Иранның оңтүстік-батысындағы Хузестан провинциясында 10 қабатты ғимарат опырылып түсті, деп хабарлайды Egemen.kz
Оқиға Абадан қаласының Теленжи Эмири кварталында салынып жатқан «Абадан Метрополь» іскерлік орталығында болған. Иран Ислам Республикасының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Муджтеба Халидидің мәліметінше, қаза тапқандардың саны 14-ке, ал жарақат алғандардың қатары 32-ге жетті. Қирандының астында 80 адам болуы мүмкін деген болжам бар.
Қазіргі уақытта оқиға орнында бірнеше құтқару және өрт сөндіру бөлімшелері, сондай-ақ дәрігерлер жұмыс істеуде. Билік тағы 50-ге жуық құтқарушылар тобын, сондай-ақ зардап шеккендерді ауруханаға эвакуациялау үшін тікұшақты да жұмылдырды.
Полиция қызметкерлері апатқа қатысы бар деген 8 күдіктіні қамауға алды. Оқиға себебі анықталуда.
Салтанат Кенжебай