АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы өткен кәсіпқой бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы британиялық Дэнни Дигнумды екінші раундта ұрып жығып, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» әлем чемпионы атанғаннан кейін қазақтың қайсар ұлын бала кезінен баптаған жеке бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Сиқымбаевқа хабарласып, төл шәкіртінің жарқын жеңісімен құттықтаған едік.
– Мұрат Сәлімжанұлы, Жәнібектің жарқын жеңісі құтты болсын! Жанкүйерлердің дені «уақытша» әлем чемпионы атағы үшін айқас осылайша тез аяқталады деп еш ойлаған жоқ еді. Ал сіз шәкіртіңізге сенімді болдыңыз ба?
– Оған еш күмәнім болған жоқ. Негізі қарсыласы да осал емес еді. Дигнум – осыған дейін ешкімнен жеңілмеген сақа спортшы. Десек те Жәнібектің шеберлік деңгейі Дэнниден бір бас жоғары екенін жекпе-жек барысында анық байқадық.
– Сіз Алматының іргесіндегі Қарасу ауылында дүниеге келдіңіз. Ал Әлімханұлы – қазіргі Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданының тумасы. Сіздердің жолдарыңыз қалай тоғысып жүр?
– 2002 жылы белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов өзінің кіндік қаны тамған жерінде бокс үйірмесін ашып, ол кісі маған сол жақта бапкер болу жөнінде ұсыныс айтты. Мен келістім. Содан киім-кешегімді арқалап, Алматы облысындағы Алакөл ауданының Жыланды ауылына аттандым. Ол жақта Бауыржан аға еш алаңсыз даярлану үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Мен де, жастар да ештеңеден тарлық көрген жоқпыз. Уақыт оза тынымсыз еңбек өз жемісін берді.
– Ауылда жүрген кезінен Жәнібектің бойында бұла күштің бұғып жатқанын байқадыңыз ба?
– Жәнібекті жеті жасында маған анасының өзі әкеліп табыстады. Оның спорттың қай түріне де бейім екенін бірден байқадым. Футболды жақсы ойнайды, жұдырықтасудан да тартынбайды. Жылдам ойлап, шұғыл шешім қабылдай біледі. Еңбекқорлығы мен намысқойлығы тағы бар. Ал ең бастысы, көрсетілген әдіс-тәсілдерді лезде-ақ меңгереді екен. Жәнібектің бойынан осы қасиеттерді көрген соң бұл баладан келешекте мықты боксшы шығатынын ішім сезді. Бұл сөзімнің растығына Бауыржан Оспанов мырза куә. Ауылға келген сапарларының бірінде ол кісі: «Қалай, жұмысың оңды ма? Жыландыда мықты жігіттер бар ма екен?» деп тіл қатты. Сол мезетте мен: «Аға, бір үйір жылқының ішінен төрт тұяғын тең басатын тұлпарды таныдым. Көзі жанып тұр, бойындағы бұла күші бұлқынып жатыр. Келешекте осы бала әлем чемпионы атанып, қазақтың мақтан тұтар ұлына айналады», деп жанымда тұрған Жәнібекті көрсеттім. Қазір ойлап отырсам, сол сөзді Алла тағала аузыма салған екен. Арада бірер жыл өткеннен кейін сол кездегі ауыл баласы әлемдік деңгейде мойындалған боксшыға айналды.
– Шәкіртіңіз алғаш рет қай кезде жарқ етіп көрінді?
– Әуелі аудан мен облыс көлемінде дараландық. Одан республикалық жарыстарға жолымыз түсті. Содан халықаралық додаларға қатыса бастадық. Бірде ұтылдық, бірде ұттық дегендей. Ал мен үшін жадымда ерекше сақталған жарыс – 2012 жылы Астанада өткен ересектер арасындағы ел чемпионаты. Аталған жарыста 75 кило салмақта сынға түскен 19 жастағы шәкіртім Рустам Сыбаев пен Ерік Әлжанов сынды сақа спортшыларды сан соқтырып, бас жүлдені олжалады.
– Әлімханұлының одан кейінгі жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Ол әлем және құрлық чемпионы атанды, Азия ойындарында бас жүлдені олжалады. Сол кезде де Жәнібекті өзіңіз жаттықтырған боларсыз...
– Әрине, төл шәкіртім болғандықтан, барлық жарысқа оны өзім баптадым. Арасында бапкерліктің қамытын киген туған бауырым Қанат Сиқымбаев пен Қазақтың спорт және туризм академиясында ұстаздық етіп жүрген Дастан Сәдуақасов көмектесті. Олардың екеуі де еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары.
– Рио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін шәкіртіңіз кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. Оның бұл шешіміне қарсы болмаған шығарсыз?
– Әуелде оның әуесқойлар арасында біраз жүре тұрғанын қаладым. Бірақ Жәнібектің таңдауы солай болған соң қарсы уәж айтпадым. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бауырым Қанатпен бірге мен де кәсіпқой рингте біраз жұдырықтасып, түрлі дүбірлі додаға қатысқанымды жанкүйерлер жақсы біледі. Жәнібекті жаттықтырған кезде оған кәсіпқой бокстың да қыр-сырын үйреттім. Сол себепті де жаңа ортаға бейімделу Әлімханұлы үшін айтарлықтай қиындық туғызған жоқ.
– Қазіргі кезде шетелдік мамандардың өздері Qazaq style деген бүркеншік есіммен танылған қандасымыздың «болашағы жарқын» деген сыңайда әңгімелер айтып жүр. Ал сіздің ойыңыз қалай?
– Әлімханұлының кәсіпқой рингте өзін түбегейлі мойындатуға күш-қабілеті жететініне сенімдімін. Негізі орта салмақта кіл мықтылар шоғырланғаны белгілі. Америкалық Деметриус Андраде мен Джермалл Чарло және мексикалық Хайме Мунгияның қай-қайсын алсаңыздар да, «нағыз сен тұр, мен атайындар». Бірақ қазақтың қайсар ұлы олардың ешқайсынан қаймығатын емес. Керісінше, барлығымен жекпе-жекке шығуға даяр. Бұйыртса, сол жекпе-жектердің де куәсі болармыз. Жалпы, өз басым Жәнібектің жарқын жеңістері әлі алда деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»