Халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тиісті бұйрыққа қол қойды.
«Халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойдым. Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді. Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алды. Осылайша ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын. Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады. Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр», деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.