• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Ұлыс күнін ұлықтады

403 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесін тойлау әлі де өз жалғасын тауып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХІ сессиясы қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Астана көктемі» атты Наурыз тойы аталып өтті. Шараны атал­ған университет пен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп ұйым­дастырыпты. Рәсімді Еуразия Ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов аш­ты. Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, тағы басқа азаматтар ұлыс күнімен университет алдынан «Бірлік» атты аллеяның ашылуымен құттықтады. Олар берекенің бастауы бірлікте екенін айта келе, білім ордасының табыс­тарына да тоқталды. «Біз рейтинг бойынша әлемдегі үш жүз университеттің қатарына енсек, еліміз университеттері арасын­да алғашқы орындамыз. Бұл көр­сет­кіштер университетіміздің алға қарай жылжуына тың серпін бере­ді», деді Е.Сыдықов. «Атаңнан мал қалғанша, тал қал­сын» деген халық нақылын жадын­да ұстаған жұртшылық ал­лея­ға ағаштар отырғызды. Жұмыл­ған жұрт қатарында Солтүс­тік Қазақстан облысы, Шал ақын ау­данынан арнайы келген Кеңес Одағының Батыры Алек­сандр Викторенко да болды. Ақса­қал бүгінгі шараны еліміздегі татулықтың тағы бір көрінісіндей қабылдайтынын айта отырып, студент жастарға «Адам бақытты адал еңбектен ғана табады» деген аталық ақылын алға тартты. Білім ошағындағы Наурыз тойы театрланған көріністермен жалғасып жатты. Ұлттық қол­өнер бұйымдары мен бейне­леу өнерінің шеберлерінен құрал­ған жастардың көрме жәрмең­кесі де жиналғандардың қызығу­шы­лық­тарын тудырды. Сондай-ақ, асық ату ойыны да ерекше әсер­ге бөледі. Қазақ күресінен ба­ғын сынағандарға тілекшілердің қа­расы көп болды. Мерейді өсірген ұлттық ме­реке, ұлыстың ұлы күні сән-салта­на­тымен есте қалды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». –––––––––––––––– Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.