• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 25 Мамыр, 2022

Әлихан Смайылов 5G желісін енгізу туралы тапсырма берді

3721 рет
көрсетілді

Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың жұмысын цифрландыру және Қазақстанда 5G енгізу бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, онда мемлекеттік органдардағы бизнес-үдерістердің реинжинирингі, азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған механизмін енгізу, сондай-ақ бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу және дамыту (5G/IMT) барысы қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында процестер мен мемлекеттік органдар функцияларының кешенді реинжинирингі, сондай-ақ құжат айналымы мен есептілікті қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ол мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге қысқартуды көздейтінін хабарлады.

Бүгінгі таңда 100-ден астам бизнес-процесс бойынша жұмыс жүріп жатыр: оның 55-і бойынша реинжиниринг жүргізілсе, 35-і мемлекеттік органдардың келісуінде, 43 бизнес-процесс сипатталып, рәсімделді.

Реинжиниринг азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді, жалпы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсартады.

Осылайша, азаматтар жиі жүгінетін бірқатар қызмет оңтайландырылды, атап айтқанда, автокөлік сатып алу (15 мин, онлайн қызметтер арқылы қайта тіркеу), ЖШС жою (1 ай), мүгедектікті белгілеу (сырттай куәландыру мүмкіндігі), пәтерді қайта жоспарлау (1 күн), еңбекке жарамсыздық парағын алу (қашықтан) және т. б. Өзгерістер жыл соңына дейін толық енгізіледі.

Дәрі-дәрмектерді әкелу және сараптау процестерін трансформациялау, азаматтарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, жер учаскелерін сатып алу және басқару, әскери есепке қашықтан қою және басқа да ұсыныстар қалыптастырылды. Бұл мемлекеттік органдармен талқылау кезеңінде тұр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың бюджет және норма түзушілік процестеріне реинжиниринг жүргізу Үкіметке стратегиялық міндеттердің орындалуын, елдегі макроэкономикалық жағдайды, өзекті және дұрыс деректер негізінде нақты уақыт режимінде ұлттық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылап отыруға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік қызметтің жаңа цифрлық форматқа көшуіне негіз болмақ.

ҚР Премьер-Министрі осы бағыттағы барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Екінші мәселені қарау барысында бүгінгі таңда азаматтар мемлекеттік деректер қорындағы қателерге байланысты әртүрлі құжаттарға түзетулер енгізіп жататыны атап өтілді.

Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік органдардың мәліметтерді түзетуге электрондық өтінімдерді қабылдауға сервистерді жариялап отыруы ұсынылды. Осының арқасында пайдаланушы нотариусқа немесе ХҚКО-ға бармай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органға тікелей сауал жібере алады.

Әлихан Смайылов айтылған тәсілдерді қолдап, оларды іске асыру мәселесін егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Күн тәртібінің үшінші мәселесін қарау кезінде қазіргі уақытта Қазақстанда 5G/IMT бесінші буындағы ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетті: жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем.

2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілді.

ҚР Премьер-Министрі 5G желілері үшін жиіліктерді бөлу тетіктерін қосымша пысықтауды және жаңартылған ұсыныстарды Комиссияның қарауына қайта енгізуді тапсырды.

Аяна Тоғанбек