• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 24 Мамыр, 2022

Экожобаға қатысуға шақырады

800 рет
көрсетілді

Таза табиғат – адам өмірінің кепілі дейміз. Кейінгі уақытта қоршаған ортаны ластамау, қорғау туралы экологиялық мәселелер әлемде жиі айтылып жүр. Ал айналаны таза ұстау әр адамның жеке жауапкершілігінен бөлек экологиялық сауаттылығына да байланысты. Осы орайда Ақтау қаласында жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған EcoVision экологиялық жобасы басталды.

Іс-шара экологиялық мәселе­лер, көміртегі бейтараптығы һәм экологиялық бастамаларға байланысты халықтың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Бірнеше кезеңнен тұратын жоба барысында оқушылар мен студенттер іріктеліп, онлайн және офлайн форматтағы тренингтер, шеберлік сыныптары, практикумдарға қатысады. Тренингтерді экология және қор­шаған ортаны қорғау тақы­рыбына маманданған тәжірибелі сарапшылар, волонтерлер, жат­тықтырушылар жүргізеді. Айта кетейік, аталған бастаманы «Шелл Қазақстан» компаниясы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының EcoBatys бастамасы шеңберінде QazaqGeography республикалық қоғамдық бір­лестігі іске асырып отыр.

«Бұл жоба арқылы жастар арасында экологиялық ойлау­ды, экологияға қатысты бел­сен­ді азаматтық ұстанымды қалып­тастырғымыз келеді. Біз­дің мақсатымыз – болашақта жер­гілікті және жаһандық эко­логиялық күн тәртібіне әсер ете алатын эко-көшбасшыларды тәр­биелеу», дейді жоба жетекшісі, «QazaqGeography» РҚБ өкілі Мадина Қинаятова.

Жоба жетекшісінің айтуынша, елдегі экологияны жақсарту жұмысын эко-ойлауды дамытудан бастау керек.

«Былтыр Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бей­та­рап­тығына қол жеткізу туралы Доктринаны қабылдады. Көміртектің бейтараптығы де­геніміз не? Бұл өнеркәсіптік кә­сіп­орындар көмірқышқыл газы шы­ғарындыларын көміртегі теріс жобаларды жүзеге асыру арқылы өтеуі керек дегенді білдіреді. Алайда бүкіләлемдік антикөміртекті науқандағы ең маңызды нәрсе – экологияның негізгі ұғымдары призмасы ар­қылы жаңаша ойлауды үйрену», деді ол.

Жобаға қатысу үшін үміт­керлер облыс тұрғындарының нақты мәселелерін ашып көрсетіп, сондай-ақ олармен күресу жолдары ұсынылатын «Менің айма­ғымның экологиялық проблема­лары» атты эссе жазып жіберуі қажет. «Эко-Хакатон» іс-шара­сы аясында қатысушылар аймақ­тың, болашақта бүкіл елдің эколо­гиялық күн тәртібіне әсер ете алатын эко-идеяларын ұсына алады.

Ұйымдастырушылар Eco­Vision пилоттық жоба екенін, бола­­шақта оны Қазақ­станның басқа аймақтарына да таратуға болатынын атап өтті.