Футболдан Қазақстан чемпионатының 12-туры аясында төрт кездесу жоспарланғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты екі матч өтпей қалды.
«Қайрат» өз алаңында «Шахтерді» қабылдады. Осының алдындағы алты ойында жеңіске жете алмай, өткен турда «Астанадан» ойсырай ұтылған алматылықтар осы жолы «Шахтерді» 2:0 есебімен жеңді. «Атырау» мен «Астана» матчын да жанкүйерлер қызыға тамашалады. Өте тартысты өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
«Ордабасы» мен «Ақсу» арасындағы матчтың 8-минутында Кәрім Сұлтанов алаң иелерін алға шығарған еді. Алайда қатты соққан желден Шымкенттегі стадионның шатыры құлап, бәсеке тоқтатылды. Сондай-ақ «Тұран» мен «Ақтөбе» кездесуі де кейінге шегерілді.