Парламент Сенатында Армения Республикасына мұнай өнімдерін сату жөніндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық келісімі ратификацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, Еуразия экономикалық одақ мүшелері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес жекелеген екіжақты келісіммен реттеледі.
2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне қол қойылған.
«Келісімге сәйкес тараптар Арменияға жеткізуге рұқсат етілген тауарлар тізбесін бекітеді. Бұдан әрі тараптардың ведомстволары тиісті хаттама жасайды. Сондықтан егер қандай да бір мұнай өнімдері рұқсат етілген тізімге кірмесе, онда тауарларды әкете алмайды. Бұдан басқа тараптардың құзыретті органдары жыл сайын 1 желтоқсанға дейін Қазақстан мен Ресейден Арменияға тауар өндіру, ішкі тұтыну, импорттау және экспорттау балансын жасайды, яғни индикативті баланс. Ресейдің Арменияға мұнай өнімдерін негізгі жеткізуші екенін ескере отырып, қазақстандық өнімдерді ықтимал жеткізу қалдық принципі бойынша айқындалады. Бұл келісімде тараптардың индикативтік балансында көзделген көлемнен тыс жеткізуге тыйым бар», деді Энергетика вице-министрі.
Еуразия экономикалық одақ елдері арасындағы сауда экспорттық кеден баж салығын төлемей, кеден бақылауынсыз жүргізіледі. Келісімде мұнай өнімдері саудасының іс жүзіндегі ерекше режимі белгіленген және Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін әкету кезіндегі бақылау тетіктері қамтылған.
«Осындай тетіктер артық мұнай өнімдерін Арменияның неғұрлым басым нарығына өткізуге мүмкіндік береді. Бұл мұнай өнімдерінің ішкі теңгеріміне оң әсер етеді және Қазақстанның шаруашылық жүргізуші субъектілерінің түсімін арттырады, сондай-ақ Қазақстаннан мұнай өнімдерін әкетуді реттейді және ішкі нарықты қорғайды. Жеткізу шарттарын кәсіпкерлер өзара келісім бойынша дербес анықтайтынын атап өткен жөн», деді Ә. Мағауов.
Экспорт бойынша мәміле шетел валютасында, әдетте АҚШ долларында жасалады. Сондықтан қандай да бір тәуекелдер болжанбайды.