• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 23 Мамыр, 2022

Референдум ешкімнің өмірін айналып өтпейді

443 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін елімізде Ата Заңға өзгерістер енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдум өтеді. Конституциялық өзгерістер отандас­тарымыздың ешқайсысының өмірін айналып өтпейтіні аян. Кейінгі уақытта бұл мәселеде биліктің белсенділік танытуы, ақпараттық-насихат жұмыстарының жандана түсуі де заңдылық.

Осыған орай Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев республикалық рефе­рен­­думға байланысты Алматы қала­сын­дағы шығармашыл интеллигенция өкілдерімен кездесті. Кездесуге тәуел­сіздік жылдарының бедерінде әр салада танылған орта буын өкілдері қатысты.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев қаңтар оқиғасы, қоғамда жүріп жатқан өзге­рістер, қылмыстық тергеулер, сы­бай­лас жемқорлыққа байланысты шешімдер әрбір азаматты алаңдататынын айта келе, жиналғандарды еркін пі­кір алмасуға шақырды. Мемлекетті сақ­тау, тәуелсіздікті нығайту, елімізді эконо­микалық тұрғыдан табысты етіп, демо­кратияның даму даңғылына түсу – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін көкей­кесті мәселе екендігін алға тартқан ол орнықты ұсыныс, елдің келешегіне пайдасы бар, електен өткен пікір билік тарапынан ескерусіз қалмайтынын айтты.

Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда сөз алғандардың бәрі қандай мәселе болса да ұсыныс айтуда, пікір білдіруде ашық және әділетті болуға ұмтылды. Бір жағынан кездесудің еркін әрі шынайы пікірталасқа құрылуына Президент кеңесшісінің ғылым, өнер, әдебиет, БАҚ саласындағы тұлғалардың еңбектерінен жақсы хабардар болуы, сол ортамен замандас және өзі де шығармашыл қауымның белді өкілі екендігі ықпалын тигізді деуге болады.

Ақын Маралтай Райымбекұлы референдум ертеңімізді бағдарлайтын маңызды да жауапты іс-шара екенін айтып, саяси науқанға қатысты азаматтық ұстанымын ортаға салды. Ақын сөзін күллі Шығыс шайыры Жүсіп Баласа­ғұнидің құқықтық қатынастардың сақ­талуы мен заңдардың үстемдік құруы жайындағы өлеңімен аяқтады. Ал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды өнер мен саясаттың байланысын, жалпы шығарма­шыл ортаның саяси сауаттылығы, елдің жаңа Президентке деген сенімі туралы сөз қозғады. Актер елдің Президентке сенетінін, енді осы сенімді сақтау мен ақтау жолындағы бастамаларды қолдау тұрғысындағы ұсыныстарын жеткізді.

Саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдін демокра­тиялық өзгерістер жүргізудің уақыты әлдеқашан келіп жеткенін алға тартты. Ол конституциялық реформалар жүргізу арқылы Президент өзіне тағдыр­шешті жауапкершілік алып тұрғанын, маңызды шешімдер қабылдауда бір мәмілеге келу келешекте сөзсіз жемісін беретінін және халықтың өзі де осыған мүдделі болып отырғанын кеңінен түсіндірді. «Президент биліктің барынша шыншыл және оның ең өзекті мәселелерді әділетті түрде шешуге ұмтылып отырғанын көрсетті. Бәріміз де өмірімізді еліміздің болашағымен байланыстырамыз және сол жарқын келешек үшін жауапкершілікті де сезінеміз», деді Н.Сейдін.

Айтыскер ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов референдум өткізуді толық қолдай­тынын, алайда көңілінде жүрген түйткілді мәселелерге қатысты үш түрлі ұсынысын ортаға салды. Бұл – тіл мәртебесі, білім сапасындағы кемшіліктер мен ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттаудағы олқылықтар туралы болатын. Айтыскердің ойын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орынбасары Бақыт Беделханұлы да қуаттап: «Тест тапсыру баланың ой түйіп, оны сөзбен жеткізу қабілетін өлтіретін таяздыққа жетелейді», деді.

Жиналғандардың басым бөлігі ха­лықтың саяси сауатын көтеру, қара­пайым ел түгілі, кейде зиялы қауым­ның өзі де саяси үдерістердің айыр­машылығын ажырата алмайтынын, сондықтан әлеуметтік желілерде жұртты адастыратын үстірт пікірлер кездесіп жататынын жасырмады.

Заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Қазыбек Дауталиев: «Референдумға адам құқығын қорғау, конституциялық құрылыс негіздері мен мемлекеттік билік механизмін жетілдіру мәселелері  шығарылып отыр. Адам құқығын шектейтін, бұрынғыдай Президент билігін күшейтетін, ел дамуын тежеуі мүмкін бірде-бір норма жоқ. Әрине, жер – тек Қазақстан азаматтарының жеке меншігінде болады дейтін норманы халықтың күткені анық. Жаңа Қазақстан осы бір ғана конституциялық реформамен шектелмеуге тиіс. Алдағы уақытта әлі де болса тәуелсіздігімізді бекемдей түсетін, мемлекеттің әлеуметтік функциясын жетілдіретін елдік, халықтық сипаттағы нормалар өмірге келеді», деген пікірін жеткізді. Ол, сондай-ақ, тәуелсіздігімізді түгендеп, мемлекеттігімізді дәріптейтін мұражайлар жүйесін құруды ұсынды.

Президент кеңесшісіне тілектерін аманаттап келгендер «Балапанды» аяғынан тұрғызғанымызбен, әсіресе жасөспірімдерге арналған қазақтілді телебағдарламалар, әлеуметтік мәселе­лерді шешуге ықпалы бар «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты рейтингке емес, адамгершілікке құрылған телебағ­дарламаларға көрермен зәру екенін ашық жеткізді. Телевизиядағы қазкон­тентті дамытуға, идеологиялық саясатқа қатысты Әлібек Шегебай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлия Құдайберген, ақын, «Кітап ал» баспалар желісі балалар баспасының редакторы Саят Қамшыгердің ұсыныс­тарымен кездесуге жиналғандар да келіседі.

Ақын Мұратхан Шоқан ауылды өркендету мәселесіне оралуды ұсын­са, жазушы, баспагер Бақытжан Бұқар­бай «Қазіргі өзгерістердің формасы мен мазмұны сәйкес келуі қажет. Сөз еркіндігі, пікір бостандығы және ол үшін «жаза» болмауы керек», дейді. Ал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова елге еңбегі сіңген танымал тұлғалар мен қайраткерлерге құрмет пен сыйластық­ты қалыптастыру жөнінде ойын біл­діре келе, өнер жұлдыздарының да әлеуметтік желілерде сөзін тыңдайтын миллиондаған оқырманы бар екенін еске салды.

Президент кеңесшісімен кездесуге жиналғандардың барлығы да әділет барлық салаға, алдымен халықтың көз алдында жүретін руханиятқа керек десті. Сондықтан да мемлекеттік марапат, адамдардың еңбегін бағалау мен бағамдау ісінде де әділетті болу мәселесі қозғалмай қалған жоқ.

Кездесуді қорытындылаған Мәлік Отарбаев жиында айтылған мәселе­лердің барлығы ескерусіз қалмайты­нын жеткізді. «Референдум – жай формальды түрде өтетін науқан емес, елі­міздің болашақ тағдырын шешетін, мемлекетіміздің тұғырын биіктететін маңызды тарихи белес. Халықтың тұр­мыс-тіршілігін, қоғамдағы өткір мәселелерді жан-дүниесімен сезінетін ең әуелі шығармашыл интеллигенция. Президентіміз бастаған саяси реформалар ел дамуына бағытталып отыр. Осы себептен зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері халық­қа референдумның мән-жайын түсін­діріп, Ата Заңымызға қандай өз­герістер ұсынылғаны туралы мән беріп, жеткізуі керек. Жаңа Қазақстан халық­тың қалауымен құрылады. Осыны естен шығармаған абзал», деді.

 

АЛМАТЫ