• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2022

Бұрынғы қателіктерді жөнге келтіретін кез

333 рет
көрсетілді

12 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстанның құрметті журналисі Ақаш Көксегеннің «Шұбартау Шыңғыстаудың күнгейінде» деген тақырыппен Шұбартау ауданының өткені, бүгіні және келешегі жан-жақты талданған мақала жарық көргені белгілі. Осы мақалаға орай ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде мен де өзімнің пікірімді білдіруді жөн көрдім.

Мақалада көрсетілгендей, Шұбартау өзі қосылған Аягөз ауданының орталығынан да, сондай-ақ облыс орталығынан да шалғай жатыр. Тараған басқа аудандар: Мақаншы, Ақжар, Самар, Шар аудандары орталықтарының географиялық орналасуы Шұбартау ауданынан өзгерек. Сол себепті бұл жерлерден адамдардың қоныс аударуы көп байқалған жоқ және осы арқылы бұрынғы аудан орталықтарының келбеті де бұзылмай, ежелгі қалыптарын сақтап қалды деуге болады. Ал Шұбартауды аудан орталығымен, басқа да елді мекендермен байланыс­тыратын жалғыз көтерме жолдың жағдайы сын көтермейтін күйге түсті. Оның үстіне, темір жол қатынасы да жоқ болғандықтан, адамдардың аудан орталығына жетуі, студенттердің келіп қайтуы қиындап кетті. Осының өзі жергілікті халықтың атажұртын тастап, үдере көшуіне әкеліп соқтырды. Бос қалған құрылыстар бүлініп, елді мекен сүреңсіз қалыпқа енді. Жоспарсыз көшкен адамдар да күнкөрістің ауыртпалығымен бетпе-бет қалды. Кезіндегі жағдай аудандар мен облыстарды бір-біріне қосуды талап еткен де болар. Дегенмен 100% дерлік байырғы ұлт орналасқан Шұбартау, Абыралы сияқты аудандардың таратылуын оң шешім болды деп айта алмасақ керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру туралы бастамасын кезінде жіберілген қателіктерді түзетуге бетбұрыс деп түсінемін. Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы да оған мүмкіндік береді ғой деп ойлаймын. Ал ұлан-ғайыр жері бар бұрынғы Шұбартау ауданының жері мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Мұның сыртында, жер қойнауындағы қазба байлықтары да жетерлік. Халық саны аз деген желеудің ауданды қайта ашуға кедергі келтіре алмайтын уәж екені күмәнсіз.

 

Амангелді ТІЛЕУЖАНОВ,

Аягөз ауданының құрметті азаматы

СЕМЕЙ