• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Дос туралы сөз

651 рет
көрсетілді

Асыл азамат Ақжолтай Мәмбетәлиев арамыздан кеткелі бір жыл уақыт өтті

АҚЖОЛТАЙ!!! Сен туралы өткен шақта сөйлеуге ауыз бармаса да Алланың әміріне амалымыз қайсы? Өзіңсіз тұзы кем тағамдай бір жылды да өткердік, бауырым! Қанатыңды кеңге жайып қыран құстай қалықтап, қамшы салдырмай, көсіле шапқан таза қанды қазанаттай шарықтап келе жатқан арғымақ-арыныңның кілт үзілгеніне өкініп, көкірегімді мұнар мұң басады. Сен өте көпшіл, баршаға ортақ,  жеке-дара Ақжолтай едің ғой. Адамға жақын, кісіге  жұ­ғымды, қашан да жарқыраған жұлдыздай, айтулы да аптал азамат болатынсың. Жұмыр бас­ты пенденің бойында қандай ізгілікті де парасатты қасиет болу керек болса, соның бәрі сенде бар еді. Сол үшін сен менің ғана емес, өзіңді сыйлайтын әркімнің жүрегінің төріндегі жекеменшік Ақжолтайысың. «Менің» деп меншіктегенім де сондықтан. Екеуміз де қарапайым шаруа отбасының ұландары болсақ та, ұстаздарымыздың тәлімін ала жүріп, бір-бірімізді тәрбиелеппіз. Мен ауылдық мектептің қатар­дағы мұғалімі, сен аудандық аурухананың қатардағы оташы дәрігері болып жүргенде-ақ: Көресің, біз өз саламыздың аудандық басшысы боламыз, – дейтінсің.  Менің ойым түгілі санамда дым жоқ. Бос қиялдай елес­теп,  күлем де қоям. Сөйтсем сен  асқан сұңғыла екенсің. Болжамың дәл келді. Қызмет сатысында бір-бірімізді  үйрете жүріп үйрендік. Ауданның бас дәрігері  болып бекітілгеннен кейін абыройың да асқақтап, елге кеңінен танымал болдың. Азаматтық тұрғыдан қоғамға белсене араласуыңның арқасында қайраткерлік дәрежеге де қол жеткіздің. Қатарынан үш мәрте Алматы облыстық мәс­лихатының депутаты болып сайланғаныңда, екі мәрте сенімді уәкілің болып, қуанышпен құл­шына  қошаметтеп, жаныңда жүрдім. Ғұмыр бойы орысша оқып келсең де қазақи тәрбиенің тамырын, халқымыздың бай дәстүрін 100 жастан  асып өмір сүрген, тәуіп-емші Тоқбала әжеміздің арқасында бойыңа сіңірген азамат едің. Сырқаттарға сөзіңмен  шипа беріп, дарыныңмен дауалай білетінсің. Көңілі пәс жандарға төтеннен келген Қызыр бабадай әсер қалдыратынсың. Ақтамда тұрсам да, Алматыда тұрсам да аражігіміз ажырамай ширек ғасырдан астам көңі­лімізге кірбің түсірмей, кісілі­гімізді кірлетпей айнымас дос болып­пыз. Соңғы бес жылда екеуміз екі қиырда жүрсек те байланысымызды үзбей, неше түрлі жолдармен адамды өзіңе қарай тартып алатын құдіретіңмен «Ақылды бол!» деп аяқтар әдемі, әзілді үніңді де аңсаттың! Бүгінде қалта телефонда аяу­лы атыңды әлі сақтап жүрміз. Соңғы жазған сөздеріңе дейін өшіруге қол бармайды. Сенің әр қырың мен сырыңды айтып, тауысу мүмкін емес. Егер сен дәрігер болмай әнші болсаң – күміс көмей, жезтаңдай, актер болсаң – асқан саңлақ, спортшы болсаң – топ жарған, мұғалім бол­саң – озық ойлы, ұлағатты  ұстаз бола алатындай аса дарынды едің. Мұсылмандық парыз бен халқымыздың салт-дәстүрін де терең меңгерген Сен бізді адастырып, ауыртып кетсең де  өзің айта беретін: «Өмір бар жерде өлім бар» деген қағиданы қатал да болса мойындайсың. Жаныңда жүрген жақсы кісілерді жоғалтқанда ж­а­ның ауырып, жүрегің сыздай­ды. Басқа түскен кез келген ауырт­па­лықты, оның ішінде қазаны шүкір­шілікпен көтеру керек. Бұл тәмсіл шариғатта да қадап ай­тыл­ған» – дейтін ақылды сөзіңе тоқталамыз. Достық парызды ақтау – үл­кен міндет. Тірлігіңде сол парыз­ды мүлтіксіз атқарған  сен – жүре­гіміздегі мәңгілік ағыл-тегіл сағы­нышсың, алдың ақ жайлау – жампозым, ай маңдайлы – Ақжол­тайым – Айбозым!  Пейіштен нұрың шалқып, мінгенің – пырақ, ұста­ғаның шырақ болсын, жан досым! Мәңгілік рухыңа тағзым етуші достарың мен жақындарыңның атынан Нұрмұқа Рысбайұлы ШӘЙМЕРГЕНТЕГІ.