Әлжан Қарабайұлы 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің мыңбасы және бас сардар Амангелді Имановтың сенімді серігі болған. Қазір құнды жәдігер Қостанай облысы Амангелді аудандық мемориалдық музейінде сақталған. Оны мұражайға қарт қаламгер Бөгетбай Әлмағамбетұлы тапсырған.
Жоғарыда аталған мемориалдық музейдің директоры Сахан Төленовтің айтуынша, кісе белбеуді Торғай өңіріне танымал ұста Сәдуақас Көбентайұлы жасаған. Жалпы, Әлжан атамыз қияпатты, жанары өткір, сұсты адам болған. Дүниеден озғанша кісе белбеуін белінен шешпеген. Тіпті ол кісінің кісе белбеуімен түскен фотосы ұрпақтарында сақталған болуы керек.
Амангелді аудандық газетін ұзақ жылдар басқарған қаламгер Бөгетбай Әлмағамбетұлы өзінің 2000 жылы жарық көрген «Торғайдағы азаттық көтерілісі» атты тарихи очерк-зерттеуінде 1916 жылы Торғай өңірінде болған көтерілістің шығу себебіне тоқталып, бұрын жариялана қоймаған тың деректерді келтірген. Сонда Әлжан Қарабайұлы басқарған жасақтың патшаның жазалаушы отярдына тұтқиылдан соққы беріп, бірнеше тойтарыс бергенін жазады. Сондай-ақ ержүрек мыңбасының жасынан найзагер, батыр болғанын айтады. «Әлжан – найзагер адам. Бұрын қазақтың өзара қақтығысында кісі өліміне жол бермес үшін найзамен санның қоң етінен шаншып, аттан түсіру немесе арқадан ұрып құлату әдісі болған. Әлжекең осындай қақтығыстарда найзагерлігімен көзге түскен. Осындай бір қақтығыста Бірәлінің Сұлтанын найзамен шаншып түсірген», дейді.
Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Батырдың биік тұлғасы» атты мақаласында «Амангелді Иманов туралы дұрыс мәлімет беріп, шындықты айтқан Әлжан Қарабаев» деп атап көрсетті. Қарт журналист Бөгетбай ақсақалдың жазуынша, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Әбдіғапар, Амангелді, Кейкі батырлардың досы, серігі Әлжан әділ адам болған. Соның бір мысалы: Әлжан қария біраз жылдар бойы жалғыз ұлы Әбсадықтың жоғары заң оқу орнын бітірсе де, өз мамандығы бойынша заң орындарында қызмет істеуін қаламаған. Сондағысы «біреудің обалына қалып, қиянат жасап, қарғысын аласың» дейді екен.