• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Мамыр, 2022

Қазақстанда ет қымбаттады

711 рет
көрсетілді

Ет және еттен жасалған өнімдер тағы қымбаттады, деп хабарлайды Egemen.kz EnergyProm-ға сілтеме жасап.

Мәселен, осы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша ет пен құс еті айына 2%-ға және жылына 14,8%-ға, шұжық өнімдері – айына 2,9%-ға және жылына 13,8%-ға, шошқа майы, турама, консервілер, котлеттер, жартылай фабрикаттар және ысталған ет сияқты ет өнімдері айына 2,1%-ға және жылына 13,6%-ға қымбаттаған.

«Биылдың алғашқы үш айында отандық кәсіпорындардың етті қайта өңдеу және консервілеу, сондай-ақ ет өнімдерін өндіру көлемі 101,1 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,8%-ға артық», дейді сарапшылар.

2022 жылғы қаңтар-наурызда ет және тағамдық субөнімдер өндірісі 85,1 мың тоннаны құрап, жылына 4,9%-ға артқан. Оның 18,1 мың тоннасы ірі қара малдың, ұсақ малдың, шошқаның, жылқының жас немесе салқындатылған етіне тиесілі, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артық.

«Жаңа піскен немесе салқындатылған құс етін өндіру бір жылда 8,3%-ға өсіп, 27,8 мың тоннаны құрады. 2022 жылғы қаңтар-наурызда еттен, ет тәріздес өнімдерден немесе қаннан дайындалған және консервіленген өнімдерді шығару 25,3 мың тоннаны құрап, 7,6%-ға артты», делінген хабарламада.

Отандық компаниялар 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында ет пен тағамдық субөнімдерге деген сұранысты өткен жылдағыдай 92%-ға қамтамасыз етті. Бұл ретте, тікелей құс еті сегментінде өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі небәрі 77,5%-ды құрады, қалғаны тиісінше импортқа түсті.

Ет және ет тәріздес тағамдардан жасалған дайын және консерві өнімдерге сұранысты қазақстандық кәсіпорындар 64,4%-ға қамтамасыз етті, бұл өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен бірдей көрсеткіш (64,9%). Шұжық өнімдеріне деген тікелей сұранысты жергілікті өндірушілер бір жыл бұрынғы 60,1% көрсеткішпен салыстырғанда, 61,7%-ға жаба алды.