О, ол бір биіктен шырқаған ән еді!Ол бір жан-жүйеңді түгел тебірентер сөз еді.Ол бір су ішінде, мұз астында өртеп жіберетін от еді,Ол бір өліні тірілтер сиқыр еді.
Ғабит Мүсірепов
Тумысынан да, тұлғасынан да өнерпаздық, суреткерлік, суретшілдік, ой мен сөзге, мөлдір, таза, нәзік сезімге ынтызарлық толық бой көрсеткен Илья аға Жақановтың ой-санасында, ми қазанында, көңіл сарайында Құдай жаратқан кеңістіктің мың сан бояу түстерге бөленген көріністері, сиқырлы, керім-кербез суреттері, әуезді, бейнелі, жанды дыбыстары, жалынды оттай жайнаған өмір тәжірибесінен, арман-қиял, мақтаның дәніндей көңіл дүниесінен жиған-терген даналық моншақтары бір мезетте алтын балық үйіріндей шоғырланып, нұры шалқыған тұтас бір сәулелі құбылысқа айналғандай. Айда аяқ, жылда жілік жоқтықтан ба екен, бейне бір сағым сияқты «Дүние шіркін» құбылып, құлпырған сәулетімен қызықтырып, өзгеше өзеуретіп, құлшындырып, соққан желдей лезде бұлдырлап-судырлап өте шығарын есті сезімпаз жан ерекше түйсінері, түсінері хақ. Қыдырдың қайнап шыққан бал бұлағы есіліп аққан, арғымағы көсіліп шапқан ғаламат Ұлы Даласы, Мәңгілікке қадам басқан Қасиетті Елі – Қазыналы Жері – Ілекеңнің берекелі ой-толғаныстарының негізгі қазығы. Ол табиғатпен шүйіркелеседі, рухани дүниесін байытады, сөйтіп, сұлулық, өмір-тіршілік әлеміне ой көзімен үңіледі, сезім тілімен сөйлетеді. Егер де ерке Есілдің жағасында Сарыарқаның жұпар ауасынан рахат тауып тұрып, ұлы дария Еділ-Жайығын үздіге сағынады. Неге екені белгісіз, сай-сүйегі Еділ-Жайық деп сырқыраса, жан тілегі сонау қарт Қаратау бойында құлын-тайдай тебісіп өскен балғын дәуреннің куәгері Мырзатай Жолдасбековтің:
Дәурен көшіп
барады қарайламай,
Құбылады күн сайын
қалай-қалай! –
дейтін «Дүние шіркін» әнінің осы бір мейлінше келісті, сыпайы, сұлу лебізді жолдары жан жүйесін солқылдатып босатып, қайран, сол бір базарлы шақтың қайырылмас күндері елестеп, «таңғажайып ертегі дүниесіне қызыққандай», ежелгі ұлы мекеннің ұлағатты ұлы сарындарына, дабылды дүбірлеріне ден қойғандай хал кештім, телегей сырға кенелдім деп жомарт пейілді, мейірлі, берекелі Ілекең...
«Дүние шіркін!» Осы бір тіркес – адам өмірінің, жалған дүниенің қимас бір керемет сәтінің затты сипаттамасы. Сол себепті «арнаулы таусыншақ күнді» ел жүгін арқалаған ерлерше мағыналы өткізу – парыз. Бір сөз бір сөздің қуғыншысы дегендей, Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние шіркін» және Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әндерінің әсерінен ұлт перзенті, қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің:
1) Ұзын аққан Еділ менен Жайығың!
Талай ерлер өрлей салған қайығын!
2) Бар адамзат тынбай жортқан құмырсқа,
Көрінсе де шіркін өмір тым қысқа! – дейтін философиялық ой-сілемдері көңіліме сап ете түсті.
Илья Жақановтың «Дүние шіркін...» дейтін эссе-элегиясын оқи бастағанда-ақ адам қиялын сегіз қиыр шартарапқа шарықтатады, қисапсыз әсерлер, орасан суреттер, символикалық ассоциациялар туындатады. Қас шебер оймақ таңдамас. Өз ісінің, ойының шебері Ілекең: «Соңғы кездерде Мырзатайдың осы әні есімнен шықпайтын болды. Үйде отырсам да, Жайықты жағалап жүрсем де, ұзын жолда тербеліп сапар шегіп келе жатсам да, иә, кейде дуылдасқан көңілді топтың ортасына кез болып қалсам да ешбір ду-дуды елемей, жүрек пернем бұл әнді тамылжытып шертеді де жүреді, мені дүние шуынан бөлектеп», деп тебіренеді. Неліктен? Не себептен? Табиғат көктемде жаңғырып-жаңарып, көріктеніп, тамылжып, бүр жарып, гүлденетіні сияқты, адам баласы уыздай уылжыған балауса шағында өмір, тіршілік, дүние құбылыстарын тап-таза күйінде қабылдап, санасында тайға таңба басқандай, дұғалы сөз өшпес із қалдыратынынан да болса керек-ті. Расында, қанды көйлек ішіктің ішкі бауындай айнымас досы, мұраттасы Мырзекеңнің сол бір кездегі болмыс-бітімі, көзқарасы, ынта-зейіні, іс-әрекеттері көз алдында. Ол – мектептегі қабырға газетінің редакторы. Жас науша поэзия мен музыкаға соншалықты құштар еді. 6-сыныпта гармонда ойнаған. Гете, Пушкин, Лермонтов, Абай жырларына мейірленіп, жатқа соққан. Өзінің ой-пікірін ақынша толғап, өрнектеп-мәнерлеп шабытты жеткізген. Ән-күйге деген таным-пайымы да өзгеше болған. Әсершілдігін айтсаңызшы! Задында ақылдың, ойдың, қиялдың, дүниетанымның гүлденіп көркеюіне әсершілдіктің жойқын ықпал жасайтыны даусыз.
Ізгілігі мен білімділігі жарасым тапқан математик, фарабитанушы Ауданбек Көбесов, орыс тілі мен әдебиетінің майталманы Әлкен Жылқыайдаров пен Шынар Сарыбасова, тәрбиеші Владимир Степанович Пушкарев («Играй...играй! У тебя слух хороший...молодец!» дейді екен) сияқты ұстаздарынан тәлім алған, даналығына, кісілігіне қанған.
Қайраткер, ұстаз, түркітанушы, елші Мырзатай Жолдасбековтің, яғни Илья Жақановша айтқанда, «ірі тұлғаға айналған ғұламаның» өмір жолын, шығармашылық өнернамасын, әсіресе композиторлық ерекше қабілет-қарымын байсалдылықпен баяндайды. Жас жайнақ Мырзатай Жолдасбеков бойындағы зерделілік, жетелілік, қабілеттілік, рухани сұлулық, әсершілдік киелі топырақтан, жақсы ортадан, тамыр-тектен бұйырған қасиет екенін, яғни «көңіл сандығында бір баға жетпес дүрдің (інжу, иман)» қалайша кемелденгенін, көсіле самғағанын жарқын айғақ-дәлелдермен жүзікке қас қондырғандай етіп сөйлетеді. Себебі куәгердің байламы – ақиқаттың айғағы.
Ән мен күй – «халықтың бет-бейнесі, мінез-құлқы, бітім-болмысы, жаны мен жүрегі, ойы мен сезімі»! Атырау шаһарында, драма театры сахнасында «Музарт» тобының мұзбалағы, жігіттің жампозы Мейрамбек Беспаев «Дүние шіркінді» бабымен балбыратып шырқағанда, Ілекеңнің көңіліне қайтып оралмас алтын дәурен, өткен күннің сәулелі, шұғылалы елестері көлбеңдейді.
Илья Жақановтың сипаттауынша, «жанға жайлы лебізімен», «жұмсақ сөйлейтін әдетімен» Мырзекең біздер оқыған кітаптарымыз, ұлы тұлғаларымыздың қадір-қасиетін баппен талғап, өзінен-өзі жүйесін тауып, әңгіменің бір тұсында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 1-курста «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», 2-ші курста «Абайтану және «Манастану» дейтін арнаулы курстары, 3-курста «КСРО халықтары әдебиеті» пәні бойынша тереңнен қопарып, тамылжыта оқыған лекцияларында ғұлама дария Әуезов қазақ халқының эпикалық мұрасы, ертегілері, аңыз әңгімелері, тарихи һәм тұрмыс-салт жырларынан бастап, Шығыстың, Батыстың және орыс халқының эпосы мен фольклоры, әлемдік мифология, алғашқы қауымдық мәдениет, этнография, антика әдебиеті, Грекия тарихы, Гомер шығармашылығы, Шыңғысхан мен Әмір Темір туралы аңыздар жайында, сонымен қатар атақты оқымыстылар, А.Н.Афанасьев, В.В.Буслаев, Орест Миллер, Ю.Соколов, А.Н.Веселовский, Э.Б.Тайлор, Дж.Дж. Фрейзер, А.Н.Пыпин, Г.Н.Потанин, И.Троцкий, Краузе, Стасов, Гудзий, В.М.Жирмунский, В. Шкловский, Пропп сынды білімпаздардың теориялық ой қисындарын, толғам-байламдарын, әсіресе «Абайтану» бойынша тебірене оқыған дәрістерінің таңғажайып тарихи-көркем сырлары, «Абай жолы» эпопеясының тұтастай бел омыртқасына айналған және де оған енбеген қым-қиғаш қисапсыз оқиғаларды, көл-көсір, сел-сел тарихи айғақтарды нақ-нағымен бажайлап түсіндіруі не деген шеберлік, тапқырлық десеңізші!
ХХІ ғасырдың мұнарасынан ой көзімен, сағынышты көңілмен барлағанда, 1955-1960 жылдарда КазГУ-дің қабырғасында білім бұлағынан сусындап жүрген шақтарда көсемдер тобының бірегейі, ақыл-ойдың телегейі, ұлтымыздың данагөйі М.Әуезовтің шамшырақ тұлғасы, қазақ театры өнері тарландарының сом бейнелері, шын мәнісінде, олар «ғарыштағы жұлдыздардай биіктеп, құдіреттеніп» барады екен-ау! Университетте драма үйірмесі ұйымдастырылған. 1956 жылы Мырзатай Жолдасбеков бастаған курстастар М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклін сахналаған.
Режиссер Сапарғали Шәріпов Илья Жақанов пен Еркінбай Әкімқұловты М.Әуезовтің қара шаңырағына жұмсап, 1934 жылдан бері театр сахнасында қойылмаған «Айман-Шолпан» пьесасын алдырған. Әлібек рөлінде – академик Өмірзақ Айтбаев, Жанақ ақынды Илья Жақанов, Айман рөлінде – Мырзекеңнің жары Мәрия ойнаған. Мәрия тәтеміз М.Әуезовтің «Қаракөз» пьесасында Маржанды, «Абай» трагедиясында – Ажарды, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісінде» – Шұғаны сомдаған. Өнерге құрмет деген осы. Нағыз сап таза ұлттық-рухани құндылықтар, «ішкі жан дүниесі бай интеллигенттің интеллектісі кең тынысты, терең әрі биік болған сайын қоғамның да бағы жанады», дейді. Ол Мырзатай Жолдасбеков жайында теңізше тебіренген, көк нөсердей селдеткен. Мырзатай досының тартқан күйіне ден қойған Ілекең: «Бұл қандай күй?» дегенінде: «Сарын ғой...әйтеуір, осылай шертем» деп, бойын жасырған тұлпардай жұмбақ күйде отырады екен. Бұл да сайыпқыранға лайық салиқалы мінез-ау!
Жүрегі сырға, жырға толы Мырзекең өнері кең өріс тауып, асыл жұртына мәлім болып, елдің нұр назары оған айрықша ауды. Бұның үстіне елшілдік, мемлекетшілдік істерімен, VII-VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерін, яғни ұлт әдебиетінің түп-негізін түбегейлі зерделеуімен, ұстаздық еңбегімен елдің төрінде, ғылым-білім, өнер көгінде алтын емендей тамырын тереңге бойлатып асқақтатады.
Ұлт руханиятының шырақшысы Илья Жақанов «Дүние шіркін» атты еңбегін Мырзатай Жолдасбековтің тұтастай композиторлық-импровизаторлық шығармашылығына арнап, әрбір әніне, әрбір күйіне, тұқым-жұрағатына, өніп-өскен ортасына, үлгі-өнеге алған үздік дәстүрлері мен мектебіне, қайырлы-құтты қадамдарына әділ сипаттама беріп отырады.
Алдымен алтын көңілінен, жалынды жүрегінен дүр төгілген күмбір күміс көмейлі, жез таңдай анасы Қалдыкүл Ырысқұлқызының «Әй-угай, армандамын Жаратқанға», «Бедел-ай, Бөпем-ай», «Сырләу – ләйлім, лиләйім» дейтін халықтық-фольклорлық негізде туған әндері, яғни сыр дестесі ХХІ ғасырға ұяда көргенін қияға табиғи, мінсіз қалпымен жеткізген Мырзекеңнен айналдық! Естілікпен, құмарлықпен тыңдап, көңілге тоқып толғандық! «Мырзатайдың халық музыкасына қанық жүрегі... халық әндерінің жанға жайлы сөздеріндей тебіреністі өлең шумақтарын сырлы сезіммен үйлестіре жазыпты» деп тебіренеді ән-күй өнерінің білгірі – Ілекең.
Мырзекеңнің тұйғындай түлеп ұшқан елі – ән қонған, күй қонған, береке-бірлік салтанат құрған, би-шешендер, білгірлер, дүлдүлдер кемеңгерлік кеңес ұйымдастырған жұмақ төріндей өлке.
Қойнауы Қаратаудың
қарағайлы, әй-угай,
Қалың ел Қаратауды
паналайды.
Әй, угай,
армандамын Жаратқанға.
Сахараның жайнаған өзгеше бір қырмызысы Қалдыкүл анасының осынау лебізінде аталы-баталы атамекен келбеті бар. Өнерлі жұртының тұнып тұрған сыры мен тарихы бар.
Ілекең өз кітабында ой-толғаныстарының «қазығы болатын бас пікір» ретінде Мырзатай Жолдасбековтің: «... Қаратаудың теріскей жағындағы Қанатты Қызыл, Бәзіл, Үшбұлақ – бәрі де ескі тарихтың куәсі... Бөріқазған, Тәңірқазған қорғандары адам баласы тарихында сонау ескі дәуірден бізге жеткен құдіреттер. Көкталдың бойы Қапшағай – қалың таңбалар, жазу-сызулар, суреттер еді» деген шынайы жазбаларына жүгінеді.
Расында, Талас, Тараз топырағы – дүниенің азан-қазан алапат оқиғалары дүркіреп-күркіреп өткен қастерлі аймақ. Мұны айтып отырған себебіміз, М.Жолдасбеков 1969 жылы «Көне түркі ескерткіштерінің қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған-ды. Осы сүбелі еңбегінде Түркі қағанатының қаһармандары: Бұмын, Естеми, Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, жырау, саясаткер, ойшыл Иоллығ-Тегін турасында билерше толғанған-ды. Солардың ішіндегі жоғары білімді Естеми Қара Ертіс пен Іле, Шу, Талас, Тараз аралығында 552-575 жылдары билік құрған-ды. Ұлы билеуші Естемидің жазғы резиденциясы Талас өзенінің бойында орналасқан-ды. Ол Византиямен одақтасып, византиялық елшілер Земархты, Евтиханы, Валентинаны, Херодиананы, Павел Киликийскийді қабылдаған. Көреген Естеми Талас өзені бойындағы ордасында Персия арқылы Қытай мен Византия арасында еркін жібек саудасын жасауды ұйымдастырды. Бұл ретте айтайын дегенім, Естеми рухының бір ұшқыны Талас топырағында қайта тіріліп, жанданып, М.Жолдасбеков еңбегі арқасында гүлдеп, өркен жайғандай, кең өріс тапқандай.
XVIII ғасырдың ішінде Мырзатай Жолдасбековтің бесінші атасы «елдікті, тектілікті тереңнен толғайтын» Темір бидің көші Сыр бойынан ақ патшаның тегеурінді басқыншылығынан оңтүстікке ығысып, Таластың жағасындағы Үшаралға жетуі соншалықты мағыналы сапар. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Ұлбике ақын туралы мәліметтер де оқырманды қызықтырады. Иіні келгенде, Мырзатай Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» (Астана, «Күлтегін», 2012. V-том, 1-2 кітап) кітаптарындағы әдеби-тарихи, мәдени деректерді сөйлетіп отырады. «Бала болыс» атанған, қара үзіп шыққан қатардан, көпті көрген, көкірегіне түйген, жиған-тергені де өлшеусіз М.Жолдасбековтің: «Мен Сүгірді екі рет көрдім. Сүгір күйші қаршығадай ғана қағылез, реңі ақсары, жүзі жұмсақ, жұқа кісі болатын. Көп сөйлемейтін тұйық кісі еді» –деген пікірін тілге тиек, ойға жиек ете отырып, Әйтпенбет, Шәмшілда, Мәді, Боранқұл күйшілер хақында ой толғайды. М.Жолдасбековтің рухани келбеті ел өнерпаздарының ұлттық бет-бейнесімен тамырлас-тағдырлас. Талапты, талантты ер халықтық-поэзиялық озық дәстүрлерінің рухында қанаттанған, өнердің шырқау биігіне қадам басқан. Ол жастайынан өмірге, өнерге маздау үшін келгенін бек түсінген, соған тәуекелдеп бел буған.
«Ән – жүректен туады, күй – көңілден туады» деп афористік ой жүйесімен толғаған М.Жолдасбековтің «Тотықұс», «Дүние шіркін», «Қыз дәурен – Ақбота», «Бәйтерек», «Атанғаным Мырзатай ел арқасы», «Сен болмасаң» дейтін әндерінің жазылу тарихы, гармониялық ішкі үйлесімі, архитектоникасы, формасы, шығарымпаздық зертханасы, поэзиялық қадір-қасиеттері, символикалық, полифониялық сипаттары, философиялық қырлары салиқалылықпен терең талданады. Мейлінше ұғынықты, жатық, табиғи. Танымдық, тағлымдық мәні айрықша.
Көңілі жүйрік Илья Жақанов жүз ойланып, мың толғанып жазған еңбегінде «Қосбасар» күйінің сыры мен сымбатын, ішкі құпия ағыс-толқындарын, көркемдік мәні мен мәнісін, дәстүрлілік пен жаңашылдық қырларын білгірлікпен талдайды. Бұл күйде көне тарихқа деген тамаша көзқарас бар. Дүние, заман, мезгіл жайлы ой-сарындары бар. Ол ойын былайша сабақтайды: «Қосбасар» – ұшы-қиыры жоқ толғаныс. Мырзатайдың ғылыми еңбегін оқығандықтан ба, ерекше таңғалғаным – бұл күй мені Монғолдың боз мұнар тауларына... оның етегіндегі кең аңғар – Орхон өзенінің жағасына алып барады». Және де күй табиғатының ерекшеліктері мен шеберлік қолтаңбасын да батыл айқындайды, «нағыз импровизацияның айшықты үлгілері» екенін, сонымен бірге өнер зерттеушісі аспаптық музыка тарихындағы «Қырық буын Қосбасар» жайына, атап айтқанда, Арқа елінде шертпе күйдің пірі Тәттімбет бастаған Тоқа, Аққыз, Қыздарбек, Әбди, Сембектердің күйшілік өнері, сондай-ақ Қаратау бойындағы даңқты Сүгір қалыптастырған мектептің өкілдері Мәди Шәутиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Боранқұл Көшмағамбетов, Генерал Асқаровтардың дамыта толғап, келістіре орындағанын мейлінше нәзік иірімдер мен оралымдармен байытқанын айғақ-дәйектермен бажайлап түсіндіреді.
Илья Жақановтың көрсетуінше, «Қосбасардай» күй жауһарын сыйлаған М.Жолдасбековтің «ғажайып толғау галереясына» қосылған «Ойтолғаудың» өзіндік мәнері, өзіндік өрнегі, өзіндік философиялық айтары, өзіндік композиторлық жаңалығы бар. Күйші Жанғали Жүзбаевтың пайымдауларына қарағанда, циклдық күйлердің тобында қобызшы Ықыластың «Кертолғау», «Қоңыр», «Ерден» сияқты күйлерімен желілес, байырғы толғаулардың дәстүрлік қуатын полифониялық тұрғысынан байыта түскен дейді. Демек «Қосбасар» – сырлы толғаныстар әлемі. Мазмұндық арқауы – болмыс, уақыт, дәуір. Ол «Қосбасар» күйінің ішкі қасиеттерін тамыршыдай таниды. Сондықтан да осы бір жауһар шығармалар «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» дейтін хрестоматияларға енген.
Мырзатай Жолдасбековтің шығарымпаздық өнерін жан-жақты, толық, түгелдей дерлік тексеру барысында Ілекең ой еркіндігіне, қиял самғауына, салыстырмалы сипаттауларға, көркемдік ассоциация тудыратын құбылыстарға жүгініп отырады. Бұл орайда ол Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Кенен секілді ақын-композиторлардың мұрасына, немесе көне түркі мифтеріне, оғыз аңыздарына, карель-фин эпосы «Калевалаға» қатысты жанды ой-пікірлер өрбітеді. Әрине, бұл жайттар М.Жолдасбековтің әндері мен күйлері терең тамырлы құбылыс, ұлттық игілік екендіктен, әрі осылайша ой тербеу оның әндері мен күйлерінің ішкі құрылымынан, мелодиясынан, мәтін табиғатынан өрістеп-өрбіп жатады. Екіншіден, музыкалық құбылыстар әлеміне барлау жасауда, белгілі бір түйінді тұжырымдар жасау мақсатында әлемнің әйгілі композиторлары мен ақын-жазушылардың Людвиг Ван Бетховен, Вольфганг Амадей, Моцарт, Йозеф Гайдн, Иоганнес Р.Бехер, Ян Френкель, Фредерик Шопен пікірлеріне ортақтастырады. Себебін, негізгі ойын тұздықтап, шынайылықпен көркейтіп беру үшін. Үшіншіден, Илья Жақановтың «Дүние шіркін» кітабында өрен тұлға М.Жолдасбековтің күйлері мен әндерін құмарпаздықпен, шеберлікпен орындаушылар Мейрамбек Беспаев, Гүлмира Сарина, Жанғали Жүзбаев, Гүлзира Бөкейхан, Клара Төленбаева өнері ыждағатты әңгімеленеді. Әсіресе шығармашылық зертханасы, суреткерлік қолтаңбасы.
«Дүние шіркін» О, дариға, қайран әзіз өмір! «Сенің алтын сәулеңе не жетеді». Көзді ашып-жұмғанша, яки кірпік қаққанша өтіп кетер шекер дүниенің қызығына кім тояр дейсің! «Таразы да, қазы да өз бойыңда» деп Абай айтқандай, әдепті, ірі болғанға, тірі болғанға, бір кеменің ішінде сапар шеккенге не жетсін! Жалған дүние кірпік қаққанша өтіп кететін бір раушан сәт. «Барлық тірі жанның өмірі – күн сипатты. Жігіттердің күні – шығыста, қарттардың күні – батыста. Жас болсаң да өлім қаупінен хабарсыз болма» (Кабуснама). Қазақтың байырғы дүниетанымында «Дүние-ай, ойлап тұрсаң – шекер дүние!», «Дегенде дүние шіркін өтер-кетер, Түбіне сұм дүниенің кімдер жетер!», «Дүние ойлап тұрсаң түпсіз дария, Батпайтын дарияға кеме керек!». Немесе: «Дүние ойлап тұрсаң қос қуыстай!» дейтін халықтық ұғымдар, түсініктер, көзқарастар Мырзатай Жолдасбековтің сағым дүниенің салтанатын тұңғиық сезім тілімен, шынайы мөлдірлікпен, сап тазалықпен сөйлеткен «Дүние шіркін» әнінде сұлу жарасым тауып, көркемдік-философиялық мазмұнға ие болған.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор