• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2014

Жұрт несиеге мұқият қарап, қаржылық сауатын арттыра бастады

475 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылғы 16 сәуір қаржы саласы үшін жаңалыққа толы күн болды.  Ең басты жаңалық Астанада Елбасының қатысуымен қаржы саласына қатысты жиыннан  жетті. Төтеден қойылған бірнеше мәселенің ең өзектісі - несие азайтылып, депозит көбейтілетін болды. Банкті де, халықты да толғандыратын мәселе еді бұл. Неге

2013 жылдың соңы мен 2014-тің басында несие тақырыбында наразылық көбейді? Оның басы әуелгіде әлеуметтік желілерден басталып, соңы сотқа дейін жетті. Тұтынушылар несие пайызы жоғары, банк өнімдері күрделі, шарттар түсініксіз дейді. Қаржыгерлер мұндай түсініктің тууына қаржы туралы сауаттың аздығы себеп болғанын айтады. Мәселен, банктердің бірі жүргізген зерттеуде әрбір үшінші қазақстандық өзінің қаржылық сауатына көңілі толмайтыны жеткізіледі.  

Бұл текетіркестің қорытындысы: Халық несиеге мұқият қарап, қаржы институттары халықтың қаржылық сауатын арттыруға көңіл бөле бастады. Жақында банктердің бірі бұл мақсатқа 1 миллион доллар бөлді.

Ал мемлекет несие нарығын бақылауды күшейте бастады. Былтырғы жылдың соңында Ұлттық банк төрағасы несие бойынша жоғары шекті көлемін  56 пайыздан азайту қажеттігін айтқан. Мұнымен қатар халық ең көп тұтынатын несие  түрі - тұтынушылық несиесінің өсімі 30 пайызға дейін азайтылды. Әрі тұтынушы несие алған кезде ай сайынғы төлем табысының 50 пайызынан аспауы керек. Бұған дейін бұл талаптар жоқ еді.

Бүгінгі отырыста Президент қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту және олардың сапасын арттыру қажет деді. Демек, жақын күндері тұтынушылар құқығын қорғау бойынша жаңа іс-шаралар қабылдануы мүмкін.

Түйін

Несие нарығы реттеле бастады. Әрине, тұтынушының пайдасына.

Несиеге қатысты жаңа дерек: Қазақстандықтар алған несиенің жалпы көлемі 12 трлн.теңгені құрады.

Жиында айтылған тағы бір дерек: халықтың банктерде сақтаулы депозиттерінің көлемі 11 трлн. теңгеге жеткен. Бұл көрер көзге көп сияқты. Алайда, қаржы сарапшылары бірнеше триллион қаражатты қазақстандықтар үйде сақтап отыр дегенді айтады. Мұндай қорытындыға себеп:  жақында банктердің бірі жүргізген зерттеу көрсеткендей, елімізде әрбір үшінші қазақстандық артық ақшасын үйде сақтауды жөн көреді. Өйткені ,халықтың 94 пайызы 5 миллион теңгеге дейінгі депозитке мемлекет кепілдік беретінін білмейді. Нәтижесінде тағы бірнеше триллион қаржы қалтадан шықпай жатыр. Жақындағы смс дүрбелең кезінде депозиттегі  250 млрд. теңгені салымшылар кері қайтарып алды. Қазірге дейін оның 100 миллиарды банктерге қайтса, 150 миллиард теңгесі «матрастың астында» жатыр. Қаржыгерлер бұған алаңдаулы. Өйткені, депозитте сақтау қауіпсіз. Пайыз қосылады. Қатты өспеген күннің өзінде инфляцияға жұтылмайды. Әрі банктер депозитке салған қаражатты айналымға түсіре алады. Егер депозит көлемі өссе, банктер шағын және орта бизнесті өз күшімен несиелендіре алады. Мемлекетке алақан жаю азаяды. Бұл әрі банктер үшін пайда. Өйткені 2008-2009 жылғы дағдарысқа дейінгі әлемдік нарықтан ұзақ мерзімді, арзан қаржы келіп жатқан жоқ. Сондықтан, банктердің күні үйде сақтаулы қаражатқа түсіп тұр. Бұған халық тарапынан да кері байланыс қажет-ақ. Алайда, халық банктерге әлі де күмәнмен қарап отыр. Қаржыгерлер сауаттандыру арқылы халықтың бұл күмәнін жоюға ниетті. 

Түйін

Бір нәрсе анық, халық басы артық қаражатты депозитке бағыттаса,  қаржы саласының «қан айналымын» жақсартады. Дәл қазіргі жағдайда қаржы саласының  қан қысымы жоғарлап тұр.

Ербол Азанбек.