Kostanay plaza сауда орталығының жертөле қабатына орналасқан жаңа дүкенде жергілікті 50 шақты шағын шаруашылықта өндірілетін ет, жұмыртқа, балық, бал, сүт, көкөніс сияқты ауылшаруашылық өнімдері сатылатын болады.
Сауда орнының әкімшісі Мұхаметқали Әріпханның айтуынша, өзге сауда орындарына қарағанда, мұндағы тауарлардың бағасы әлдеқайда арзан. Өйткені сертификатталған сапалы өнімнің бәрі фермерден тұтынушының қолына ешбір делдалсыз тікелей тиеді.
– Мұнда сатылатын тауардың негізгі бөлігін Қостанай ауданының фермерлері өндіреді. Мәселен, осы ауданда ешкі бағатын шаруашылық ешкі сүті мен ірімшік, сүзбе секілді денсаулыққа пайдалы өнімдерін сауда сөресіне шығарды. Ең бастысы, тұрғындар арзан әрі сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр, – деді М.Әріпхан.
Жаңа ашылған сауда орны, әсіресе бал бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер үшін тиімді болып отыр.
– Біздің жекеменшік омартамыз бар. Қарақұмық балын 1400 теңгеден, әртүрлі өсімдіктерден жиналатын балдың килосын 2800 теңгеден сатып жатырмыз. Мұндай сауда орталығын көптен күтіп жүр едік. Бұрын дүкендердің кіреберісінде, көшеде, көк базарда тұрып сатуға тура келетін. Енді арнайы сауда орнымыз бар, мүмкіндігіміз де кеңейе түсері сөзсіз, – деді омарташы Татьяна Крекер.
Фермерлер дүкенінің ашылу рәсіміне келген тұрғындардың көптігінен сауда сөрелеріндегі тауарлар тез өтіп кетті. Ал сөресі босап қалған дүкеншілер алдағы уақытта тауардың көлемін арттырамыз деп уәде етті.
Қостанай облысы