АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегі «Qazaq style» деген бүркеншік есіммен танылған Жәнібек Әлімханұлы мен ұлыбританиялық Дэнни Дигнум арасында өтті.
Бұл жекпе-жекте WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы «уақытша» әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Лас-Вегаста қарсылас атанған боксшылар бір-бірін бұрыннан жақсы танитын болып шықты. Осыдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2013 жылы Қазақ еліне Ұлыбритания боксшылары келіп, біздің жігіттермен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Сол кезде олар спаррингке шыққан екен. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Дэнни: «Иә, сол кезде Жәнібекпен жолым түйіскені рас. Бірақ бұл жаттығу жиыны болғандықтан, құмарымыз қанғанша айқаса алмадық. Тек бір-екі раунд қана қолғап түйістірумен шектелдік. Одан бері талай жылдың жүзі болды. Уақыт оза екеуіміздің де шеберлік деңгейіміздің артқаны анық. Ал менің қаншалықты өскенімді алдағы жекпе-жекте анық байқайтын боласыздар», деп ақтарыла сөйлеген еді.
Барша қазақстандық жанкүйер тағатсыздана күткен бұл жекпе-жек ұзаққа созылмады. Бәсеке басталған бетте Жәнібек қарсыласын бірден қыспаққа алды. Жойқын соққыларын дәл дарытып, оған еш бас көтерткен жоқ. Бірінші раундтың өзінде нокдаун белгіленді. Төреші онға дейін санағанша Дигнум есін жиып үлгерді. Бірақ қазақ боксшысы қарқынын еш бәсеңдетпеді. Үнемі шабуыл өтінде жүрген Әлімханұлы екінші раундтың соңғы минутында британиялықты керме арқанға тіреп қойып, оңдырмай сабады. Үш-төрт ауыр соққы дәл тигеннен соң Дэннидің қорғануға да шамасы келмеді. Соңында Жәнібек сол қолымен иектің астынан оңдырмай ұрды. Осы апперкоттан кейін қарсыласы есінен танып, еденге оңбай құлады. Нокаут!
Иә, бұл кеште бәрі қазақша болды. «Дэнниді ұрып жығамын» деген Жәнібек сөзінде тұрды. «Бүгінгі кеште «Қазақ стилінің» құдіретін күллі әлемге паш етемін» деген қандасымыз жоспарын ойдағыдай жүзеге асырып, көздеген мақсатына қол жеткізді. «Уақытша» әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жектің алты минутқа жетпей аяқталуы жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Ол аз десеңіздер, осы кездесу қарсаңында да, кездесуден кейін де ағылшынша қойылған сауалдардың барлығына Әлімханұлы тек өзінің ана тілінде ғана жауап берді. Осы жайттың өзі батылдық пен батырлықтан бөлек, кейіпкеріміздің бойында қазақы рух пен қазақы намыстың да басым екенін анық аңғартты.
Осылайша, 29 жастағы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі өзінің 12-ші жекпе-жегін өткізді. Сол бәсекелердің барлығында жеңіске жетіп, сегіз қарсыласын нокаутқа жіберді. Енді барша Алаш жұрты қандасымыздың «толыққанды» әлем чемпионы атағы үшін таласатын сәтін тағатсыздана күтеді. Ол күнге де аз қалды, ағайын!