• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Мамыр, 2022

Шынайылық

459 рет
көрсетілді

Осы картинаны ғаламтордан көріп, ерекше әсер алдым. Әжесінің арқасында ұйықтап бара жатқан бала, бір сәт өзім секілді көрінді. Марқұм әжем мені дәл осылай арқалайтын. Қонаққа арқалап алып барып, арқалап алып келетін. Сонда әжемнің арқасы жайлы төсектей еді. Шын мәнінде, қазақ әжелері өте мейірімді, немересі үшін жанын беруге бар. Соның бір көрінісін осы суреттен байқайсыз. Бұл – белгілі қылқалам шебері Айгүл Хакімжанованың «Әжем» деген картинасы.

Бұл еңбекті суретшінің қолтаң­басын даралаған үздік туын­ды­ла­ры­ның қатарына жатқыза аламыз. Өйт­кені қарапайым ғана көрініс арқылы автор халқымыздың болмысын, таным-түсінігін, үлкенге деген құрметін, кішіге деген ізетін шебер жеткізген. Мұндағы әженің ақ жау­лығын – қазақ әжелерінің дархан пейілі, көңілінің ақтығы, ұрпағына деген қамқорлығы, жанашырлығы деп түсінеміз. Суреттегі бояудың түсі де қанық, әсіресе сары түс ерек­ше реңк беріп тұр. Жылулық бар, көрген адамға шуақ сыйлайды. Әже­сінің арқасында басы жалтырап, ұйықтап жатқан сәбидің бейнесі де тым ыстық. Мұндай суретті қазақтың жан-дүниесін терең түсінген адам ғана салады. Бастысы, картинадағы көрерменді тартып тұрған күш –шынайылық.

Айгүл Хакімжанова – Алматыда өмірге келген, былайша айтқанда, қалада туып-өскен жан. Бірақ сонда да оның шығармашылығында қазақтың байырғы өмірі, салт-дәс­түрі, ертегілер кейіпкерлері, әсіресе ауыл келбеті, онда ғұмыр кешкен адам­дардың тіршілігі жарасымды көрініс тапқан. Суретшінің шығармашы­лық жолға келуіне де әжесі, Қазақстан­ның халық жазушысы Мәриям Хакім­­жанованың тікелей ықпалы болған. Ол кісі – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің аталас туы­сы. Көптеген жыр жинақтарының авторы. Көрнекті ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғар­сыновадан бастап оны «ақын­дар­дың анасы» деп дәріптеген. Өмірде түрлі зобалаңды көрсе де, ешқашан аналық ізетін, сипатын жоғалтпаған осы бір асыл адамның үйінде халқымыздың көптеген зия­лылары, мәселен, жазушы Сәбит Мұқанов, ақын Ғафу Қайырбеков, суретші Айша Ғалымбаева, әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Фариза Оңғарсынова, қаламгер Мағира Қожах­метова, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың анасы Әмина апа және тағы басқа есімін ел танитын азаматтар қонақта болып, дәм татқан. Соларды көзімен көріп, есті әңгімелерін бала күнінен тыңдаған Айгүлдің өнер жолы да сәтті басталды. Бір жағынан олар тұрған үйде академик Әлкей Мар­ғұлан, биші Шара Жиенқұлова, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов және айтулы қылқалам шеберлері Евгений Сидоркин мен Гүлфайрус Исмаилова тұрған. Осы тұлғаларды күнде көріп, солардай «үлкен өнер иесі болсам», деген арман оны биікке жетеледі.

«Бала күнімде біздің үйдің ауласы өте қызық болатын. Ондағыдай көңілді ортаны мен еш жерден кез­дестірген емеспін. Жазғы демалыс­та жыл сайын әжем ағам екеумізді ауылдағы туған-туыстардың үйіне жібереді. Сонда айлап демаламыз. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін көреміз. Сондықтан менің бойыма ауылдың рухы кішкентай күнімнен дарыды», деп еске алады суретші.

Оның бақытты балалық шақ­қа арнаған туындылары сыршыл­дығымен, көркемдігімен, стильдік ерек­шелігімен бөлектеніп тұрады. Жалпы, оның шығармашылығынан қазақы болмысқа, салт-дәстүрге, әдеп-ғұрыпқа деген адалдықты көре­сіз. Ол қайратты қылқаламымен сезім нәзіктігі рух күшімен араласатын поэтикалық, сиқырлы бейнелер жасап, түсі мен формасы бөлек кеңіс­тік әлемін әсем бедерлейді.

«Суретші шығармашылығында халық ертегілерінің таңғажайыптығы мен оның өзінің жан жылуы, көне аңыздардың құпиялығы мен оның жан сезімінің сұлулығы өріле біткен. Ол өзінің әрбір жұмысында көпшілігі – жұмақ десе, кейбірі – балалық шақ деп айтатын бақыт пен үйлесімнің ғайып болған әлеміне қайта оралып отырады. Әрбір жұмыс тек шебер стилистикалық шешім тауып қана қоймай, ерекше көңіл-күйге, сүйіспеншілік пен мейірімге толық», дейді өнертанушы Ғалия Әли.

Қылқалам шеберінің бір ерек­шелігі ол адам жанының жылуын дәл, анық беретін пастель техникасымен шебер жұмыс істейді. Пастель техникасы XVI ғасырда Италияда пайда болған. Ол кезде түстердің ауқымы ақ, қара және терракотамен шектелген. Бұл әдіс танымалдылыққа он сегізінші ғасырда, портреттік бум басталған кезде ие болды. Осы техника жеңіл, түрлі-түсті, нәзік картиналар жасауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен сыртқы көріністің тереңдігін де, терінің нәзіктігін де, еріннің шырындылығын да оңай жеткізуге болады. Алайда XIX ға­сыр­­дың соңында суретшілер пейзаж жа­сау үшін пастельдерді жиі қол­да­на бастады. Пастельдің екі түрі бар: құр­ғақ және майлы. Құрғақ пастелді суретшілер көп қолданады. Ал майлы пастелдер өте нәзік келеді. Ол ты­ғыз қабатта орналасқандықтан түс­тердің араласуы мен түзетілуіне жол бермейді.

Біз шағын мақаламызда сурет­шінің бір картинасы туралы ғана ой толғадық. Әйтпесе талантты қыл­қалам шеберінің халық ертегілері мен әңгімелеріне салған иллюстрациялары, графикалық эскиздері, жеке ком­позициялары жайында да бір-бір мақала жазуға болады. Бір сөзбен айтқанда, суретшінің «Әжем» картинасы әжесінің бауырында өскен әрбір баланың әжесіне жеткізе алмаған сағынышын, айта алмаған арман-мұңын кестелі көркемдеуімен құнды.