«Джиро д’Италия» көпкүндігінің 15 кезеңі Ривароло мен Конь өңірлері аралығында өтті. Таулы аймақта өткен 178 шақырымдық қашықтықта Джулио Чикконеге тең келер ешкім табылмады.
Жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткізген Trek-Segafredo клубы сапындағы италиялық велошабандоз мәреге 4 сағат 37 минут 41 секундта жетті. Екінші және үшінші орындарда – колумбиялық Сантьяго Буитраго (Bahrain-Victorious) мен испаниялық Антонио Педреро (Movistar). «Астаналық» Фабио Феллине 11-орынға табан тіреді.
Жалпы есепте эквадорлық Ричард Карапас (INEOS Grenadiers) алда келеді. Оның көрсеткіші – 63 сағат 06 минут 57 секунд. Көш басындағы саңлақтан аустралиялық Джей Хиндли (BORA-hansgrohe) мен португалиялық Жоау Алмейда (UAE Team Emirates) сәл ғана қалыс тұр. Қазақстандық команданың ең үздік велошабандозы Винченцо Нибали сегізінші сатыға нық орнықты.