• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Халықаралық резервтер өсті

274 рет
көрсетілді

Кеше Ұлттық банктің Алма­ты­дағы ғимаратында банк төрағасы Қай­рат Келімбетов ұлттық валю­та­ның тұрақтылығы мен бірқатар қаржы мәселелеріне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. Бас банкирдің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылғы наурызда Ұлттық банктің халықаралық резервтері ұлғайып, жалпы халықаралық резервтері 26,5 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 2,0 пайызға өскен. Жыл басынан бергі бұл көрсеткіш 7,5 пайызды құрап отыр. Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 0,7 пайызға артып, 25,7 миллиард АҚШ долларын құраған. Ішкі валюта нарығында валютаны сатып алу және Ұлттық банктегі Үкіметтің шоттарына валютаның келіп түсуі, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету, Ұлттық қор активтерін толықтыру, сондай-ақ банктердің Ұлттық банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуімен бейтараптандырылған. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2014 жылғы наурызда 1,5 пайызға ұлғайса, тиісінше алтындағы активтер жүргізілген операциялар және оның әлем нарықтарында бағасының өсуі салдарынан 1,5 пайызға төмендеген. «2014 жылғы наурызда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ дол­лары үшін 181,78 бен 184,08 теңге ара­лығында өзгерді. Айдың соңында теңгенің  биржалық бағамы  бір айда 1,1 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 182,06 теңге болды», дейді Ұлттық банк төрағасы. Жалпы алғанда, ішкі валюта нары­ғын­дағы операциялардың көлемі 2014 жылғы  ақ­панмен салыстырғанда 15,3 пайызға тө­мен­деп, 9,2 миллиард АҚШ долларын құра­ған. Басқа да мәліметтерге көз жүгіртсек, азық-түлік тауарлары нарығында 2014 жылғы наурызда көбінесе жемістер мен көкөністер біршама қымбаттаған. Мысалға, пияз – 12,1%, орамжапырақ –  9,0%, картоп – 6,8%, қант – 5,8%, балық және теңіз өнім­дері – 1,8%, күріш –  1,7%, сүт өнімдері – 1,2%, ұн – 0,9%, нан 0,8% қымбаттаса, кері­сінше жұмыртқаның бағасы  – 2,8%, қара­құ­мық жармасы –  1,5% және күнбағыс майы 0,6% төмендеген. Банктердің экономиканы несиелен­діруінің жалпы көлемі 2014 жылғы ақпанда 12069,4 миллиард теңгені құрап, 6,7 пай­ызға өскен. Ұлттық валютадағы несиелердің көлемі 7940,6 миллиард теңгеге дейін, яғни 0,3 пайызға ұлғайып, шетел валютасындағы несие көлемі 4128,8 миллиард теңгеге дейін (21,4 пайызға) өсіп отыр. Теңгедегі несие­лердің үлес салмағы бір айда 69,9 пайыздан 65,8 пайызға дейін төмендеген. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.