Биыл кеншілер астанасында облысты түгелдей қамтитын балалар ауруханасы есігін айқара ашпақ. Бұл елеулі оқиғаның «Балалар жылына» тұспа-тұс келіп отырғанының өзі қуанышты еселей түседі. Бұл – бір. Екінші жағынан, медицина саласы мамандары келтірген деректер бойынша, соңғы жылдары жаңа туған нәрестелер арасында аурушаңдық белең алған екен. Ал жаңа нысанның бұл қатермен күресте мықты құрал болары сөзсіз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жиенбаева жаңа мекеменің іске қосылуы диагностикалық қызметтердің сан саласын көбейту есебінен медициналық көмек сапасын арттыруға, емдеу іс-шараларының аясын кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін айтады.
Мысалы, жаңа ауруханада күйікке қарсы «Клинитрон-Clinitron» маркалы кереует болады. Бұдан бөлек өте ауыр күйік жарақатын алған балалар бұл жерде кешенді түрдегі медициналық көмек алады. Күйік демекші, мамандар айтқан деректерге сүйенсек, ауруханаға түскен үш жасқа дейінгі балалардың 80%-ға жуығы күйік жарақатынан зардап шеккендер екен.
Жаңадан пайдалануға берілетін ауруханада білікті мамандар жас балаларды қинап жүрген сан алуан сырқаттан емдейді. Мысалы, мұнда құлағы мүлде естімейтін кішкентай пациенттерге есту протезін салу мүмкіндігі қарастырылған. Мұның өзі қос құлағы мүкіс жас пациенттерді басқа жақтан ем іздеп сарылудан құтқарады деп сеніммен айтуға болады.
Сонымен қатар жаңа медициналық мекемеде травматология және ортопедия, оториноларингологиялық бөлімше базасында бет-жақ хирургиясы жұмыс істемекші.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жиенбаева «Балалар жылы» аясында нәрестелер арасындағы есту, көру, сөйлеу ауытқушылықтарын және туабітті гипотериоз дертін анықтау мақсатында жыл сайынғы алдын алу және скринингтік тексерулер жүргізудің жалғасатынын айтады.
– Неонаталды скринингтен жаңа туған нәрестелердің бәрі өтеді. Ал офтальмологиялық скрининг шала туған балалар үшін жүргізіледі. Мысалы, осы жылдың төрт айы ішінде 382 нәресте скринингтен өтті және олардың 33-іне қазіргі таңда операция жасалды. Аудиологиялық және психофизикалық скринингтер перинаталды орталық пен перзентханаларда ғана емес, сонымен қатар емханаларда да жасалады, – дейді Г.Жиенбаева.
Мамандар келтірген дерек бойынша, бүгінге дейін аудиологиялық скринингтен өткен 312 баланың ішінде 52 кішкентай пациент және психофизикалық тексеру жасалған 70 мың баланың 281-і психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация көмегіне жүгінуге жіберіліпті.
Жалпы, өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларды сауықтыруға баса мән берілген. Мысалы, облыста бүгінде 150 орындық республикалық «Үміт» сауықтыру орталығы қалыпты жұмыс істейді. Бұдан бөлек Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы үш бірдей орталық мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде медициналық қызмет көрсетеді. Міне, осы медициналық мекемелерде биыл кәмелет жасына толмаған 1 700 мүгедек бала ем-дом қабылдаған.
Құрылысы ұзаққа созылып кеткен жаңа аурухананың биыл пайдалануға берілетініне ауру-сырқауы бар балалардың ата-аналары ғана емес, медициналық мамандар да қуанышты. Осы орайда облыстық балалар клиникалық ауруханасының директоры Арғын Бидайбеков ендігі уақытта жас пациенттерді емдеудің 200 орындық кең және заманауи құрал-жабдықпен қаматамасыз етілген ауруханада жаңа мүмкіндіктер мен жан-жақты жағдайларға сай сапалы болатынын айтады.
Қарағанды облысы