• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Көп мәселе парламентаралық ынтымақтастыққа байланысты

383 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан парламентшілерінің делегациясы Санкт-Петербургте ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты.

Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Беларусь парламенттік делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы, ТМД ПАА Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде екі елдің заң шығару органдары жоғары палаталарының арасындағы ауқымды өзара іс-қимыл, сондай-ақ, Украинадағы жағдаймен бірге басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Төрағалар Қазақстан-Ресей қаты­настарының стратегиялық және одақтастық сипаты парла­мент­тік ынтымақтастықты күшей­туге мүмкіндік беретінін және осыған байланысты биыл­ғы мамырда Астанада болатын «Қазақстан-Ресей» ынты­мақ­тастық жөніндегі парламентаралық комиссияның алдағы отырысының маңызын атап өтті. Қ.Тоқаев пен В.Матвиенко алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге жоғары деңгейде қол қойылуының ерекше маңыздылығын атап өтті. Қ.Тоқаевтың Ресей Мем­ле­кеттік Думасының Төрағасы Сер­гей Нарышкинмен кездесуінде күн тәртібіндегі ҰҚШҰ және ТМД, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту, сондай-ақ, Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастық мәселелері тал­қыланды. Қазақстан Сенаты Төраға­сының Бела­русь Ұлттық Жина­лысы Республика Кеңесінің Төра­ғасы Анатолий Рубиновпен кезде­суінде тараптар екі елдің парламенттері арасындағы, атап айтқанда, өткен жылы құрылған «Қа­зақстан Республикасы – Бела­русь Республикасы» парламенттік ынтымақтастық комиссиясы ая­сындағы байланыстарды дамыту туралы пікір алмасты. Ресей мен Беларусь әріптес­тері­мен кездесулерде Қ.Тоқаев Қа­зақстан­ның Украинадағы ахуал­ға елеулі алаңдау­шы­лығын білдіре келіп, жағдайдың одан әрі ушығуы жаһандық ауқым­дағы халықаралық жағдай үшін өте қатерлі зардаптарға әке­ліп соғуы мүмкіндігін атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың келіссөздері, оның ішін­де ядролық қаруға қарсы Гаага­дағы саммит барысындағы кеңе­су­лері Украинадағы жағдай­ды сауықтыруға қатысты Қазақ­станның маңызды халықаралық ойыншы ретінде белсенді тұрпатын дәлелдейді. Бұл кезеңде Украина билігінің бірінші кезектегі міндеті президенттік сайлау өткізу, заң­ды Үкімет қалыптастыру, Украи­наның іс жүзіндегі саяси ахуа­лын көрсететін жаңа Консти­туция қабылдау болуы тиіс. Бей­біт келіссөздер өткізіп, БҰҰ және ЕҚЫҰ секілді беделді халық­аралық ұйымдардың жәрдемімен қалыптасқан жағдайдан бірлесе шығу қажет. «Біз Украина, Еу­ропалық одақ, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен Женевадағы келіссөздерге үміт артамыз. Украина шиеленісі мүдделі тараптардың барлығы арасында үнқатысу арқылы, халықаралық құқық ережелеріне сәйкес шешілуі тиіс», деп атап өтті Сенат Төрағасы. ҰҚШҰ ПА Ресей төрағалық еткен кездегі Ұйымның қызметі туралы хабар­дар еткен ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордю­жаның баяндамасын тыңдады. Қазақстан Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев ҰҚШҰ соңғы жылдарда елеулі саяси салмаққа ие болған маңызды халықаралық құрылым ретінде қалыптасқанын атап өтті. Бұл ретте ҰҚШҰ тайталасу ұйымы ретінде қарастырылмауға тиіс. Оның пікірінше, ұйымның қызмет тетіктерін жетілдіруді жалғастыру қажет. ТМД ПАА Кеңесінің отыры­сында қатысушы мемлекеттер парламенттерінің басшылары күн тәртібіндегі үлгі заң шығару жоспарына түзетуді, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс­тің 70 жылдығына және Достас­тық аясындағы бірқатар бір­лескен форумдарға әзірлікпен бірге бірнеше ондаған өзекті мәселелерді қарады. ТМД ПАА-ның 2013 жылғы қызметінің қорытындылары қаперге алынды. Өткен жылы тұрақты комиссиялардың ұсынуы бойынша Парламентаралық Ассамблея 28 үлгі заң жобасы мен Достастық мем­ле­кеттерінің ұлттық құқықтық жүйелерін жақындастыруға бағытталған басқа да құжаттарды қабылдады. Қызмет еткен барлық кезеңде ТМД ПАА 413 үлгі заң, кодекс, ұсыным, көмекші құқықтық актілер мен заң жобасына ұсыныстар жобасын әзірледі және қабылдады. Сонымен бірге, заңнамалық актілердің 90 пайызынан астамын ұлттық парламенттер пайдаланып отыр. Сондай-ақ, кеше кешкісін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов ТМД Парламентаралық Ассам­блеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Онда Кеңес мүшелері – ТМД Парламентаралық Ассам­блеясына қатысушы мемлекеттер пар­ламенттерінің жетекшілері бірқа­тар өзекті мәселелерді қарастырды, Парла­ментаралық Ассамблея тарапынан дайындалған құжаттарды талқылады және тиісті мәселелерге байланысты баяндамаларды тыңдады. Атап өтейік, кеше және оның алдың­ғы күні (16 сәуір) Парламент Сена­ты мен Мәжілісінің депутаттары ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Тұрақ­ты комиссиясының, ЕурАзЭҚ Парла­мент­аралық Ассамблеясы Тұрақты комиссиясының және ТМД Парламен­тара­лық Ассамблеясы Бірлескен комиссиясының отырыстарына да қатысқан еді. Осы отырыстарда саяси және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық, сауда саясаты, кедендік реттеу, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, тиісті заңнамаларды оңтайландыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Осы іс-шаралар барысында қазақ­стандық делегация Таврия сарайында Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл болуына арналған көрменің ашылуына да қатысты. Көрмеге ұлы ақынның суреттерімен қатар, шығармалары, құжаттары және ақынның қазақ, орыс, әзербайжан, армян, тағы басқа тілдерге аударылған атақты «Кобзарь» поэ­масы қойылған. Санкт-Петербургтегі Парламенттік орталыққа ТМД елдері Жастар парла­мент­аралық ассамблеясының өкілдері – жас депутаттар да келген екен. Олар да өздерінің отырысын өткізіп, онда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Жастар парламентаралық ассамблеясының жаңа үйлестірушісін сайлады. Ережеге сәйкес ол алфавит бойынша Әзербайжаннан Арменияға өтті. * * * Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Мәжіліс депутаттары да осы күндері Санкт-Петербургте өтіп жатқан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы шараларына қатысуда. ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ парла­мент­тік ассамблеяларының дәстүрлі жиыны аясында бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылау үшін Достастық елдері парламентшілері ТМД ПАА штаб-пәтері – Таврия сарайына жиналды. Маңызды шара Санкт-Петербург университетінде «Еуразиялық экономикалық болашақ» халықаралық форумынан басталды. Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастырудың құқықтық тетіктері, Біртұтас экономикалық кеңістікті жаңа өсу полюсі ретінде дамыту болашағы, полицентрлік әлемде геостратегиялық мүдделердің қиылысуы сынды маңызды мәселелер танымал саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерінің әңгіме өзегіне айналды. ТМД елдері парламенттері бастамашы болған бұл форум бүгінгі күні еуразиялық интеграцияның экономикалық, саяси және құқықтық өзекті мәселелері талқыланатын үнқатысу алаңына айналса, II пленарлық отырыста сөз алған Қ.Жақыпов шараның атаулы жылға сәйкес келгенін атап өтті. Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы ММУ-де алғаш рет Еуразиялық одақ идеясының үлгілік жобасын ұсынған болатын. Сондықтан, ЕурАзЭҚ те, Кеден одағы да, Біртұтас экономикалық кеңістік те еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асырудың элементтері болып табылады, деді Мәжіліс Спикері. Одан әрі Қ.Жақыпов «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаттарының бірі –  еліміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетіне тоқталып, осы жолда аймақтық экономикалық жүйеге біздің экономикалық интеграциямызды тереңдету, нақтылап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға қатысу аталған мақ­сатқа жетуге жол ашатындығын атап көрсетті. Интеграцияның экономикалық қырын дамыту үшін ұлттық заңнамаларды үй­лестірудің, осы ретте, ЕурАзЭҚ Парла­менттік Ассамблеясы қызметінің маңызы өте зор, деді Мәжіліс Төрағасы. Ассамблеяның кезекті отырысының қарауына «Атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру негіздері туралы», тауарлық белгілер туралы, халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы әлеуметтік заңна­ма­лық құжаттардың үлгілік жобасы енгізілді. Жиын барысында Мәжіліс Спикері Қ.Жақыпов ЕурАзЭҚ Парламенттік Ассам­блеясының Төрағасы болып сайланды. Қа­зақстан аталған ұйымның дамуына, беде­л­інің өсуіне айрықша үлес қосты, нәти­жесінде біздің еліміз екі мерзім қатарынан ЕурАзЭҚ ПАА-ға төрағалық етіп отыр. Қ.Жақыпов Санкт-Петербургте ТМД ПАА шаралары аясында қырғызстандық, тәжікстандық және ресейлік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен (Ресей).