• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Мамыр, 2022

Адам капиталы – басты құндылық

1740 рет
көрсетілді

Адам капиталы – біз әлеуметтік сала деп атайтын материал­дық емес активтердің жиынтығы. Бұл – денсаулық жағдайы, білім деңгейі, жинақталған білім­нің, дағдылардың, жеке адам­ның және жалпы қоғам­ның ақыл-ойының сапасы. Осы компоненттердің барлығы белгілі бір елде неғұрлым жақсы болса, адам капиталының сапасы соғұрлым жоғары және ел экономикасы да сәйкесінше күшті болады. Осы орайда Қазақ­стандағы адам капита­лы­ның даму жағдайы қалай екеніне кеңінен тоқталсақ дейміз.

Қарапайым адам мен мемлекет эко­номикасының арасындағы байланыс­ты былай түсінуге болады: егер адам өз еліндегі өмір сапасына қана­ғаттанса, балаларының болашағына сенімді болса, онда ол басқа жақ­тан Жерұйық іздемей, осы мемлекетте биз­­несін ашады, кәсіпорнын дамытады, жұмыс істейтін компаниясының көрсеткіштерін жақсартады. Бұл ретте еліміздегі еңбек нарығына үңіліп көрейік. Ресми деректер бойынша халық­тың еңбек табысы кейінгі 10 жыл­­да 10,9 пайызға, дәлірек айт­қанда 2010 жылғы 80,9%-дан 2021 жылы 70%-ға дейін төмендеді, ал әлеуметтік трансферттердің үлесі 15%-дан 26%-ға дейін өсті. Халықтың тек 20%-ын­да ел бойынша орташа номиналдан асатын кіріс бар.

Сондай-ақ 2010 жылдан бастап жұмыс орындарының тек 20%-ы жо­ғары өнімді салаларда, 42%-ы еңбек өнім­ділігінің орташа деңгейі бар секторларда (негізінен көтерме және бөлшек сауда), ал 38%-ы төмен өнімді секторларда – негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты басым салаларда құрылды.

Стратегиялық даму және реформалар агенттігінің басшысы Әсет Ерға­лиевтың айтуынша, Дүниежүзілік банк әлемдегі адам капиталын үнемі зерттеп отырады. Мұндағы индекс жаңа ұрпақтың адам капиталының даму деңгейін өлшейді. Қазақстанда бұл зерттеу 2010 және 2020 жылдары жүргізілді. Осы он жыл ішінде ин­дек­стің жалпы көрсеткіші 0,4 пунк­тке ұлғайып, барлық компонент бо­йын­ша ел көрсеткіштерінің жақсар­ғаны байқалды. Бірақ Қазақстанның көрсеткіштері ЭЫДҰ елдерімен салыс­тырғанда барлық жағынан төмен.

– Бағалар мен рейтингтерге түрлі көзқарас болуы мүмкін. Кейінгі зерт­теудегі өсуді көріп, тоқмейілсуге де болады немесе нәтижелерге мұқият қа­рап, содан кейін біз елдегі адам капи­талы­­ның деңгейі жеткілікті жоға­ры емес және біркелкі бөлінбейтінін көреміз. Ел­дің 2020 жылғы адам капиталы индексі ЭЫДҰ-ға мүше елдер бойынша 74%-ға тең орташа көр­сет­кішпен салыс­тыр­ғанда бала әлеуеті бойынша адам капи­­та­лының тек 63%-ына жететінін көрсете­ді. Бұл адам капиталының шамамен ­40%-ын жоғалтуды білдіреді, яғни бүгінде туған бала, егер ол толық, сапалы білім мен денсаулыққа ие болса, 63%-ға ғана өнімді болады, – деді Ә.Ерғалиев.

Еліміздегі адам капиталының на­шар­­лауының негізгі факторлары – білім беру, денсаулық сақтау және еңбек на­ры­ғы жүйелерінің эпи­демия­­лық әсер ету факторларына дайын емес екені. Мұны Сovid-19 пандемиясы айқын көрсетті. Бұған қоса жүйелі проблемалар – өңірлік сәйкессіздіктер бар. Елде білім беру мен денсаулық сақтау сапасының алшақтығы аймақтар арасында, әсіресе қала мен ауыл арасында өте үлкен. Жалпы, ел индексінің көрсеткіші – 0,63-ке тең. Көрсеткіштер Атырау облысында 0,57-ден, Нұр-Сұл­танда 0,69-ға дейін құбылады. Бұл ретте табиғи ресурстарға бай кейбір өңірлер, мысалы, Атырау және Маңғыстау облыс­тары аз қамтамасыз етілген өңір­лерге қарағанда адам капиталы бойынша төмен көрсеткіштерге ие.

Өңірлер арасындағы бұл айырма­шы­лықтарды айқындайтын ең үлкен фактор – білім беру сапасы. Дүние­жүзілік банк зерттеуі «білімді игеру» сияқты көрсеткішті қамтиды. Бел­гілі болғандай, кейбір өңірлерде алған білім біліктілікке айналмайды: елордада мектепте оқытудың орташа ұзақтығы 14 жылға жақын, ал білім бойынша орташа балл 440-қа жуық. Шымкентте мектепте оқу ұзақтығы Нұр-Сұлтан қаласымен бірдей, бірақ орташа білім 401 балға бағаланады. Өңірлер бөлінісінде ең төмен және жоғары көрсеткіштер арасындағы алшақтық 84 балды құрады, бұл 3 оқу жылына сәйкес келеді.

– Елде ештеңе жасалмады деп айту­ға болмайды. Әрине, жаңа мектептер мен ауруханалар салынды, ауылдық жерлерде жас мамандар үшін арнайы мемлекеттік қолдау бағдарламалары жасалды. Бірақ халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері орта білім беру сапасында үлкен алшақтық бар екенін көрсетеді. Өңірлер, аумақтар (қала-ауыл), оқыту тілі және отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бойынша үлгерімде елеулі алшақтық анықталды. Мәселе ауылдағы балалар білімсіз деген сөз емес, біздің ауылдарда ақылды және талантты балалар бар. Бұл көрсеткіштер мемлекет ретінде осы дарынды балалардың өз әлеуетін толық көлемде ашуы үшін жеткіліксіз жағдай жасадық дегенді білдіреді, – деді Ә.Ерғалиев.

Ауыл мектептерінде әлі күнге де­йін, әсіресе жаратылыстану-матема­тикалық цикл пәндері бойынша жоға­ры білікті педагогтердің тапшылығы және ақпараттық-коммуникация­лық технологиялардың даму мәсе­лесі ше­шіл­меген. Ауылдық жерлерде орна­лас­қан 2 мыңға жуық мектеп­те интер­нет байланысы жоқ. Бұл ауыл мек­тептері 1,5 млн-нан аса бала оқи­тын мем­лекеттік жалпы білім бере­тін мек­теп­тердің жалпы санының 70%-ын немесе оқушылардың жалпы контин­гентінің 42%-ын құрайды. Бұл – өңірлер, қала және ауыл арасындағы оқушылар үлге­рімі бойынша алшақтықты азайту үшін қажетті шаралар қолданылмаса, ел үшін әлсіреуі мүмкін зор әлеует.

Оқыту сапасындағы алшақтық мәсе­лесі кәсіби білім беру жүйесін­де де бар. Дүниежүзілік банк сарапшы­ларының бағалауы бойынша жоғары білім сапасынан ең артта қалған (Қызылорда облысы) және көшбасшы (Алматы) өңірлер арасындағы алшақтық 15 тар­мақты құрайды. Бұл Қырғызстан мен Аустрия арасындағы айырмашылық­қа тең. Мұның тікелей салдары – жыл ­са­йын 225 мың түлектің 70 мың­нан аста­мы жұмысқа тұрмайды, түлектер­дің 40%-ы мамандығы бойынша жұ­мыс істе­мей­ді және жоғары білімі бар жастардың 23%-ы біліктілігі төмен жұ­мыста қыз­мет етеді.

Денсаулық сақтаудағы жүйелі проб­­лемалар адам өмірінің сапасына да, ұзақ­тығына да тікелей әсер етеді. Айт­пақшы, 2020 жылы, оның ішінде пандемияның әсерінен 2019 жылмен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығы 1,8 жылға азайып, 71,37 жасты құрады. Бұл көрсеткіштің 3 жылдан аса уақытқа айтарлықтай төмендеуі Маңғыстау облысында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында байқалды.

Денсаулық бойынша адам капиталы индексінің дамуына «5 жасқа дейінгі балалардың өмір сүру деңгейі» көрсеткіші зор үлес қосады. Жалпы, Қазақстан бойынша бұл 99%-ды құрайды, 2020 жылы 5,5 жастан 7 жас­қа дейін ұлғайды. Ел көрсеткішінің жоғары болуына қарамастан, өңірлер арасында алшақтық бар: 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш бойынша ең жақсы жағдай Нұр-Сұлтан қаласында болды, одан кейін Ақмола және Павлодар облыстары, ал ең нашары – Қызылорда облысында. Бұл ретте коронавирустың күрделі ағымы мен жүкті әйелдердегі қатар жүретін аурулар ерте жастағы балалардың өлімі көрсеткішінің өсуіне әсер еткенін айта кету керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, семіздік пен темекі шегуге байланысты үрдістер аймақтар бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Темекі шегушілердің ең көп үлесі Сол­түстік Қазақстан (24,4%) және Пав­лодар облыстарында (23,6%), ал ең төмен үлесі Маңғыстау (13,9%) және Түр­кістан облыстарында (14,2%) кез­деседі. Семіздік бойынша ересек тұрғындар арасында жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (48%) байқалса, ең төмен көрсеткіш Қостанай облысында (7%) тіркелген.

Кейінгі екі жылда денсаулық сақ­тау жүйесінің шамадан тыс жүк­те­месі профилактикалық және амбула­ториялық көмектің қысқаруына әкел­ді. Медициналық кадрлардың жетіспеу­шілігі, әсіресе солтүстік және батыс аймақтарда байқалады. Бұл өз кезе­гінде денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтерге біркелкі қолжетімділік­тің болмауына және денсаулықтың негізгі көрсеткіштеріндегі аймақтық айырмашылықтарға әсер етеді.

Білім берудегі жүйелі проблема­лар құрылымдық реформаларды талап етеді. Стратегиялық даму және рефор­малар агенттігі шешуді талап ете­тін айқын міндеттердің бірі ретін­де мұғалімдерді ауылдық жерлер­ге тарту, оқу бағдарламаларын жаңғырту, техни­калық және кәсіптік білім беру­­дің (ТжКБ) нарықтық сұраныс пен қа­жет­тіліктерге сәйкестігі деп белгі­леді. Мұғалімдердің кәсіби даму мүм­кін­діктері кеңейтілуі керек. Мек­теп инфрақұрылымын жаңғырту қажет­тілігі өте жоғары. Мектептердегі екі немесе одан да көп ауысымның және жабдықталған ғылыми зертханалар мен базалардың жетіспеушілігінің кері әсері бірнеше рет атап өтілді. Сонымен қатар студенттердің еңбек нарығындағы дағдылар мен ережелерге, оның ішінде мамандарды педагогикалық даярлауды күшейту және өндірістен педагог кадрларды тарту, ТжКБ деңгейінде біліктілікті арттыру орталықтарын құру, технологиялық өзгерістерді ескере отырып, ТжКБ инфрақұрылымын тұрақты жетілдіру арқылы сапалы әсер ететін түбегейлі реформалар қажет.

Ал денсаулық сақтау жүйесінің реформалары медициналық көмектің сапасына және созылмалы аурулардың қаупін азайтуға, ұсынылатын меди­цина­лық қызметтерді алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмекке және сырқаттанушылықтың профилактикасына қайта бағдарлауға бағытталған бастамаларға назар аударуға тиіс. Бұл ретте теңсіздікті төмендету және адам капиталын дамыту басым түрде артта қалған өңірлерге әсер етіп, халықтың неғұрлым осал топтарына басымдық берілуге тиіс.