Ұлттық банк мәліметінше, жыл басынан бері банктердегі депозит көлемі 312 млрд теңгеге төмендеген. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша депозиттерде 13,4 трлн теңге жатса, 1 сәуірде оның көлемі 13,1 трлн теңгеге дейін азайған.
Осылайша, жыл басынан бері халықтың банктердегі салымы 2,2 пайызға немесе 312,1 млрд теңгеге азайып қалған. Қазақстандықтар ақшасының негізгі бөлігін дәстүрлі түрде шұғыл депозиттерде сақтайды. Оның көлемі қазір 9,71 трлн теңгені құрайды, жыл басталғалы 2,2 пайызға азайыпты (2022 жылдың 1 қаңтарында 9,93 трлн теңге болған).
Көлемі бойынша келесі орында талап етуге дейінгі депозиттер мен ағымдағы шоттар тұр – 2,28 трлн теңге (-5 пайыз) және жинақтаушы депозиттер – 1 трлн теңгеден асады (+2,8 пайыз). Шартты депозиттердегі ақша көлемі 9,7 пайызға, 4,5 млрд теңгеден 4,06 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Сондай-ақ азаматтардың көбі салымын теңгемен сақтағанды жөн көреді. Қазіргі кезде 8,3 трлн теңге ұлттық валютамен, 4,7 трлн теңге шетел валютасымен сақтаулы тұр. Соңғы уақыттары Қазақстанда теңгелей депозиттер бойынша ставка ұлғайды. Бұл базалық мөлшерлеменің 13,5-тен 14 пайызға дейін жоғарылауымен байланысты.
Салым жинау жағынан 22 банктің 18-інде өсім бар. Екінші деңгейлі банктер ішінде жылдық өсім тұрғысынан көш басында Bank RBK (351 млрд теңге), «Отбасы банк» (2,09 трлн теңге) және Altyn Bank (211,3 млрд теңге) қаржы институттары тұр. Жалпы, депозит портфеліндегі жеке тұлға салымдарының үлесі 51 пайызға жеткен.