• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Мамыр, 2022

«Ролан Гаррос» басталды

133 рет
көрсетілді

Францияның астанасы Парижде «Ролан Гаррос» турнирі басталды. Жүлде қоры 43,6 млн еуроны құрайтын «Үлкен дулыға» санатындағы жарыста биыл да атағы алысқа жайылған теннисшілердің басым бөлігі өнер көрсетуде. Солардың қатарында Қазақстанның да өкілдері бар. Әйгілі ойыншылар арасынан тек франциялық Гаэль Монфис пен ресейлік Анастасия Павлюченкова ғана түрлі себептерге байланысты Парижге келуден бас тартты.

131 жылдық тарихы бар «Ролан Гарроста» табысты өнер көрсету қай теннисшіге болсын үлкен абырой және зор мәртебе. Бұл ретте ре­кордтық көрсеткіш Рафаэль На­даль­ға тиесілі екенін айта кеткен абзал. «Грунт королі» атанған 35 жастағы Испанияның саңлағы 2005-2020 жылдар аралығында 13 мәрте теңдессіз деп танылды. ХХ ғасырдың басында даңқы дүркіреген Францияның мақтанышы Макс Декюжи сегіз дүркін жеңімпаз атанды. Швецияның беткеұстары Бьорн Борг алты жарыста алдына жан салмады. Оның жұлдызы өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдарының басында жарқырай жанды. Тағы бір француз теннисшісі Анри Коше 1922-1932 жылдар аралығында бес турнирде топ жарды.

Әйелдер арасында Крис Эверт­ке тең келер ешкім жоқ. АҚШ-тың Флорида штатының тумасы бас жүлденің жетеуін олжалады. Ол 1974-1986 жылдары ешкімді бет қаратпады. Франциялық Сюзан Ленглен мен германиялық Штеффи Граф алты додада дара шықты. Аустралиялық Маргарет Корттың бес мәрте мерейі үстем болды.  

Былтырғы жарыстың бас жүлдесі сербиялық Новак Джоко­вич пен чехиялық Барбора Крей­чиковаға бұйырды. Финалда Джокович Грекияның өкілі Сте­фанос Циципасты ұтса, Крей­чикова ресейлік Анастасия Пав­люченкованы жеңді. Ерлер­дің жұптық сайысында Александр Бублик пен Андрей Голубев керемет өнер көрсетті. Қарсы келгендерді қоғадай жапырған олар ақтық сынға дейін ал­қынбай жетті. Алайда финалда жерлестеріміздің жолы болмады. Қазақстандық жұп Францияның мықтылары Николя Маю мен Пьер Юг-Эбергке 6:4, 6:7, 4:6 есебімен есе жіберді. Әйел­дер сайысы че­хиялық Бар­бора Крейчикова мен Катерина Си­ня­кованың айқын жеңісімен аяқталды. Аралас жұптар бәсе­кесінде америкалық Дезайр Кравчик пен ұлыбританиялық Джо Солсберидің бағы жанды.

Былтыр Александр Бублик пен Андрей Голубевтің «Ролан Гар­ростың» финалына дейін жет­кенін жоғарыда айттық. 2015 жылы аустралиялық Кейси Дел­лакквамен жұп құрған Яро­слава Шведова да дәл осы межеден көрінген еді. Финалда олар америкалық Бетани Маттек-Сандс пен чехиялық Луция Ша­фаржоваға 6:3, 4:6, 2:6 есебімен жол берді. Міне, қазақстандық теннисшілердің Фран­циядағы турнирде ең табысты өнер көрсеткен кездері осы. 

«Ролан Гарростың» жекелеген сайысында күні бүгінге бірде-бір жерлестеріміз ширек финалдан аса алған жоқ. Ярослава Шведова 2010 мен 2012 жылдары және Юлия Путинцева 2016 мен 2018 жылдары таңдаулы сегіз ойыншының қатарына қосылды. Былтыр Елена Рыбакина да дәл сол межеге жетті. Аталған додада франциялық Эльза Жакемо, жапониялық Намбо Хибино, ре­сейлік Елена Веснина және даңқы жер жарған АҚШ-тың ойыншысы Серена Уильямсті сан соқтырған жерлесіміз жартылай финалдың жолдамасы сарапқа салынған бәсекеде Ресейдің беткеұстары Анастасия Павлюченковадан 7:6, 2:6, 6:7 есебімен жеңілді.

Елена Рыбакина, Юлия Пу­тинцева және Александр Буб­лик биылғы жарысқа қатысу мүм­кіндігіне бірден ие болды. Себебі олардың барлығы да дүние­­жүзілік рейтингте «ТОП-40» ойыншының қатарына еркін еніп отыр. Алғашқы айналымда Рыбакина нидерландтық Аранча Руспен шеберлік байқасады. Тұсау­кесер кездесуін Путинцева румыниялық Ирина Бараға қарсы өткізеді. Ал Бублик франциялық Артур Риндеркнешпен күш сынасады.

Тағы бірнеше отандасымыз іріктеу турниріне қатысты. Өкі­нішке қарай, тұсаукесер кез­десулерінде Зарина Диас ресейлік Анастасия Гасановадан, Дмитрий Попко аргентиналық Хуан-Иг­насио Лондеродан ұтылды. Олар­ға қарағанда Тимофей Ска­тов тәуір ойнады. 21 жастағы Тимофей алғашқы айналымда америкалық Митчелл Крюгерді 6:1, 6:0 есе­бімен ойсырата ұтты. Екінші ке­зеңде ол Аргентинаның жас дарыны Сантьяго Фа Родригес Тавер­номен күш сынасты. Бұл ойын 7:5, 6:1 есебімен Оңтүстік Аме­рикадан келген ойыншының пай­дасына шешілді. Сөйтіп, «Ролан Гарростың» негізгі бөлі­гінде Қазақстанның үш теннисшісі ғана өнер көрсетеді.