Баспана мәселесі қашанда өте күрделі. Халықты қолжетімді баспанамен қажетінше қамтамасыз ету мемлекеттің іс-қимыл стратегиясының негізгі бағыттары екендігі әлімсақтан белгілі. Құрылысшылар қауымы елімізде 5 маусымда өтетін референдумға бір кісідей қатыспақ. Өз таңдауларын жасаса, саладағы түйткілді мәселелер де түбегейлі шешілер деген үмітте.
Қазақстан құрылысшылар одағы – аумағы әлеуетті қоғамдық құрылым. Еліміздің 1214 компаниясын біріктіріп отыр. Одақ басшысы Талғат Ерғалиевтің айтуына қарағанда, бүгінгі күні әрбір аймақты аралап, құрылыс ұйымдарының тыныс-тіршілігін бағамдап, үй салу барысында кездесетін үйдей мәселелерді шешуге ұмтылуда.
«Жолдауда айтылған мәселелерді құрылысшылар да қызу қолдауда, үмітіміз де жоқ емес. Саланың серпін алар түйінді тұстары ескеріліп, оңынан шешілсе, игілігін ел көрер еді. Қазір тұрғын үй бағасының қымбаттап кеткендігі баршаға белгілі. Оның өзіндік себептері де бар», дейді Талғат Ерғалиев.
Аймақтарды аралап, мән-жаймен етене жақын танысып қайтқан одақ басшысының пікірінше, ел халқын тұрғын үймен қамтамасыз етудің бір жолы – әрбір қазақстандыққа он сотық жер телімін беру. Міне, сол кезде тұрғын үйге зәру болып жүрген адамдардың қолжетімді баспанаға ие болуы ықтимал. Баспана мәселесі әбден ширыққан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау тәрізді еліміздің үлкен қалалары маңында баспанасыз жүрген адамдарға тиісінше жер телімдері берілсе, шиеленіскен әлеуметтік жай оңынан шешілер еді.
Мұндай шағын аудандарды қалыптастыру үшін 25 трлн теңге қаражат қажет екен. Осы қаражаттың 20 пайызы электр желілері мен шағын ауданішілік жол салуға әбден жетіп жатыр. Қолынан іс келетін әрбір отағасы баспанасын өзі салып алса, ең тиімдісі осы болмақ. Өйткені жоғары пайызбен ипотекалық несие алып, ұзақ жыл бойы қарызды өтегеннен де әлдеқайда арзанға түсер еді. Мүмкін құрылыс материалдарын 15-20 жыл мерзімге несиеге алуға болар. Егер жекеменшік үйлер көптеп салынса, ірі мегаполистердегі баспанаға деген сұраныс азайып, бәсекелестік пайда болып, әрбір шаршы метрдің құны да төмендеуі мүмкін.
«Қазір бағаның неліктен тым қымбат болып отырғандығын таразы басына тартып көрелік. 2019 жылы мемлекет әр шаршы метрдің құнын 160 мың теңге деп есептеген, одан бері өзгерген жоқ. Ал құрылыс материалдары жыл сайын емес, ай сайын қымбаттап жатыр. Кейбір материалдардың құны тіпті 150-200 пайызға дейін көтеріліп кетті. Бұл арада мынаны түсіну керек, өзіндік құн деген бар. Мәселен, құрылыс компаниясы көпқабатты тұрғын үй салды екен делік, ол тек пәтерді ғана салып шыққан жоқ, оның айналасын абаттандыруға, көгалдандыруға, лифті қоюға қаражат жұмсады. Сондай-ақ тұрғын үй тек пәтерден тұрмайды, оның кіреберісі, баспалдағы бар дегендей. Осының барлығы жиналып келіп өзіндік құнды құрайды», дейді одақ басшысы.
Ендігі бір мәселе құрылысқа қажетті материалды жергілікті жерде өндіру және оның сапасы алыс-жақын шетелден ағыл-тегіл келіп жатқан материалдан кем болмауы керек. Сонда ғана бәсекелестікке түсуге жарайды. Егер қажетті құрылыс материалдарын өзімізде өндірсек, әрине, тұрғын үй бағасына әсер ететіндігі даусыз. Қазіргі күні шетелден тасымалданатын құрылыс материалдары былай тұрсын, жергілікті жердің өзінде өндірілетін қиыршық тас пен құмның бағасы да аспандап кетті.
Әлеуметтік мәселені жергілікті жерде шиеленістіріп тұрған өте өткір жай – жер телімін алу үшін ұзын-сонар кезектің пайда болуы. Тіпті Көкшетаудың өзінде ондаған жыл бойы сарылып кезекте тұрғанымен, жер теліміне қол жеткізе алмай келе жатқандар көп. Ірі мегаполистерді айтасыз, қазір ауылдық жерлердің өзінде осындай ақылға сыймайтын жай орын алуда. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Садовый ауылында жер телімі кезегінде 200-ден астам адам тұр. Ауылдық жерде үй салуға жер жетеді ғой деп ойлағаныңызбен, шымбайға бататын шындық осы. Мәселенің байыбына бармақшы болып індете іздеп көргенімізде, көз жеткізгеніміз жергілікті биліктің жер телімдерін бөлудегі оралымсыздығы. Ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер үйдің іргесіне дейін жыртып егін егіп отыр. Осыдан ондаған жыл бұрын берілген рұқсаты бар. Ал ауылдағы жас отбасылары үй салу үшін жер телімін ала алмай зар қақсап отыр. Басқасы басқа, осындай мәселені шешуге болар еді. Сонда әлеуметтік мәселе де шиеленіспес еді.
«Әрбір шаршы метрдің қымбаттап кетуі жалғыз құрылыс материалдарының бағасына байланысты емес. Қолынан іс келетін құрылысшы табу қиынға айналды. Облыс орталығындағы жұмыспен қамту орталығына жиі барып тұрамын, жұмысшы сұраймын. Ешқандай мамандығы жоқ адам болса да жұмысқа алар едім. Қара жұмыс істеп қаражат тапса, айыбы жоқ қой. Ал тас қалаушы, краншы, дәнекерлеуші, әрлеуші тәрізді мамандық иелері қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Шынтуайтында, жастарды еңбек етуге тәрбиелеу, адал еңбектің дәмін татуға баулу мәселесін назардан шығарып алдық. Біз Жаңа Қазақстанды баршамыз болып бірлесе еңбек еткенде ғана құрамыз. Сондықтан әркім өз қолынан келетін істің нағыз маманы болып, еңбек етуіміз керек», дейді Көкшетау қаласындағы «Жакупов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сайран Жақыпов.
Құрылыс компаниясы басшыларының айтуларына қарағанда, қазір үй салуға рұқсат алу қиын. Бұл тұстағы безбүйрек бюрократтық баз баяғы қалпында.
Ендігі бір мәселе – тұрғын үйдің сапасы. Кейінгі жылдары облыс орталығында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің сапасына өкпе айтушылар аз емес. Оның үстіне мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлер ұлттық нақыштан ада, сұрқай кейіпте. «Әрбір үйді архитектуралық безендіру тым қымбатқа түсетін еңбек, жобасын жасауға да қыруар қаржы жұмсалады. Бір жасап алған жобамен үй сала беруді доғарған жөн. Сонда ғана елді мекеннің көркін жақсартуға болады», дейді жеке кәсіпкер Сайран Жақыпов.
Саладағы салмақты дүние аз емес. Одақ басшысы Талғат Ерғалиевтің есептеуінше, дәл қазір елімізде тұрғын үйге зәру 11 млн адам бар. Бұл мәселені шешу үшін құрылыс саласына берілетін жеңілдетілген несие көлемі көбейтілуге тиісті. Сонда қаражатқа зәру компаниялардың тынысы ашылып, жұмыс алға жылжитын болады. Қалай болған күнде де құрылыс саласының қиындығы шаш етектен екені белгілі болып отыр. Ендігі үміт, жаңарған дүниенің жасампаз бастамалары.
Ақмола облысы