Республикалық маңызы бар көлік жолдарының ұлттық операторы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жаңа технологияларды сынақтан өткізу және енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы жол-құрылыс маусымы аясында Р-2 «Нұр-Сұлтан - Қорғалжын» республикалық тас жолының учаскесінде жол жабынындағы шұңқырларды жөндеу кезінде Венгрия өндірген «RapidAszfalt» суық асфальт қоспасын апробациялау басталды. Жаңа технологияның артықшылығы - оны қандай да бір дайындық жұмыстарынсыз, қыздырмай-ақ және қоспаларсыз пайдалана беруге болады.
Сондай-ақ бұл технологияны қолданған кезде ауыр арнайы техниканың қажеті жоқ, яғни, қолмен нығыздау және вибро-машина ғана жеткілікті. Суық қоспа тез қатаяды, соның арқасында жөнделген аймақты бірден ары қарай қолдана беруге болады.
Өндірушілердің ақпаратына сәйкес «RapidAszfalt» технологиясын ауа-райы суық болған кезде де қолдана беруге мүмкіндік бар. Ол өз қасиеттерін -20°C-дан + 50°C-қа дейін сақтайды. Апробация сәтті өткен жағдайда аталған технологияны жол-құрылыс саласына енгізу жоспарланып отыр.