Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бес өкілі жеңіс тұғырына көтерілсе, солардың арасынан Алуа Балқыбекованың ғана алтын алуға мүмкіндігі болды. Алайда ол финалда жергілікті былғары қолғап шебері Айсе Чагирырға 2:3 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде, 1 күміс пен 4 қоланы иеленген отандастарымыз жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Аталған жарыс Түркия құрамасының жарқын жеңісімен аяқталды. Финалға шыққан Анадолы елінің бес боксшысының барлығы да жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Әсіресе, біз Токио Олимпиадасы мен Улан-Удэдегі әлем чемпионатының жеңімпазы Бусеназ Сюрменелидің өнеріне айрықша риза болдық. 66 кило салмақта жұдырықтасқан ол ақтық сында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Панамерика ойындарының қола жүлдегері канадалық Чарли Кавананың тас-талқанын шығарды. Төреші жекпе-жекті үшінші раундта тоқтатты. Ал Бусе Чакыроғлы (50 кило) колумбиялық Лорено Валенсия Викторияны, Хатике Акбас (52 кило) румыниялық Лакрамиора Перийокты және Сеннур Демир (+81 кило) марокколық Хайжа Мердиді жеңді. Оған аса жеңіл салмақтағы Айсе Чагирырдың бас жүлдесін қосыңыз. Сондай-ақ түрік қыздарының қоржынында тағы екі қола медаль бар.
Бас жүлденің екеуін олжалаған Ирландия құрамасы жалпы есепте екінші орынды иеленді. Бұл ретте Ами Сара Броадхурст (63 кило) пен Лиза Едел Ороуркеге (70 кило) тең келер ешкім табылмады. Ақтық сайыста алғашқысы алжирлық Иман Хелифтен айласын асырса, екіншісі мозамбиктік Елена Пангуаннан басым түсті. Сол секілді үндістандық Зарен Нихат (52 кило), тайпейлік Ю Тин Лин (57 кило), америкалық Рашида Шакилла Эллис (60 кило), канадалық Таммара Цибаулт (75 кило) және латвиялық Габриеле Стонкуте (81 кило) осы жарыста алдарына жан салмады.
Міне, аталған мемлекеттердің былғары қолғап шеберлері жерлестеріміздің алдын орады. Қазақстан құрамасы сапындағы күміс алған Алуа Балқыбековадан бөлек, Жайна Шекербекова (52 кило), Дина Жоламан (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило) және Валентина Хальзова (70 кило) қола медальды қанағат тұтты. Биылғы әлем чемпионатында барлығы 26 мемлекеттің өкілдеріне жүлде бұйырды.