Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Людмила Ифандопуломен әңгіме
– Людмила Петровна, «Эльпида» сөзі грек этномәдени бірлесігі» дегенді білдіреді ғой. Орыс жазуы – кириллица да грек алфавитінен бастау алмай ма?
– Әрине, қазіргі күні күнделікті өмірде өзіміз қолданып жүрген медицина, саясат, ғылым, өнер саласындағы сөздердің көпшілігі грек тілінен енген ғой. Облыс орталығындағы этномәдени бірлестігіміз жайлы грек тілінде жазып-үйренгеніміздің өзі көне грек еліне, мәдениетін, жазуын, тілін танып-білуге деген қызығушылықты арттырары анық. Әрине, осындай мүмкіндіктің бәрі – осы жерде өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің өзін өзі тануына жағдай жасап отырған Елбасы саясатының нәтижесі.
2001 жылы Грекияға жасаған арнайы сапары барысында еліміздің Президенті Н.Назарбаев: «Алыстығына қарамастан, бізді Грекиямен тек қана достық жақындастырады. Қазақ даласының Гомері атанған ақын, данышпан Абай да достық, бірлік – адамзаттың ең басты игілігі» дегенін атап өткен болатын. Қазақстандықтардың баршасы Елбасына сенеді, елдік мақсат биік, тұрақты тыныштық туы берік қолда.
– Диаспора да грек сөзі, шашыранды дегенді білдіреді екен...
– Қазіргі уақытта диаспораны халықтың өз тарихи отанынан тыс жерде тұратын бөлігі деп айтады. Гректердің негізгі атауы – эллиндер. Олардың да тағдыры репрессия кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да этностардың тарихы тәрізді қасіретті. Жан-жаққа шашырап кетті. Қазақ даласына тап болды. Осы кең дала кейін туған Отандарына айналды. Эллиндер де осы кең далаға бауыр басты. Өздерін құшағына алған қазақ халқының жақсылығын ұмытпайды. Қазақ елінің егемендік алуы осы жерде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне де өмірдің барлық саласында ұлтаралық қарым-қатынастың жарасымы мен ұлттық мәдениетті жаңғырту қуанышын сыйлады. Гректердің қоғамы қазақ жерін мекендейтін ұлттар достығының нығая беруі үшін қызмет жасауға қашанда дайын. Біздің павлодарлық өлкетанушы Э.Соколкиннің айтуынша, ғылыми экспедиция құрамында Христофор Барданес деген грек XVIII ғасырдың 70-жылдары қазақ даласын араласа керек. Кен іздеуші гректер де келіпті. Тіпті, Мильтиади деген грек Ертіс болыстығында тұрған көрінеді. Ал, жалпы, қуғын-сүргін кезінде келген гректерді понтийлықтар деп атайды.
– «Эльпиданың» 10 жылдығында «Спецэшелоны идут на восток» деген кітаптың тұсаукесеріне қатысқаным бар еді...
– Жүк вагондарына тиеп әкелген ғой. Көрмегендері жоқ. Орталығымыздың 10 жылдығына біздің шақыруымызбен Мәскеуден жазушы, грек тарихын зерттеуші Иван Джуха келді. Қуғын-сүргін зардаптарын көп зерттеп, жазған адам. Біздің облысқа келген Джуха Ертіс, Железин аудандарында тұратын гректің үлкендерімен кездесіп, сол кезден қалған ескі фотосуреттерін, қуғын-сүргін көрген өткен өмірлерін жазып алып кетті. Жалпы, біздің этномәдени бірлестік аудандарды, ауылдарды аралап, көп этно-экспедиция жасаймыз. Гректердің қазақ жеріне келгені жайлы деректер, ескілікті фотосуреттер жинастырудамыз. Қала, аудандардағы архивтерді ақтарумен айналысамыз. Аталар жолының өткенін кейінгі ұрпақ білсін.
– Понтийлік гректер деген кімдер?
– Қаратеңіздік, Эллада мен Кіші Азиядан шыққан гректер. Понт Кіші Азия аралының солтүстік-шығысында жатыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұрындары осы жерде өмір сүрген гректер түріктер тарапынан да қуғын-сүргінге ұшырайды. Босқындардың бір бөлігі Кеңес Одағына өтіп кетеді. Бірақ, екінші рет сталиндік қуғын-сүргін басталады. Әрине, өткен тарих ұмытылмайды. Қазақстанда тұратын этностар өткенін жинақтап, жаңғыру жолына түсті. Бұл күндері «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінде де басқа бірлестіктер сияқты күнделікті тынымсыз жұмыс жүруде. Грек жастарына қолдан келгенше ұмыт бола бастаған грек халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын үйретіп келеміз. Понтий тілінде, понтий диалектісімен сөйлейтіндер де сонша көп емес. Керісінше, ауылда тұратын гректердің қазақша сөйлегендері керемет. Әже-апаларымыз немере қыздарына понтий асханасының тамақ дайындайтын ескі тәсілдерін үйретеді.
– Өзіңіз басқаратын «Эльпида» грек этномәдени бірлестігі жайлы айтып берсеңіз.
– Құрылғанымызға биыл 15 жыл толады. Алдағы қыркүйек айында атап өтеміз. Қазір дайындық жасаудамыз. Бұл күндері «Эльпида» құрамында 500-дей грек ұлтының өкілдері бар. Менімен бірге әріптестерім Алексей Саруджиди, «Спарта» жастар қанатының жетекшісі Константин Григориади, ардагерлер кеңесінің төрағасы Константин Чахалов, «Маргаритари» әйелдер клубының жеткешісі Татьяна Анистратова, Владимир Ифандопуло, Раиса Григориади, Ольга Пилипенко, Юрий Кутикиди, тағы басқалары қызмет етуде. Людмила Аксюзова, Яна Муратиди кішкентай күндерінен келіп би билеп, ән айтты, қазір ержетті, өмірден өз жолдарын тапты. Грек бірлестігінің мәдени өміріне жақсы үлес қосты. Облыстық фестивальдардың бірнеше дүркін лауреаты «Агапи» қыздар хореографиялық ұжымның репертуарында грек және қазақ би композициялары, әлем халықтарының билері бар. «Анагенниси» (Өркендеу) және «Микра астераки» (Кішкентай жұлдыздар), «Зорбас» гректердің ерлер биі ұжымдары өңірде жақсы танымал. «Микра астераки» ансамблінде 5-9 жас аралығындағы бүлдіршіндер би билеп, ән салады. Сонымен қатар, «Орфей» студиясы жұмыс жасайды, «Эльпида» достарын шақырады» атты фестивальдар өткіземіз.
– Лаки Кесоглу бірлестіктің құрметті қонағы ғой?
– Иә, фестивальдарға келіп грекше, қазақша әндер айтады. Жастар белсенділері «Грек-пати» атты дөңгелек үстел басында жиналып, еліміздегі достық, бірлік, өркендеу, туған тіл тақырыбында сұхбаттасады, пікірталастар өткізеді. Жыл сайын Грекияның тәуелсіздік күні, Рождество, көне стиль бойынша белгіленген жаңа жыл мерекеленіп, оған қоса, Панагия, Охи күні сияқты діни мейрамдар да аталып өтеді. Ұлттық мәдени бірлестіктердің қолдауымен грек тілін, тарихын және көне Грекия мен қазіргі таңдағы Грекияның мәдениетін оқыту ұйымдастырылады. Осы жердегі грек елшілігі де көмектестеді.
Мәдени бірлестіктің жанындағы жексенбілік мектепте үлкендер, балалар, жастар жаңа грек тілін үйреніп, өздерінің тарихи отанының рухани мәдениетімен танысады. Бұл мектеп гректерге ғана емес, Элладаның рухани мәдениетін біліп, грекше сөйлеп, оқып, жазғысы келетін орыс, қазақ, неміс, украиндарға да ортақ. Тарихи отанына қонаққа барғысы келетіндерге көмек, қолдау көрсетіледі. Бірлестік мүшелерінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткізіледі.
– Гректер өзі қандай халық?
– Еңбекқор, көңілді, байсалды, момын және биші халық. Мен гректердің келінімін ғой, білемін. Ұлттық аспаптары – кеменджидің дауысын естігенде кәрі, жасына қарамай, таң атқанша билеуге бар.
– Гректердің келінімін дейсіз бе?
– Иә, ата-анам Петр Ильич пен Мария Яковлевна Балашовтар. Екеуі де өмірлерін еңбекке арнаған адамдар. Әкем соғыс өртін көрді. Анам соғыс кезінде телефон құлағында отырған байланыс маманы болды. Жұбайым Владимир Ифандопуло ұшқыш, Павлодар аэропортында қызмет жасап келеді. Александр есімді ұлым, Ольга деген қызым бар. Бүкіл отбасым грек этномәдени бірлестігінің ашылуына ұйытқы болды, әлі де қолдап, көмектесіп келеді. Мен гректер, олардың қуғын көрген тағдырлары, бұл жаққа келуі туралы қайын атамнан көп біліп, көп естідім. Грек отбасына келін болып түскен соң, тыныс-тіршілігіміз, болмыс-бітіміміз, тағдырымыз осы халықтың босағасына байланып, грекке ұқсап та кеттік. Көбі мені гректің қызы екен деп қалады.
– Мен де солай ойлап жүргенмін. Бірлестік жұмысымен қатар, «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесінде де қызметіңіз бар ғой?
– Бұл – еліміздегі көпұлтты және көпконфессиялы қоғамның табыстылық негізіне, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, қоғам тыныштығы, елдің дамуы, өркендеуі үшін бірге қызмет жасау деген сөз. Біздің «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалында күнделікті тынымсыз тірлік. Күнделікті қабылдаулар, арыз-шағымдарын айтып келген қалалықтарға көмектесу. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы деп ел бізге сенім артып отыр. Қай қызметте болмасын ел сенімін ақтап, белсенділік таныту – басты міндет.
Біздің елімізде әйел адамдардың қай салада болмасын белсенділігі мықты. Еліміз 30 елдің қатарына қосылу үшін бәріміз де бірге қызмет жасауымыз қажет. Ол үшін алдымен Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтқандай, тыныштық, бірлік қажет. Елбасы: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!.. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктірген және ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі», деп атап өтті.
– Грекияда болдыңыз ба?
– Айтпақшы, мен – республикалық «Филия» атты гректер қауымдастығының мүшесімін. Сондықтан, Грекиямен де, қоғамдастықпен де біздің байланысымыз жақсы. 2002 жылы Ставрос қаласында өткен семинарға қатысып қайттым. 2006 жылы біздің еліміздің делегациясы құрамында Афинада өткен Понтий гректерінің бүкіл дүниежүзілік 6-шы құрылтайына қатысып қайттым.
– Қазақшаңыз қалай?
– Қазақ достарым баршылық. Әрине, кішкенеден естіп өскендіктен, бәрін болмаса да түсінемін. Қазір біздің бірлестіктегі грек балалары басқа ұлт өкілдері сияқты қазақ тілін оқып-үйренуде. Өзіңіз жақсы білесіз, жерлесіміз, ауылда өскен грек баласы Ламбриан Топузидис қазір «Қазақстан-1» телеарнасының жүргізушісі. Біздің облыста да қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көп.
– Алдағы Ассамблея сессиясына қандай тілек білдірер едіңіз?
– Біздің еліміз Қазақстан менің елім, Отаным дейтін әрбір этнос үшін достықтың кепіліне айналды. Ұлтаралық келісімді сақтап, тыныштық пен татулықта, бір мақсат-мүдде, елдікті орнықтыру жолында өмір сүруден басқа қандай бақыт керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі тұрақтылық тұғырын берік сақтау саясатының мәні осы. Кеудеңді елің үшін мақтаныш сезімі кернейді. Алдымызда жас ұрпақты отаншылдыққа, өскен жерлерін сүюге тәрбиелеу, мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйрену, оны құрметтеу арқылы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасын одан сайын жақындастыру міндеті тұр. Бізге достық пен татулықты, құрмет пен сыйластықты берік сақтау қажет.
– Рахмет, әңгімеңізге.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.