Өңірдің тоғыз ауданында белгісіз мал ауруы пайда болды. Сол себепті мал ішінде өлім-жітім көбейіп тұр. Осы жылдың мамыр айына дейін 3,8 мың бас ірі қара, 1,7 мың бас қой-ешкі белгісіз ауруға шалдыққан.
Дерттің дендеп енген жері – Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылы. Бұл ауыл – малды, жанды елді мекен. Таратып айтатұғын болсақ, 5 мың халық мекен ететін атақоныста 10 мың қара мал, 15 мыңға жуық жылқы, 11-12 мың бас қой-ешкі бағылады. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, белең алған белгісіз ауру бүгін ғана пайда болып отырған жоқ, жаңа жыл өте осындай бір нәубеттің келіп қалғандығы туралы жаманат хабардан жалпақ ел құлағдар болған. Аяқтары жететін жерге дейін барып, сөздері жететін жерге дейін айтып, жанайқайын жеткізіп, дабыралап дабыл қаққанымен, ауыл тұрғындарының уәжіне елең ететін ешкім табылмады. Әуелі қара мал ауырыпты. Алғашқы белгісі сілекейінің тоқтаусыз көпіріп ағуы екен. Жылдағыдай үйреншікті жемшөбін жеп тұрса да, неге екенін кім білсін, іштері өткен. Әбден әлсіреген соң бірінен кейін бірі өле берген. Мал қыстату маусымында 200-ге жуық қара мал өлген. Әрқайсысының құны орта есеппен 300 мың теңгенің көлемінде деген күннің өзінде бір отбасының үш-төрт малы өліп жатса, қаншама шығын емес пе?! Қара мал қырғын тартқаннан кейін қой-ешкіні шығын деп есептеуге де шамалары жетпеген. Қыста қорада қамалып тұрған ауру мал жайылымға шыққан кезде сау малға жұқтырып, дерт деңгейі дүмеп сала берген. Жалғыз Еркіншілікте ғана емес, белгісіз аурудың қаупі облыстың біраз жерінде бар. Өткен екі жыл ішінде 139 бас мал өлген.
Малсақ қауымның айтуына қарағанда, мал ауруының белгілері аусылға ұқсайды. Ветеринарлық қызмет 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға 170 мәрте сынама жіберсе, осы жылдың алғашқы бес айында 38 сынама жөнелткен. Осылайша, 209 мәрте сынаманы зертханадан өткізгенімен, бұл аурудың құрамында аусылдың белгілері жоқ деген қорытынды шығарылып отыр.
Мамандардың айтуынша, белгісіз аурудан малды емдеу, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Мәселен, өткен жылы облыста 16 163 бас қара мал емделіп, жазылған. Биыл бес айда 1 520 бас қара мал, 320 қой-ешкі айтпай келген апаттың тырнағынан аман қалған. Бір ғажабы, ауру белгісіз делінгенімен, емі белгілі. Дерт тым көп таралған жердің бірі – Целиноград ауданы. Өткен жылы бұл ауданда мал дәрігерлері 5 177 малды емдеп, жазған. Сондай-ақ Қорғалжын, Аршалы, Ерейментау аудандарында да белгісіз аурудың алғашқы белгілері байқалып, қара мал мен қой-ешкі ауырған соң емделген. Міне, осы кезде дабыл қағып, қолдағы малды аман алып қалу үшін екпе егілу керек еді.
– Екпе егілмегеннен кейін белгісіз мал ауруы етек алып кетті. Аурудан өлген малдың өлімтігін ауыл тұрғындары қоқысқа апарып үйіп тастады. Кейін ауылдық округ әкімдігінің өкілдері өлімтіктерді күйдіріп жіберді. Негізі ол да ауруға жол ашуы мүмкін. Өлген малды садақа дер едің, төл де жоқ. Қара малдың да, ұсақ малдың да төлі туа салып өліп жатты. Өлі туғандары да бар, – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Серікбол Кенжебекұлы.
Серікбол Кенжебекұлының айтуына қарағанда, жаппай ауру көктем шыға басталған. Уақытында екпе егіп, белгісіз аурудың алдын алғанда мұндай болмас па еді.
– Енді несиеге мал алып, шаруамызды алға сүйрейміз деп ұмтылғандар қарыздарын қайтара алмай дал. Ауыл тұрғындарының 90 пайызға жуығы осы малдың сүмесімен күн көріп отырған адамдар ғой. Төрт түлігін тегіс қырып алып, жүген ұстап қалса, қайтып күн көрмек? Әйтеуір, күндіз-түні уайымға батқан жұрттың ішкені ірің, жегені желім болып отыр, – дейді Серікбол Кенжебекұлы.
Өткен қыста облыстағы бағымдағы мал азықтан тарылмағанымен, әлдебір себептерге байланысты ірі қараның біршама азайып кеткені туралы ақпарат айтылған еді. Ел ішіндегі малсақ қауымның пайымдауынша, ілгері басқан қадамды кері кетіріп тұрған жай белгісіз мал ауруы болып тұр. Осы арада белгісіз деген болжам туралы күдікті ойдың қылаң беретіні бар. Ықылым заманнан бері төрт түлік мал бағып келе жатқан малсақ қауым үшін ақ сүйек жұтпен пара-пар мал ауруының қай-қайсысы болсын белгілі-тұғын. Ал белгісіз деп күлбілтелеудің астарында қандай саясат жатыр?! Бәлкім, табынға келген топалаң туралы тәмам ел құлақтанса, мал етінің өтпей қалуы мүмкін бе? Жауырды жаба тоқып, бұл өзі бұрын-соңды болмаған белгісіз ауру деп жасыратын болсақ, етін жеп, сүтін ішкен халық жаппай ауруға шалдықпай ма? Мамандардың айтуына қарағанда, әлгі ауру өте жылдам тарайтын түрі бар. Қазіргі күні облыстың Астрахан, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Ерейментау, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары дерт ошағына айналған. Дабыл қағатын-ақ жай. Мыңдаған ірі қара ауырған соң аяқты мал жұқпалы ауруды жұқтырмай тұра ма? Белгісіз ауру меңдеген мың сан мал жайылған жайылым деміккен дерттің ошағы емес пе?! Мал сілекейі жайылымдағы шалғынға жұғып, сау мал да әлгі ошақтың оқпанында айдың-күннің аманында жұтылып жатса, тігерге тұяқ қала ма?
Дерт ошағы Ерейментау ауданында дендеп тұрғанын жоғарыда айттық. Аудандағы Ерейментау қаласы Ақмырза, Еркіншілік, Веренка және Еңбек елді мекендерінің жайылымдары мен 14 жайлауда бағылған мал ауруға ұшырап отыр. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ибрагим Балтабайдың айтуына қарағанда, мал дәрігерлері ауру алғаш белгілі болған күннен бастап жұмыс жүргізуде. Әйтсе де, екпе уақтылы егілмегендіктен, қауіптің бетін қайтару мүмкін болмай тұр.
Күні бүгінге дейін ауру белгілері байқалған 698 бас ірі қара мал мен 300-ге жуық қой-ешкі сауыққан. Ал 19 басы арам өліпті. Осы арада салмақтың мал иесіне түсіп отырғанын айта кетуіміз керек. Мамандардың айтуына қарағанда, мал ауруының нақты түрі белгісіз болғандықтан карантин жарияланбаған. Осы арасы мүлде түсініксіз. Қыруар малдың қынадай қырылып жатқанын көз көріп отыр. Сынамаға жіберілгенімен, аусыл ауруының белгісі жоқ деген қорытынды жасалуда. Карантин жарияланбаған соң мал иесіне өтемақы төленбейді. Ал жариялай қалса, мал ауруы етек алған жерден мал етін кім сатып алсын?! Біздіңше, мәселенің мәнісі осы түйінге келіп тіреліп тұр.
Ерейментау ауданының ветеринарлық стансасы ауруға шалдыққан малдарды емдеу үшін 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымды қаржыға дәрі-дәрмек сатып алған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл орайдағы шығынды мал иелерінің өздері өтейді. Ал ауру белгісіз болса, онда қалай емдемек? Айналып келгенде шоқпардың жуан басы төрт түлік малдың басын төлінің есебінен көбейтеміз деп несие алып, жатпай-тұрмай жұмыс істеп, жанталасып жатқан елге тигелі тұр. Ең дұрысы, ақиқатын айту, карантин жариялау, тиісті шараларды қолдану. Сонда ғана етек алып бара жатқан белгісіз ауру бірден сап тыйылмаса да, жайылу көлемі тарылар еді. Дәл қазір қалған малды аман сақтау басты уайым болып тұр.
Еркіншілік ауылындағы аса қауіпті мал ауруы белгілі болғаннан кейін сәуір айының 11-29 күндері сынамаға жіберілген. Келген жауап белгілі. Аусылдан аман. Ондай белгі байқалмады деген сыңайлы. Әзірге мал иелеріне сақтану қажеттігі ескертілуде.
Ақмола облысы