Сенатор Андрей Лукин еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат келтірген мәліметтер бойынша, 2019 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылыс нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жасаған. Нәтижесінде жобалау жөніндегі инженерлік жұмыстар нарығында жеке бизнеспен қатар квазимемлекеттік сектордың компаниялары да жұмыс істейтіні анықталды.
«Алайда, Агенттік ұзақ уақыт әрекетсіз отырды және заң ережелерінің бұзылуына қатысты шаралар қабылдамады. Агенттік тек Бас прокуратураның араласуымен ғана сотқа жүгінді. Сонымен қатар мұндай іс-әрекеттер Агенттіктің компанияның Жарғысына өзгерістер енгізуге оң қорытынды беруімен ғана келісілмейді, бұл оның жаңа редакцияда бекітілуіне негіз болды. Осылайша, монополияға қарсы орган алдымен институттың бәсекеге қабілетті қызметті жүзеге асыруына ресми келісім береді, содан кейін оларды жарғыдан шығаруға мәжбүрлеу туралы сотқа талап арыз беріп отыр», деді Андрей Лукин.
Сенатор осылайша тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне сапасыз талдау жүргізу, енгізілген нұсқаулыққа бақылаудың болмауы, сотқа талап қою кезінде әуре-сарсаңға салу, сотқа дәлелдердің берілмеуі және дәйексіз шешімдер қабылдау компанияға бәсекелестік қызметті жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Осыған байланысты Үкіметке аталған фактілерді жоюды, бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жасауды және берілген нұсқаулықтардың орындалу мәселелерін бақылауға ала отырып, жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды, нұсқаулық орындалмаған жағдайда нарық субъектісін, мемлекеттік органды, жергілікті атқарушы органды монополияға қарсы органның нұсқауын орындауға мәжбүрлеу туралы талап-арызбен сотқа жүгіну туралы мәселені дереу қарауды ұсынамыз», деді сенатор.