• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Ел қадірін алыстасаң сезесің

355 рет
көрсетілді

Күні кешегі алып империя – Кеңестер Одағы ыдырап, одақтас рес­публикалар өз алдына тәуелсіздік алған тұста Қа­зақстанды мекендеген ұлт­тар­дың бірсыпырасы тарихи отанына атбасын бұрғаны шындық. Алайда, солардың бәрі бірдей барған жерінде тастай батып, судай сіңіп кете алмағаны да рас. Солардың бірі біздің отбасымыз. Біз де тари­хи отанымыз Чехияға қоныс аударуды ұйғарғанбыз. Бірақ, шыны керек, жерсінбедік, кейін қайтуға тура келді. Қазақ жері асығыс шешім қабылдап, ағаттық жасаған бізді кеудеден итерген жоқ, қайта, келгендерің қандай жақсы болды деп қуана қарсы алды. Қазақстанның қадірін өзге елге шыққанда айқын аңғарады екенсің. Біздегі адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығына, қамқорлығына тәнті боласың. Шыны керек, әрісін айтпағанда, күні кеше аралас-құралас болған ТМД мемлекеттерінде де біздің елдегідей бірлік пен достық ниет байқала бермейді. Біздегі ынтымақ пен бірліктің басы қазақстандық қайырымдылық қасиеттерден арна тартады. Жылы орнымды суытып, қоныс аударғанымды әлі күнге кешіре алмаймын. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, алаңкөңіл болып аттанып, асығыс шешім жасағаныма өкінемін. Біздің барлық тұрмыс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз, мінез-құлқымыз туған жерімізден, осында тұратын халықтардың ортақ қазынасынан тамыр тартатынын сол жақта анық аңғардық. Сөйтіп, өзіміз өскен, саналы ғұмырымыз өткен туған жерге табан тіредік. Біз Қазақстанға елуінші жылдардың аяғына таман келдік. Әкемді Чита облысынан осында қызметке жіберді. Бұған дейін біздің отбасы Ульянов, Кемеров, Чита қалаларында тұрды. Мұнда келген соң әкем енді ешқайда қоныс аудармауға серт берді, Сөйтіп, осында қалдық. Отбасымызда алты бала болды. Көршілеріміз қазақтармен тату-тәтті тұрдық, өз тұрғыластарыммен ойнадым, мектепке бардым, қыдырдым, достастым. Тұрмыстың ауырлау кезінде бір- бірімізбен қолда барларымен бөлістік. Көршілес тұрған отбасылары қай ұлттансың деп қырын қарамады, бірімен-бірі қатынасты, әр ұлттың жақсы жақтарынан үлгі-өнеге алды, салт-дәстүрін, тілін үйренді. Осындай өмір салтына үйренген біз соның бәрінен бір сәтте айырылып қалдық. Жат елге келгендей болдық. Мұны отбасымыз түгелдей сезінді. Қымбатшылық, өмір ұстанымдары, адамдардың менталитеті, бәрі-бәрі жанымыз­­ға жақпады. Қазақтарға ғана тән жылы жүзді қарым-қатынас­­ты, қонақжайлылықты, қайырым­­­­ды­лықты аңсадық. Соның бәрі Қа­зақстанға деген сағыны­шы­мызды санамызда сарғайтты. Бір күні кіші ұлым «біз мұнда неге келдік, үйге қайтқым келеді» дегенде өзімді қайда қоярымды білмедім. Рас, бұл Чехияға қоныс аударған көптеген отбасылардың өкініші еді. Соңғы қаржыларымызды жи­нап автокөлік сатып алдық та екін­ші отанымыз болып кеткен Қазақстанға қанат байлап ұшқандай асыға жеттік. Польша, Белоруссия және Ресей шекараларындағы бірнеше бекеттен өтіп, қазақ даласына жақындағандағы көңіл-күйімізді айтып жеткізу қиын. Оу, жерлестеріміз келіп қалды. Қош келдіңіздер, енді ешқайда табан аудармаңдар, деген достық ниеттегі таныс дауысты естігенде қатты толқыдық. Қонақжай қазақ­тардың қадір-қасиетін бұрынғыдан да гөрі ұғына түстік. Тарихи отанына қоныс аударған 25 чех отбасының бізбен бірге 15-і Ақтөбеге қайта оралды. Барлық таныстар, әр ұлттың өкілдерінен тұратын достар қолдан келген көмегін берді, қолдау көрсетті. Жергілікті билік те туған жеріне оралған жерлестерінің қайтадан тұрмысын түзеп, орнығып кетуі­не барлық жағдайды жаса­ды. Олардың қалыпты өмір сүруіне көңіл бөлді. Өзім мұнда келген бойда чех этномәдени бірлес­ті­гінің жұмысын қолға алдым. Қа­зір Достық үйіндегі 19 этномә­де­ни бірлестіктермен бірге өңір­дегі ынтымақтастық пен та­тулықты, бірлік пен тұрақты­лықты нығайтуға, өз ұлтымыздың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамытуға үлес қосып келеміз. Бірлестік белсендісі Ольга Сави­на чех тілінен сабақ бере­ді. Бір­лестіктің өздерінің көркем­өнер­паздары да бар. Олар өздері­нің мәдениетін дамыта отырып, өзге бірлестіктермен бірге облыс­та өткізілген көпшілік мә­дени шараларға атсалысып жүр. Облыста этномәдени бір­лес­тіктер жұмысын жүргізуге қолдау көрсетіліп келеді. Достық үйінен біздің әрқайсымызға бөлме бөлінді. Жыл сайын облыс әкімінің гранты беріледі. Қандай шараларды өткізуге де мүмкіндік мол. Осының барлығы көпұлтты Отанымыздағы ынтымақтың көрінісі дер едім. Көпұлтты дегеннен шығады, тек біздің отбасымыздың өзінде үш ұлттың басы қосылып отыр. Жұбайым Иван Васильевич мол­даван, өзім чех қызымын, келі­нім Ольга украин қызы. Отбасы мүше­леріміз түгелдей қазақша біледі, түсінеді. Біздің мемлекеттік тілді білуіміз өзара жақындастыра тү­седі. Біз бірлік пен келісім бар елде тұратынымызды мақтаныш тұта­мыз. Қазақстан – менің Ота­ным, мен оны ешқандай елге алмас­­тырмаймын, тіпті, кәрі құр­лық Еуропаға да. Біз көпұлттың өкілдері мұнда тату-тәтті тұра­мыз. Елімізде жыл өткен сайын өмір сүру деңгейі артып келеді. Тәуел­сіз мемлекетімізді даму­дың даң­ғыл жолымен алып келе жат­қан Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев­қа алғы­сымыз шексіз. Осының бар­лы­ғы Президентіміздің сараб­дал сая­сатының, көре­ген­дігінің нәтижесі екенін әрбір қазақ­стандық жете түсінеді. Валентина Пэстру, чех этномәдени бірлестігінің төрайымы.  Ақтөбе облысы.