Жетісуда өндіріс орындары көптеп ашылып, ел экономикасын дамытқан үстіне дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосып отырған ауданның бірі Жамбыл ауданы болып саналады. Бір ғана мысал ретінде «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС-ін айтуға болады. 2012 жылы құрылыс жұмыстары басталған өндіріс орнында небәрі бір жылда жұмыртқа бағытындағы тауықтарды бағатын 4 және балапандарға арналған 1 корпус салынып, онда қазіргі таңда 230 000 бас құс бағылуда. Былтырғы жылы бұл өндіріс орны 9 млн. дана құс өндірісі талабына сай жұмыртқа өткізіп, ИСО стандартына сай сертификат алған еді. Сонымен қатар ұлттық бизнес мәліметі бойынша «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС ТМД-да ең жақсы агроөндірістік жоба болып танылды. «2013 жылғы Қазақстан лидері» деген құрметті атаққа ие болып, Францияның ұлттық өндіріске қатысушылар ассоциациясының «SEIN» алтын медалін алғаны тағы бар. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланған өндіріс орны ғылыми негізде жаңа технология бойынша құс өндірісі талаптарына сәйкес салынуда. Жеке ветеринарлық зертханасы бар кешенде енді қосымша 9 корпус салынып, барлығы 14 корпустан тұратын болады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жобаның жалпы құны 877 млн. теңгеге бағаланған. «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС 2014 жылы 65 млн. дана жұмыртқа өткізу үшін қарқынды жұмыс жүргізуде. Сол бағыттан таймай 2017 жылы 168 млн. дана жұмыртқа өндіруді жоспарлаған. Оның нәтижесін уақыт көрсетер, бүгінде еліміздегі ірі супермаркеттерде осы өндіріс орнының өнімдері молынан сатылуда.
«Өндіріс орнында құсты тамақтандырудан бастап жұмыртқасын орап реттеуге дейін толығымен автоматтандырылғандықтан 42 адам жұмыс істейді. Қатардағы жұмыскерлердің айлық жалақылары 50-70 мың теңге. Бұл таза жалақылары, оның сыртында өндіріс орны ретінде әр жұмысшының табыс салығын және айлық жалақысының зейнетақы қорына тиесілі пайызын төлейміз. Әрине, білікті мамандар 140-150 мың теңге айлық жалақы алады. Жұмыскерлер толығымен арнайы тапсырыспен тігілген жұмыс киімімен қамтылған. Алдағы уақытта тегін тамақтандыратын боламыз. Таяу уақытта құрамажем зауытын іске қосамыз. Бүгінгі таңда біз құс азығын келісімшартқа сәйкес өзге құс фабрикасынан сатып алудамыз. Күн сайын 25 мың тонна азық береміз. Бізге түрлі мәселелер бойынша жергілікті билік жақсы көмек көрсетіп тұрады. Электр қуаты мен көгілдір отынды өндіріс орнына дейін тартуға мемлекет көмектесті», дейді «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС атқарушы директоры Сергей Асанов.
Қорыта айтқанда, бұл өндіріс орны ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы.