• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2014

Абай ауылындағы айрықша кешен

319 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Абай ауданына жо­лымыз түсті. Аудан орталығы Қа­рауылда көкпеңбек шынылары жалтыраған әдемі ғимарат бой көте­ріпті. Шекесінде «Шыңғыстау спорт кешені» деп әдіптеліп жазылған. Алды қарақұрым халық. Кешеннің салтанатты ашылуына келген меймандарды кеңпейіл көңілмен қарсы алып жатыр. Ауылдың ақ кимешекті әжелері, асатаяқ ұстаған ақсақалдары, сайдауыт жігіттер мен көркем қарындастар мерекеге мереке қосқандай, айналаны көріктендіріп жіберген. Көктемнің соңғы жауған қарын да елең қылар емес. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында салынып, аудан жастарының игілігіне берілген «Шыңғыстау» спорт кешенінің ашылуына өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге абайлық ағай­ындарға айрықша тарту жасаған атымтай азамат Шыңғыс Құлжанов өзінің отбасымен қатысып, салтанатты сәттің куәсі болды. – Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев бұқаралық спортты, ұлт денсаулығын көтеруге ерекше ден қойып отырғанын білесіздер. Осы­ған орай қабылданған мем­лекеттік бағ­дар­ламалар халықтың спортпен айналысуына жол ашып отыр. «Шыңғыстау» кешені де жастарымыздың спортқа жаппай бет бұруына, денсаулықтарын нығайтуына үлкен мүмкіндік береді. Осы кешенде гір көтеріп, тер төккен, спорт үйірмелеріне қатысқан балаларымыз ертең еліміздің намысын қорғайтын чемпиондар болсын! – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы өз сөзінде «Туған жерге – тағзым» акциясы­на белсенді атсалысқаны үшін Құл­жановтар әулетіне алғыс айтты. Жобаның құны – 120 миллион теңге. Аталған қаражатты тауып беріп, атамекенінен алыс­та жүрсе де кіндік кескен алтын бесік ауылын ұмытпаған Шың­ғыс Құлжанов сауапты іске ай­налған идеяның 2012 жылы Лондон Олимпиадасы өтіп жатқан кезде туғанын жеткізді. – 2012 жылы отбасыммен Жи­дебайға демалысқа келдім. Сол уақытта Лондонда жазғы Олим­пия ойындары өтіп жатты. Ауыл азаматтары маған Қарауылдағы өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған ескі спорт залын көрсетті. Тозығы жеткен ескі ғи­маратты көргенде Абай ауданына жаңадан спорт кешенін салып беру туралы ой келді. Құрылыс жо­ба­лаушы мамандарға ойымдағы кешен­нің жобасын жасатып алған соң, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына көр­сеттім. Ол менің ұсынысымды қуат­тап, үлкен қолдау көрсетті. Мына зама­науи ғимарат – сол ойымыздың жемісі. Ендігі уақытта ауданның жас­тары бос уақытын ысырап қылмай, спортпен шұғылданып, болашақта биік тұғырларды бағындырады деп ойлаймын, – деді меценат Шыңғыс Құлжанов. Жарты жылдан астам уақытта салынған «Шыңғыстау» кешенінде бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен шұғылданатын жаттығу залы, сондай-ақ спортшылардың жуыну-шайынуына арналған монша, киім ауыстыру бөлмелері бар. Кешен соңғы үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Шыңғыстау» спорт нысанының ашылу салтанатына орай, сыңғырлаған ғимаратта екі жарыс қатар өтті. Атап айтқанда, облыс құрамасы мен аудан командасының былғары қолғап шеберлері арасында жолдастық кездесу, ерлер мен әйелдер күресінен облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл да заманауи ғимараттың ауқымды жарыс өткізу мүмкіндігін көрсетеді. Келешекте аудан орталығының өзінде ірі республикалық, халықаралық жарыс­тарды өткізудің орайы туды деуге болады. Ғимараттың ішкі қабырғалары Қазақстанның атын әлемге танытқан Олимпиада, Еуропа және Азия чемпиондарының суреттерімен әсемделіпті. Олардың сапында Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Е.Ыбырайымов және тағы басқа спорт саңлақтары бар. М.Таутанов сынды Абай ауданының атақты тумалары да бір бөлек сап түзеген. Мұның бәрі жас жеткіншектерді талаптандыратыны сөзсіз. «Қазақстан барысында» Шығыс өңірінің намысын жыртқан белгілі балуандар, Абай ауданының тумалары Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың жаттықтырушысы Шыңғыс Тұрсынов мұндай спорт кешенінің нәтижесі ертең осы елден шығатын спортшылардың бағындырған биіктіктерінен көрінетінін жеткізді.   Ал ауданның бұрынғы ескі бокс және күрес залы аудан әкімшілігі тарапынан қайта жөндеуден өткізіліп, аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауыл балаларына арналған шағын интернатқа айналмақ. Спорт кешенінің ашылу салтанаты мә­де­ниет үйінде «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің концертімен жалғасты. Жергі­лікті зиялы азаматтардың, халықтың тама­ша­лауымен өткен кеш жоғары деңгейде ұйым­дастырылуымен жан жадыратты. Абай ауданының ардагерлері Хафиз Ма­таев пен Нәсен Сембаев осы игілікті істі ұйым­дастырған облыс және аудан басшыларына, кәсіпкерге рақмет айтып, батасын берді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы. ___________________ Суретті түсірген Есімхан Орынбаев.