Аса ауыр салмақта күш сынасып жүрген 33 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жан Кособуцкий өзінің кезекті жекпе-жегінде айқын жеңіске қол жеткізді.
Германияның Гамбург қаласында жерлесіміз Жоан Дюопамен жұдырықтасты. 41 жастағы Франция өкілінің кәсіпқойлар арасында өнер көрсетіп жүргеніне 18 жылдан асты. Сол аралықта 45 кездесу өткізіп, 39 рет басымдық танытты. 26 қарсыласын есінен тандырды. Осыдан жеті жыл бұрын Дюопа америкалық Деонтей Уайлдермен әлем чемпионы атағы үшін таласып, 11 раундта техникалық нокаутпен ұтылды. Одан бөлек ол Александр Поветкин, Джарелл Миллер, Тони Йока, Мануэль Чарр және тағы басқа атақтары алысқа жайылған алыптармен айқасқан. Бірақ шау тартып қалған Жоан біздің Жанға лайықты қарсылық көрсете алмады. 10 раундқа есептелген бәсекенің бесінші раунды аяқталғаннан кейін француз жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Техникалық нокаут!
Осы жеңісінің арқасында Жан Кособуцкий WBC International нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Кәсіпқой рингте 18 кездесу өткізген ол барлығында жеңіске жетіп, 17 қарсыласын нокаутқа жіберді.