонна қант пайдаланса, ай сайын 23 мың тонна тұтынады. Өндірушілердің басым бөлігі қантты жергілікті жеткізушілерден сатып алады.
Бағаның өсу динамикасына тоқталатын болсақ, 2022 жылдың басынан бері қант 36,1%-ға қымбаттады. Наурыз айының ортасында қанттың бір килосы орташа есеппен 396 теңгені құрады. Бір айдың ішінде бұл баға бірден 33,2%-ға көтерілді, жалпы бір жыл ішінде қант 50,2%-ға қымбаттады. Бағаның ең көп жылдық өсуі Алматыда (плюс 70,1%), сондай-ақ Қостанай (плюс 64,7%) мен Жамбыл облыстарында (плюс 60,5%) тіркелді.
АЛМАТЫ