• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Тұрақтандыру қорының тағы бір бөлімі ашылды

349 рет
көрсетілді

Дүкендерде ғана емес қала базарлары мен түрлі сауда нүктелерінде де қарапайым халық үшін ең бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың қолжетімді болуы қарастырылуда. Осыдан біраз жыл бұрын бағаны тиімді әрі бірқалыпты ұстау мақсатында арнайы тұрақтандыру қорлары  құрылған болатын. Семейде осыған орай  тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын тағы бір сауда орны ашылды. Ол «Ақшың» базарында орналасқан. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы меморандумның арқасында тұтынушылар есігін айқара ашқан бұл нүктедегі тауарлардың бағасы келісімге сәйкес тіпті, дүкендер мен базардан да біршама арзан. Мәселен, қант  келісі 152 теңгеден, қарақұмық 120 теңгеден, өсімдік майы 280 теңгеден,  картоп, көкөністердің барлық түрі 55 теңгеден сатылады. Семей тұрмақ, қала маңындағы ауылдар мен облыс аудандарынан  базаршылап келгендер  арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болғандарына дән риза. Аталмыш сауда нүктесінің ашылуында «Шығыс Самғау» ЖШС төрағасының орынбасары Талғат Мұратов пен кәсіпкерлік және  сауда секторының меңгерушісі Әмина Сыздықова бұл орындағы тауарлар құнының жақын аралықта ешқандай өзгеріске ұшырамайтындығынан хабардар етті. –  «Ақшың» қаладағы ең үлкен базар әрі орталықта орналасқан, – деді Әмина Сыздықова, – сондықтан да қала тұрғындары ғана емес, облыс тұрғындарының да келіп-кетуіне аса қолайлы. Тағы да айта кетерім, бүгін «Юность» шағын ауданында да тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын осындай үш нүкте ашылды. Сондай-ақ, «Дина» дүкенінде де азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сататын арнайы орын бөлінді. Қазір қалада тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын 40-тан астам нүкте бар.  Осы аптаның соңына дейін олардың санын алпысқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. – Біз сияқты тұрмысы төмен отбасыларына жағдай жасап отырған әкімдікке ризамыз, – деді қала тұрғыны Бәтима Байжұманова – көпбалалы анамын. Шыны керек, доллар өсті деген кезде біраз алаңдап қалғанымыз рас. Дегенмен, көңілім орнына түсті. Мына ашылған сауда орнындағы бағалар маған ұнады. Қалада бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін алдын алу шаралары жақсы жүріп жатыр. Соның бір дәлелі осындай әлеуметтік дүкен, нысандар қатарының көбейуі. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.