• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2022

Елімізде 240-қа жуық кәсіп пайда болуы мүмкін

188 рет
көрсетілді

Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Өзбекстанда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» халықаралық конференциясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, роботтандыру біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Нәтижесінде еңбек нарығына жаңа мамандықтар еніп жатыр. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін, ал 95 кәсіп трансформациялануда. Бұл ретте елдегі жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандырудың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Әрбір екінші қызметкер қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болады. Жаңа дағдыларды меңгеру - табысты қызметтің кілті. Сондықтан кадрларды жылдам әрі икемді даярлау үшін жағдай жасау маңызды», деді Ақмәди Сарбасов.

Ол жақын арада жұмыс күшінің сапалы құрылымының өзгеруі және еңбекке қабілетті жастар ағынының артуы мүмкін екенін, бұл еңбек нарығына қосымша жүктеме әкелетінін атап өтті.

«2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 37%-ы Z буыны болады. Ал ұрпақтың ауысуы жастардың еңбек қызметіне деген көзқарасының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл икемді жұмыс кестесі үшін қаржылық жеңілдіктерге баруға дайын ұрпақ, олар үшін кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сондықтан жұмыс берушілерге таланттарды сақтап қалу үшін жаңа талаптарға бейімделу маңызды болады», деді вице-министр.

Аяна Тоғанбек