Баспаналы болуға бастайтын қазақстандық ипотекалық компаниясының «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы
Қазіргінің сөзімен сөйлесек: Қай қазақстандық жеке баспаналы болуды қаламайды дейсіз?! Және «өз бекінісін» иемденіп, оны жақсартуды кім армандамайды дейсіз! Алайда, нарық бағасына көз жүгірткеннен кейін, отандасымыздың еңсесі түсіп, шарасыз күйде қалады. Тұрғын үйлердің бағасы нөл санына «тұнып» тұрады. Тұрғын үйге қол жеткізу үшін классикалық құралдардың нарықтық талаптары: бастапқы жарна – отыз пайыз, жылдық – он бір. Осылайша бізге бірден көп қаражат төлемеу үшін жөні түзу талаптар мен өзге нұсқаларды іздеуге тура келеді. Өткен 2012 жылы Үкімет «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын бекітті. Аталмыш бағдарлама аясында қорғансыз қалған тұрғындар топтары: ардагерлер, жетімдер, көпбалалы отбасылар және өзге де жандарға көмектесуді алға тартатын «Қазақстандық ипотекалық компания» ИҰ» АҚ (ҚИК) – бағдарламадағы төрт операторларының бірі болып саналады. Коммерциялық банк арқылы тұрғын үй алу үшін классикалық құралдарға қол жеткізе алмайтын адамдарға аталған бағдарлама – қазіргі таңдағы ең қолайлы шешім. Бағдарлама туралы толығымен айтып жатудың қажеті жоқ, барлық ақпаратты ғаламтор беттерінен оп-оңай таба аласыз. Алайда, жуырда 2014 жылдың 31 наурызында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы №821 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы шықты. Бірден айта кетейік, аталмыш өзгерістер «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын одан сайын қолжетімді етуге нақты жол ашады. Енгізілген өзгерістер: • «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қатысу рәсімін тәртіпке келтіреді; • Бағдарламаның қатысушыларын іріктеу жұмысын жергілікті атқарушы органдарға жүктейді; • Құжаттардың толық пакетін бекітеді; • Бағдарламаның бұрыннан қатысушысы болып саналатын адамға тағы қайта тұрғын үй алу оқиғаларын қайталамаудың алдын алады; • Жалға берілетін тұрғын үйді жүзеге асырудың ортақтастығын бөледі. Яғни, бірінші топта 70% және екінші топта 30%. Жалға берілетін тұрғын үйді бөлудің арақатынасы жайында сөз қозғасақ, мұнда түсініктеме бере кеткен жөн. Жалға берілетін тұрғын үй алуға үміткерлер ендігі кезекте екі топқа бөлінеді: I-топ: Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы) 67-бабындағы 1-тармағының 1-1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар санаты, нақты айтсақ: 1-1) ата-ана қарауынсыз қалған жетім балалар; 2) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабында 1-1), 5), 7), 11) тармақшаларында көрсетілген, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы бар отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары; ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға қолданылмайды; 3) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке үміткерлерге, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға. Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар: 1-1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; 2) 1 және 2-топтағы мүгедектер; 3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; 4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; 5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; 6) оралмандар; 7) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; 8) көп балалы отбасылар; 9) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; 10) толық емес отбасылар жатады. II-топ: Барлық тұлғалар санаты, соның ішінде «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың «Тұрғын үй» бағыты бойынша басым құқық берілген санаттары да кіреді: • мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметкерлері; • әлеуметтік салада төменде көрсетілген қызмет түрлерін іске асыратын кез келген меншік түріндегі мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлері; • косметологиялық қызметтен басқа медициналық қызмет көрсету; • мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында қызмет көрсету; • ғылым, спорт (коммерциялық сипаттағы спорттық ойын-сауықтан өзге), мәдениет және өнер (шоу-бизнесті қоспағанда) саласы. Ал, мына жоғарыда аталған өзгерістердің бірқатары, біздің ойымызша бұған толығырақ тоқталып өткен жөн. Жылжымайтын мүлікке қатысты алыпсатарлықтың алдын алу үшін бір адам бағдарламаның барлық бағыты және Қазақстанның барлық өңірлері бойынша тұрғын үйдің 1 бірлігін ғана өз меншігіне алуға немесе кейін сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға алуға құқығы бар. Сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қатысуға құжаттар қабылдау және іріктеу жұмысымен жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) айналысатындығын білген жөн. Құжаттар ЖАО-мен ресми түрде расталғаннан кейін ғана бағдарламаның операторына бағытталады. ЖАО оператор, соның ішінде «ҚИК» ИҰ» АҚ төлем қабілеттілігін растаған қатысушыларды тұрғын үй алуға үміткерлердің тізіміне қосып, бағдарламаға қатысушылардың – әлеуетті жалға алушылардың тізімін жалға алу туралы келісімшарт жасауға «ҚИК» ИҰ» АҚ-қа бағыттайды. «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың құзырында – бағдарлама қатысушыларының төлем қабілеттілігіне баға беру, «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ тәуелді ұйымы арқылы құрылысты қаржыландыру және бақылау міндеті бар. Үкіметтің қаулысына енгізілген жоғарыда аталған және өзге де өзгерістер мен толықтыруларды ғаламтор беттерінен қарауға болады. Мысалы: http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1200001189 сілтемесі бойынша. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».
•
18 Сәуір, 2014
Баспаналы болуға бастайтын
379 рет
көрсетілді