Бүгін, 17 сәуір күні Қазақстан Парламенті Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы жиынында осы ұйымның төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан аталған ұйымның дамуына, беделінің өсуіне айрықша үлес қосты, нәтижесінде біздің еліміз екі мерзім қатарынан ЕурАзЭҚ ПАА-ға төрағалық етіп отыр. Пленарлық отырысқа экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік, әлеуметтік салаларда ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үндестіру, ЕурАзэҚ мүше-мемлекеттер аумағына шетелдіктердің келу тәртібін реттеу сынды мәселелер енгізілді», - делінген хабарламада.
Әсіресе, әлеуметтік заңнамаларды үндестіру, нақтылай айтатын болсақ, «атаулы әлеуметтік көмек туралы», «мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру негіздері туралы» заңнамалық құжаттар жобасына баса назар аударылды.
ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының маңыздылығына тоқталған Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов ұйым қызметінің ЕурАзэҚ мүше-мемлекеттер заңдарын үндестіруге, интеграцияның экономикалық аспектілерін дамытуға, сондай-ақ, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Әлеуметтік заңнамалық құжаттардың үлгілік жобасын қарау Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында халықты әлеуметтік қорғаудың ортақ ұстанымдарын әзірлеу қажеттілігіне негізделген.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Фото: oralinform.kz.