Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек жол ережелерін жиі бұзатын жүргізушілер мобильдік қосымша арқылы анықталатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Жол қозғалысын автоматты қадағалаудың тиімділігін арттыру үшін Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильдік қосымшасы жасалды. Онда «Сергек» жүйесі камералары мен ІІМ жедел басқару орталықтары қызметінің мүмкіндіктері біріктірілген. Мобильдік қосымшаға келіп түскен мәліметтер дереу полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі. Бұл жол қозғалысын бұзған автомобильдерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді», деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, арнайы мобильді қосымшаның көмегімен жалған мемлекеттік нөмірлі автомобильдерді, техникалық байқаудан өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көлік иелерін анықтауға, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды төлемей жүрген көлік иелерін іздеп табуға болады.
«Полиция қызметкері жүйе арқылы 10 минуттың ішінде 2 немесе одан көп заңды бұзған «қауіпті жүргізуші» туралы ақпарат алып, дереу шара қабылдайды. Мобильдік қосымша биыл 19 сәуірден бастап Шымкентте, 25 сәуірден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілді. Аталған қалаларда жүйе жұмыс істеген сәттен бастап жол қозғалысы саласында 26 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 1 078 автокөлік ұсталып, айып тұрағына жеткізілді», дейді ол.
Қазір бұл жаңашылдық Өскемен және Атырау қалаларында енгізілген.
«Мәселен, Нұр-Сұлтанда ресейлік нөмірі бар ВАЗ 2114 автокөлігі ұсталды, оған 4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Шымкент қаласы бойынша шетелдік тіркеуі бар 1041 автомобиль ұсталды, олар 4033 рет жол қозғалысы ережесін бұзған», дейді Ш. Тұрлыбек.