• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Ел бірлігімен қуатты

259 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­зақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауы «Кең-байтақ Отанымызды ғылымға сүйене отырып дамытудың әдістемелік нұсқаулығы» деп бағалауға лайық сияқты. Қазіргі заманғы ақпараттық қоғам жағдайында бәсекеге қабілетті ел болудың басты талабы  ғылым-білімге барынша сүйене отырып даму. Әлемді таңдандырған «Қытай ғажайыбының» да сыры «Үйлесімді даму» немесе «Ғылыми даму саясаты» болып табылады. Жаңа ғасырдағы бәсекелестік ақылға сай жүретінін, елдің озуы мен жеңісі ғылыми жетістіктермен өлшенетінін күллі адамзат мойындап отыр. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – «Қазақстан-2050» Стратегиясы –қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақ мерзімді даму бағдарламасының қисынды жалғасы әрі тактикалық жүзеге асырушылық сипатта болуы. Яғни Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қандай іс-әрекет жасап, нендей мақсат-міндеттерді жүзеге асыруы қажет деген мәселеге Президентіміздің жаңа Жолдауында егжей-тегжейлі жау­ап берілген. Қарыштап дамып бара жатқан батыс пен шығыстың алып мемлекеттерінің тәжірибесіне қарасақ, олар ғылымға көңіл бөлу арқылы жан-жақты дамуға қол жеткізіп отырғанын байқаймыз. Мысалы, АҚШ ғылымды дамытуға жыл сайын 400 млрд. доллардан астам қаржы жұмсайды, бұл ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 2,7%-ын құрайды. Бүкіл әлем бойынша ғылымды да­мы­туға жұмсалатын қаржының 34%-ы АҚШ үлесінде болса, 26%-ы Еу­ро­одаққа, 14%-ы Жапонияға тиесілі екен. Соңғы жылдары Қытай мен Үн­­дістан да ғылымға ІЖӨ-нің 2% бө­лігінен астам қаржы бөліп, инно­ва­цияға баса назар аудару арқылы даму­дың жаңа сатысына көтеріліп отыр. Дамыған елдердің қатарына ену үшін Қазақстан әлемдік үрдістен қал­мауы тиіс. Сондықтан, Елбасымыз қазақстандық экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру мен ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ-нің 3%-нан кем емес деңгейге дейін арттыру талабын қойып отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық ғалымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа ізденістер жасауына, белсенді шығармашылықпен айналысуына игі ықпал етері сөзсіз. Ендігі мәселе, осы бөлінгелі отырған қыруар қаржыны талан-таражға салмай, орын-орнымен жұмсап, ғылыми ортадағы әділ бәсекелестікті дұрыс жолға қою. Дегенмен, бұл салада шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жетерлік. Әсіресе, Қазақстанның ғылымын дамытуға кері әсерін тигізіп жүрген жағдайлардың қатарында ғылым мен өндірістің арасындағы байланыстың ажырап кетуі қатты байқалады. Ғылыми жаңалықтардың авторлық құқық алуы, қолданысқа енуі, мемлекеттік қолдау табуы, өндіріске жол тартуы сияқты істер қиындық туғызатынын көптеген ғалымдарымыздың аузынан естіп жүрміз. Импакт факторлы шетелдік ғылыми басылымдарға мақала жариялау да отандық ғалымдар үшін өте қиын, қыруар уақыт алатын кедергілері де көп, оған қоса, өз қалтаңнан әжептеуір қаржы-қаражат жұмсауың керек. Турасын айтсақ, қазақстандық ғалымдар шетелдік басылымдарды қаржыландыру үстінде, ал, қазақстандық ғылыми басылымдар өздеріне тиісті үлестен қағылуда. Қазақстандық басылымдарға мақала жа­риялауға ұмтылатын шетелдік ғалым кемде-кем. Қолда бардың қаді­рін білмей, кісідегінің қолындағы жыл­тыраққа қызыға бергеннен пайда жоқ. Қазақстанның ғылымын дербес дамытамыз десек, отандық ғалымдарымыз шетелдік басылымдарға тәуелді болмауы керек. Енді саннан сапаға қарай өтетін мезгіл келіп жетті. Бұл да бір шешімі табылмай отырған түйткілді мә­селе. Сол сияқты, жоғары оқу орында­рын тәмамдайтын түлектеріміздің басым бөлігі өздерінің мамандықтары бой­ынша жұмыс таппайтынынан да бәріміз хабардармыз. Себебі, өнер­кә­сіп ошақтары жетіспейді, ауыл шаруа­шылығы саласы да кенжелеп дамуда. Осындай мәселелерге ел болып баса назар аударуымыз қажет. Елбасының барша қазақстан­дық­тардың алдына қойып отырған міндеттері тактикалық түрде жүзеге асатыны қуантады, яғни 2050-ге дейінгі жылдар жеті бесжылдыққа бөлініп, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді. Бірінші бесжылдық аясында автомобиль және авиақұрастыру, теп­ловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі жолға қойылмақ. Ал, екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мо­бильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізі салынбақ. Бұлардың барлығы ғылыми ауқымы кең іс-әрекет арқылы жүзеге асатынын ескерсек, Қазақстанда инновациялық өндіріс жанданады деген үмітіміз зор. Ғылым мен өндіріс ұштасқанда ғана нағыз ғылыми қамтымды экономикалық базис жасалады. Бұлай болмайынша, Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көре алмаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан өзі­нің жер көлемі бойынша әлемде тоғы­­зын­шы орын алатынын ескерсек, отандық агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру аса маңызды. Кең-байтақ қазақ жері ауыл шаруашылығына қолайлы, ата-бабаларымыз ежелден мал шаруашылығына бейімделген. Егін салудан да құралақан емеспіз. Қазақстандық аграрлық өнімдер өзінің экологиялық тазалығы, сапасы мен құндылығы жағынан әлемдік нарықтан өз орнын ойып тұрып алуға қабілетті. Ауыл шаруашылығын дамытудың мультипликативтік әсері де орасан зор, өзімен іргелес экономика салаларын, өңірлердегі мәдени-рухани өмірді де қоса дамытады. Ауыл – қазақтың алтын қазынасы һәм дәстүрлі қара тамыры. Елбасымыз айтқандай, «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қа­был­данған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15%-ы суды үнемдеу технологиялары­на көшірілетін болады. Қазақ елі аг­рарлық ғылымды дамытып, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлерді құруға барынша күш салуы қажет. Мыса­лы, табиғаты қатал, жері тастақ Израиль мемлекеті ғылыми иннова­ция­лық технологиялар арқылы ауыл шаруашылығын өркендетіп отыр. Қазақстан үшін өзінің геосаяси жағ­дайы мен транзиттік әлеуетін ұлттық мүддеге сай пайдалана отырып, еркін сауда мен ашық қарым-қатынасқа не­гізделетін жан-жақты экономикалық даму анағұрлым тиімді болары дау­сыз. Сондықтан, Елбасымыз жаңа жолдауында айтқанындай, инфрақұ­рылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету күн тәр­ті­бінде тұрған өзекті мәселе. Агломе­ра­ция­­ларды, яғни ірі қалалардың маңын дамы­тудың экономикалық қана емес, әлеу­меттік, мәдени-рухани тұрғыда ұтымды тұстары көп. Әлемдегі ірі қала­лардың барлығында өзіндік агломерациялары бар, бұл урбанизация үдерісіне тән ортақ заңдылықтардың бірі. Батыс пен Шығысты дәнекерлеп, Еуразия төсінде орын тепкен Қазақ елі табиғатынан алып транзиттік дәліз бо­лып табылады. Кеңпейіл қазақ ұлты­ның қонақжай мінезіне де осынау географиялық фактор өзінің игі ық­палын тигізсе керек. Көлік-транзиттік әлеуеті зор мемлекет үшін көлік инфра­құрылымын дамытудың өмірлік маңызы бар. Елбасымыз айтқандай, сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды. Бұл бағытта біздің елімізде көптеген жобалар жүзеге асырылуда, олардың дені Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынғаны баршаға мәлім. Бірақ бұл бағытта да атқарылар қыруар істер жетерлік. Әсіресе, соңғы кездері қара жолдың үстінде ажал құшқан қазақстандықтардың саны артпаса, кемімей отырғаны қатты қын­жылтады. Жол-көлік оқиғаларының се­бептері негізінен автожолдардың тарлығы мен асфальт төсем сапасының нашарлығы, жүргізушілердің жол ережелерін бұзуы, техниканың талапқа сай болмауы т.б. Қазақстан Үкіметі шетелдерден әкелінетін автокөліктерге Еуро-4 стандартына сай болуы тиіс деген талап қояды. Ал ол автокөліктер жүретін жолдар мен тұтынатын жанар-жағармайларды, оларға көрсетілетін сервистік қызметтерді Еуро-4 стандартына шынайы сәйкестендіру Қа­зақстанда қашан жүзеге аспақ? Бұл да ойланатын мәселе, себебі, айнадай даңғыл жолдар елдің даму деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Жолдауда көтеріліп отырған тағы бір маңызды міндет – экологиялық таза өндіріс пен балама энергия көз­деріне қарай ойысу. Бұл мәселелер заманауи ғылыми дамудың басым бағы­тына айналып отыр, сол үшін отан­дық ғылымның дамуы да осы бағытқа қарай өрбуі тиіс. Астанада өтеді деп жоспарланған Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында Назарбаев университетінің қолдауымен болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлем­дік тәжірибені зерделеу мен енгізу ор­талығы құрылмақ. Сонымен қатар, Елбасы Жол­дау­­ында қазақстандықтарды көптен бері толғандырып жүрген тағы бір өзек­ті мәселенің мәні ашылды. Ол – отандық ядролық энергетиканы дамыту. Энергетикалық тапшылық қатты сезіліп отырған бүгінгі әлемде арзан атом энергиясына деген қажеттілік күн өткен сайын өсе түсуде, болашақта бейбіт атом энергиясына басымдық берілетіні айқын болып отыр. Ал, Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы, уран кенінің көлемі бойынша Австралиядан кейінгі екінші орынды иемденеді. Елбасы Жолдауында Қазақстан атом электр стансасын салып, уран өндірісін дамытатынын айтты. Бұл сала да білім мен ғылымды қатты қажетсінеді, сәйкесінше, атом энергетикасын дамыту отандық ғылымның дамуына жаңаша серпін береді деп күтілуде. Ендігі мақсат осы бағыттағы ғылыми ізденістерді белсенді жүргізу, салалық мамандарды кәсіби даярлауды дұрыс жолға қою. Бүгінгі таңдағы білім саласына тоқталар болсақ, еліміз әлемдік білім беру кеңістігіне тереңдеп енді, дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесінде қолданылатын стандарттар мен ұстанымдар қолданысқа еніп отыр. Сөз бен істің арасында алшақтық болмауы үшін қазақстандық білім берудің барлық буынын сапалық жақсартуға күш салуымыз қажет. Сондықтан, отандық педагогтар қауымын ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Білім беру, тәрбие, өндіріс, ғылым, шығармашылық бір-бірімен өріле отырып, кешенді жүруіне қол жеткізу биік мақсатымыз. Осының арқасында жақын арада елімізде дуал­ды, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесі қалыптасатын болады. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіретін болдық. Қазақтың бір мақалы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Көреген саясаткер ретінде Ел­ба­сымыз жаңа Жолдауында 2020 жыл­ға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралы­ғындағы балаларды мектепке дейін­гі біліммен 100 пайыз қамтуды мін­деттеп отыр. Бұл да стратегиялық маңызы зор жоспар. Адами капиталды дамытуға салынған қаржы-қаражат пен ерік-жігер әрқашан өзін-өзі толығымен ақтайды. Бала тәрбиесі ертеңгі күнге жасалған ең қымбат инвестиция. Ал орта білім жүйесінде қазақ­стан­дық жалпы білім беру мектептерін На­зарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу межесіне қол жеткізсек, онда еліміздің орта білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сәй­кес­тенеді деген сөз. Мектеп түлектері болашақта қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеретін болады. Оларды оқыту оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпа­ратты терең талдау машығын игеруге бағытталмақ. Нәтижесінде ой-өрісі кең, ізденімпаз, шығармашылыққа жа­ны жақын азамат қалыптасады. Мұн­дай азаматы бар Қазақстанның бола­шағы кемел боларына сенім мол. Алайда, қазіргі таңдағы отандық орта мектептердің шешілмей жатқан проб­лемалары көп. Біраз аймақтарда мектептер жетіспейді, үш ауысыммен оқып жатқан қара домалақтар бар­шылық. Елбасымыз Жолдауында осын­дай келеңсіздіктерді жою туралы арнайы тапсырма беріліп, таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру тапсырылды. Елбасы Жолдауында жоғары білім беру мәселесіне ерекше назар аудартады. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына дербестік беру туралы мәселелерді азды-көпті көтеріп келді. Бірақ нақты шаралар туралы ешнәрсе белгісіз еді. Елбасы Жолдауында бұл мәселенің ақ-қарасы ашылды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарын, университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жоспарлы түрде іске асатыны анық болды. Шетелдің жоғары оқу орындарында бұл мәселе шешімін тауып және өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Оған нақты мысал ретінде біздің өз еліміздегі үлгі боларлық «Назарбаев Университетінің» тәжірибесі нақты үлгі болары анық. Сондай озық тәжірибелерді жоғары білім беру саласына ендіруді қуана құптаймыз. Бұл жаңашылдық мен өзім ұзақ жылдар бойы еңбек ететін, қазақтың тұңғыш жоғары оқу ор­ны Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университетінің әлемдік деңгейдегі санатқа көтерілетініне кәміл сенемін. Біздің университеттің жалпы әлеуеті, басшылық пен профессорлық-оқытушылық құрамның білімі мен біліктілігі заманауи жоғары білім беруге жұмылдырылғаны сөзсіз. Оқу үдерісін жүзеге асыруда инновациялық және интерактивті оқыту әдістері, жеке тұлғаға бағытталған білім беру, жобалық білім беру, кредиттік техно­логиялар кеңінен қолданылатыны, шетелдік университеттермен акаде­мия­лық ұтқырлық аясында студен­тер­мен алмасу, оқытушыларды тағы­лым­дамалардан өткізу, біліктілікті арт­тыру сияқты жан-жақты қарым-қатынастар осының дәлелі. Сонымен қатар, университетте жастардың көп тіл білуіне де басты назар аударылған. Университет түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін біліп шығуының маңыздылығын ескеріп арнайы Филология және көптілді білім беру институты ашылды. Онда тек қана тіл мамандарын ғана емес, сонымен қатар, бұл институтта барлық мамандықтар бойынша көп тілді білім беру жүзеге асуда. Бүгінгі таңда 19 көп тілді білім беру топтары, онда 500-ден астам студенттер білім алуда. Қазақстан осы Жолдауда қуатты ел құру сияқты биіктікті бағындыруды негізгі шарт ретінде қабылдап, әрбір қа­зақ­стандықтардың алдына осын­дай асқақ мақсаттарды қойып отыр. Отыздыққа ену республика жұртын биік белестерді бағындыруға жұмылдыратын жалпыұлттық идеяға айналып отыр. Қазақстан тұрақты елге айналуы үшін Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев қажыр-қайратын аяған жоқ, қоғамдық келісім мен саяси тұрақ­ты­лық­ты сақтауды ешқашанда күн тәрті­бінен түсірген емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бірегей ұйым құрып, бейбіт өмір сүрудің теңдесі жоқ үлгісін төрткүл әлемге паш етті. Бұл тұрғыда барша қазақ­стан­дықтардың бойына азаматтық патриоттық сезім ұялатуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын қызметі ерекше болмақ. Бүгінгі таңдағы көптеген жоғары оқу орын­дарында «Қазақстан халқы Ассам­блеясы» кафедраларының ашылып жатқандығы болашақта осы отыз­дыққа ену идеясын жүзеге асыруда жастар арасында олардың санасына орнықты енуіне ықпал ететін қызмет жасайды деп сенемін. Ассамблея аясында көптеген ұлттармен қатар күрдтердің де ұлттық-мәдени орталығы табысты қызмет етеді. Елбасы қолдауымен қазақ елі тарапынан қазақстандық күрдтерге ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға барлық мүмкіндіктер жа­сал­ған. Күрдтер де қазақтар сияқты «Мың өліп, мың тірілген», талай қайғы-қасіретті басынан өткерген халық. Күрдтер бейбіт өмір сүрудің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Біз өзіміз бақытты өмір кешіп жатқан кең-байтақ жерді «Қазақстан – туған Ота­ны­мыз!» деп құрметтеп, тәуелсіз еліміз­дің гүлденуіне өз үлесімізді аянбай қосып, оны қастерлеп сүйе­міз. Біздер Елбасымыздың әрбір Жол­дауы – елімізді алға қарай дамы­туға жігерлендіретін жол сілтер бағы­тын айқындаушысы болса, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қуатты елге бастайтын ұлы жолымыздың бастамасы деп есептейміз. Князь МИРЗОЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан күрділерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор.