Мақтаарал аудандық спорт және дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және «Мырзакент» балықшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының қалалары мен аудандарынан және Шымкент қаласынан келген 100-ге жуық балықшы 37 командаға бөлініп, 3 күн бойы сынға түсті.
«Қазіргі заманда күйзеліске жиі ұшырайтын адамдар көп. Шаршағаныңды басып, күйзелісіңді жеңуге көмектесетін, өмір сүруге деген құлшынысыңды арттыратын демалыстың әрі спорттың ерекше түрі – балық аулау. Таза ауада, тұнық судың бойында жүйкең демалып, иммунитетің артатынын дәрігерлер де мойындайды. Сондықтан, Мақтаарал ауданы әкімдігінің атынан балықшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы үлкен іс-шараны өткізуді қолға алдық», деді аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев.
Ұйымдастырушылар «Шардара» су қоймасы балық аулауға ең қолайлы су айдындарының бірі екенін атап өтті. Өйткені аталған су қоймасы – Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандарының арасында орналасқан әрі еліміздегі ең үлкен 3-ші су қойма саналады. Сондай-ақ жылы аймақта орналасқандықтан, балық шаруашылығына да өте қолайлы.
Жарыстың шарты бойынша әр команда 3 адамнан құралды. Бір командада 6 қармаққа дейін пайдалануға рұқсат берілді. Қайықпен балық алулауға тыйым салынды. Жарысқа спирттік ішімдік алып барған командалар бірден ойыннан шығарылды.
22-24 мамыр аралығында өткен жарыс нәтижесінде 4-орынды «Ринат» командасы, 3-орынды «Абиш» командасы, 2-орынды «Сабыр» командасы жеңіп алды. Ал 1-орынды «Абдул-Қасым» командасы иеленіп, республикалық балық аулау жарысының чемпионы атанды.
Сонымен қатар қармақты ұзақ қашықтыққа лақтыру бойынша және «Алғашқы балық», «Үлкен балық» номинациялары бойынша да арнайы орындар берілді.