Ұлытау ауданында 8-10-сыныптардың оқушылары арасында өткен «Үздік блогер» байқауында Назерке Әбжамал топ жарып шықты. Дарынды жас қазылар алқасының талқысына «Менің өмірімнің бір күні» атты блогын ұсынған болатын.
Жеңімпаздың бес минуттан тұратын ролигінде қолға алған тақырып кеңінен қамтылған. Мысалы, өзінің еңбегінде ол бір күндік кестені көрсетіп қана қоймай, білім жолындағы ізденісінің де жай-жапсарын жан-жақты аша алған.
Назерке Абжамал Ұлытаудағы №1 тірек мектебінің 9-сыныбында оқиды.
– Бесінші сыныптан бастап бейнетүсірілім мен әлеуметтік желілердегі өз роликтерімді жарнамалаумен айналысып келемін. Бір жылдан бері мектептің Instagram-парақшасын жүргіземін, – дейді Назерке.
Байқауды ұйымдастырушылардың бірі Ulytau Media School жас журналистер мен блогерлер жетекшісі Думан Әден сайыста 56 үміткердің бақ сынағанын айтады.
– Байқау «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып, 56 қатысушының арасынан 33 оқушының блогтары таңдап алынды. Олардың жұмыстарын құрамына білікті мамандар енген қазылар алқасы бағалады. Бірінші орынды №1 тірек мектебінің оқушысы Назерке Әбжамал алса, екінші жүлдені №11 ЖББОМ 8-сынып оқушысы Гүлзат Шүкірова және үшінші орынды №1 тірек мектебінің 10-сынып оқушысы Маржан Шабаз иеленді, – деді ол.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ байқаудың жеңімпазы «Ұлт ұясы – Ұлытау» туристік өлкетану экспеди-
циясына жолдама алса, екінші және үшінші жүлде иегерлері «Дала LIFE» этнолагерінде демалатын болды.
ҚАРАҒАНДЫ