• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2022

Күріш өнімін арттыру жайы сөз болды

476 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының шақыруымен Сыр бойына Украина ұлттық аграрлық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко, күріш зерттеу институтындағы тәжірибелік шаруашылық директоры Андрей Борейко, кәсіпкер Александр Полохов келіп, өңірдегі су, ауыл шаруашылығы саласына жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен, шаруалармен кездесті.

Украиналық ғалымдар қа­тыс­қан кездесулерде шаруа­шы­­лықты әртараптандыру, суды тиімді пай­далану, екіжақты сауда-сат­тық пен күріш шығымын арттыру тал­қыланды.

Сырдария суының жыл са­йын сарқылып келе жатқанынан украиналық ғалымдар да хабардар екен. Олар өз елдеріндегі осындай проблеманы шешу тә­жірибесін айтты. Екі облысы күріш егумен айналысатын Украи­нада суды бізге қарағанда екі есе аз пайдаланады. Бұл Үкімет, жергілікті атқарушы орган және кәсіпкерлер бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесі. Қонақтар жалпы бұл мәселе Ук­раи­нада арнайы мемлекеттік бағ­дарлама арқылы шешілгенін айтады.

– Шаруашылық иелері ең алдымен күріш егілетін алқаптың тегіс­тігін қолға алуға тиіс, ал әкім­дік каналдарды қоршап, ре­конструкция жасап, астын бетондап, жауапты мекеменің балан­сына беру жұмыстарын ұйымдастырғаны жөн, – деді В.Дудченко.

Украиналық делегаттар кү­ріш сорттары жайлы да айтып өтті. Қазір қызылордалық диқандар қолданып жүрген тұқымдар гектарына 50-60 цент­нерден айналса, 105 күнде пі­се­тін украи­налық күріштен бұдан да жоғары өнім алуға болады. Былтыр Жа­лағаш ауда­нындағы «Ер Әлі» шаруа қожа­лығы осы тұқымды егіп, гектарына 90 цент­нерден өнім алды.

Қонақтар қызылордалық кә­сіп­керлермен сауда-саттық жағ­дайын да талқылады. Екі жақ өкілдері соңғы уақыттағы геосаяси жағдайларға байланысты кі­дірістеп қалған байланысты жандандыруға дайын екенін айтып, тауарды жеткізу бағытын ақылдасты. Қос ел мамандары ауыл шаруашылығын әр­та­рап­тан­дыру мәселесін, бір­лес­к­ен жобалар жайын да сөз етті. Ук­раи­налықтар келешекте Сыр б­о­йында қант өндірісін жүзеге асырып көрмек.

– Украиналық әріптес­те­рі­міздің тәжірибесі бізге көп көме­гін тигізеді деп үміттенеміз. Алда тың тәжірибелерді облыс кәсіпкерлеріне жеткізіп, жүзе­ге асыру мүмкіндіктерін қарастырамыз, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

 

Қызылорда облысы