Жер жаннаты – Бурабайдың көркем де келісті, айшықты да ажарлы келбетіне айрықша әсем шуақ дарытып, сұлулығын үстейтін, тостағанға құйғандай толықсып жатқан күміс көлдері екені даусыз. Бір әттеген-айы, тамаша табиғатты уақытында аялай білмейтініміздің, бардың бағасын байыптай алмайтынымыздың кесірінен Шортанды мен Айнакөл тәрізді әлденеше айдындардың су қоры жыл өткен сайын азайып келеді.
Сулы, нулы Көкшеде, кең көсілген Қорғалжын даласында айдын шалқар аз емес. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын жинақта бір ғана Көкшетау өңірінде үлкенді-кішілі 1 515 көл бар екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, сол қисапсыз көлдердің
1 320-сының суы тұщы болған екен. Дәл қазір соқаның тісімен жоны жараланып, жотасы жермен-жексен болған далада қанша көлдің қалғанын ешкім тап басып айта алмайды. Міне, табиғатқа деген көзқарасымыз осындай.
Өзгесін былай қойғанда, халықтың көз алдындағы, курортты өңірдегі көлдер де адам қолымен жасалатын кесапатты тартып отыр. Таяуда Назарбаев университетінің постдокторанты Маржан Байғалиеваның Шортанды көлін зерттеп, су балансының моделін жасағаны туралы естігенімізде жанашыр жандар бар екен ғой деген үміт оты лаулағанын несіне жасырамыз. Табиғат жанашыры туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ол 2013 жылы Дублин университетінің колледжінде магистр дәрежесін алды, ал 2021 жылы Ноттингем университетін географиялық информатика саласындағы PhD дәрежесімен тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық және Назарбаев университетінің «Талап» стипендияларының иегері. Докторлық диссертациясын дайындау барысында «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде орналасқан көлдерге арналған су теңгерімін әзірлеумен айналысқан.
Ғалымның айтуына қарағанда, арнайы жоба аясында іргелі гидрологиялық байланыстар негізінде Шортанды көлінің су балансының жаңа моделі әзірленді. Бұл модельде көлдің бір тәуліктің ішінде өсімдіктердің суды буландыруы, қар суы мен жауын-шашын мөлшерін есептеу арқылы көлдегі су деңгейі мен оның көлемі ай сайын таразыланады. Сонымен бірге модельде антропогендік суды тартудың болжамы да бар екенін айта кеткен жөн. Баланс моделі жаһандық температураның өсуіне де байланысты.
Жалпы, көлдерді жазық далалық және таулы қыратты көлдер санатына саралап, екіге бөлуге болады. Бір ерекшелігі, сайын дала төсіндегі шағын көлдердің суы негізінен тайыз болып келеді, жан-жағынан келіп қосылатын ағынды су жоқ. Сол себепті құрғақшылық жайлаған жылдары дала көлдерінің тартылып қалуы жиі кездеседі. Ғалымдардың есебіне қарағанда, қырық күн шілдеде судың буға айналып ұшып кету мөлшері бір жылдық жиналған судың 70-80 пайызына дейін жетеді. Ал таулы-қыратты жерлердегі көлдер дала көлдеріне қарағанда біршама терең әрі суы молдау. Міне, осындай көлдердің қатарына Бурабай баурайындағы айдындарды жатқызуға болады. Әйтсе де, уақыт өте келе бархан таудың баурайындағы күміс көлдер де адам қолымен жасалған қиянаттың салдарынан тартылып, суы азаюда. Себебін айта кетелік, көл суы негізінен бұлақпен қоректенеді. Жағалауға жақын, көлге иегін артып салынған құрылыс қаншама?! Осының барлығы табиғи су жылғаларын бітеп, бұлақ көздерін жауып тастады. Қоректенбеген көлдің келешегі жоқ. Көкшетаулық ғалым Айтқажы Қазбековтің зерттеу жұмысында 1960-жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, Шортанды көлінің деңгейі шамамен 7 метрдей төмен түскені айтылады. Бағзы жағалаудан бір шақырымға дейін алшақтап кеткен. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген, Бурабайдың адам аяғынан азбай тұрған кезінде, таза, саф уақытында ат ізін салған белгілі саяхатшы В.Семеновтің есебінде Шортанды көлінің ұзындығы 7 верст, ені 5 верст, тереңдігі екі аршын болғандығы туралы мәлімет бар. Егер ежелгі ұғымды қазіргі өлшемге қотаратын болсақ, 1 верстің – 1,0668 шақырым екені белгілі. Демек Шортанды көлі әу бастағы көлемінен көп кішірейген.
Маржан Байғалиеваның пікіріне сүйенсек, көл тағдыры қыл үстінде тұрғанға ұқсайды. Әрине, Бурабай баурайындағы күміс көлдер еліміздің басты туристік аймағы екені белгілі. Заманында балығы тайдай тулаған Шортанды көлі Щучье қаласынан тайшаптырым жерде ғана. Осы өңірге ат ізін салған жанның Шортандыға соқпай кетуі мүмкін емес. Жалғыз адам аяғы ғана емес, суға қажеттілік осы көлдердің есебінен өтелген. Кейін көл суының бірте-бірте тартылуына себеп болды. Ұзақ уақыт бойы Щучье қаласын сумен қамтамасыз ету үшін жерасты және жерүсті сулары пайдаланылды. 2000 жылы «Бурабай» ұлттық паркі құрылғаннан кейін туризм саласы бұрнағы жылдармен салыстырғанда, біршама қарқынды дамып, суға деген сұраныс өсе түсті. Міне, сол уақыттан бері Бурабай, Шортанды, Үлкен және Кіші Шабақты, Майбалық көлдері тартыла бастады. Көл суын пайдалану 0,5 млн текше метрден 3 млн текше метрге дейін жетті.
– Бурабай көлдерін басқару стратегиясы әлденеше рет өзгеріске ұшырады, – дейді М.Байғалиева. – келешекте гидрологиялық модельдер арқылы көлдердің құрғау себебін анықтай аламыз. Басқару стратегиясы арқылы жойылып кетуіне жол бермейміз.
Жас ғалымның пайымдауынша, көгілдір көлдердің көпшілігі тартылып қалған өзен жүйелерінен түзілген екен. Жалпы, апаттың тенденциясы XIX ғасырдың соңында басталған. Айталық Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты мен Қотыркөл көлдері бір су алабына тиесілі. 1930-1940 жылдардағы алапат құрғақшылық кезінде су деңгейі қатты өзгеріске түскен. Сол себепті қазір Бурабай көлдері эндорейлік көл санатында. Эндорейлік көлдер қоршаған ортаның кез келген өзгерісіне және адамдардың араласуына өте сезімтал болып келеді.
– Еліміз үшін су ресурстары өте қажетті, – дейді М.Байғалиева. – географиялық орналасу ерекшеліктеріне байланысты көптеген өзен трансшекаралық ресурстар болып табылады. Бұл арада жергілікті көлдерді бақылау мен сақтау өте маңызды екенін айтқым келеді. Бүгінде ғылыми гранттар арқылы су ресурстарына бірқатар зерттеу жасалып жатыр. Алайда елімізде гидролог мамандар тапшы. Сондай-ақ су ресурстарын сақтап қалу үшін гидрологиялық модельдерді жетілдіру қажет. Бұл үшін бірқатар климаттық дерек керек болады. Қазіргі кезде мұндай деректер қолжетімсіз немесе толық емес. Менің ойымша, климатты бақылау жүйелерін жетілдіріп, мұндай деректерді қолжетімді ету қажет.
Шортанды көлін зерттеген жас ғалымның пайымы осындай. Енді өз тарапымыздан бір ауыз пікір қосалық. Бурабай баурайындағы күміс көлдердің ішіндегі ең тазасы – Әулиекөл. Қазір кейбіреулер бұл су айдынын Бурабай көлі деп те атайды. Ең өкініштісі, Әулиекөлдің де су қорының азайып бара жатқандығы. Әрі көл табанында жылдар бойы жинақталып қалған өркеш-өркеш шөгінділер орасан зор зиянын тигізіп отыр. Көлдің оңтүстік жақ бөлігінде өте қалың қабат пайда болған. Әне бір жылдары көл жағалауында су өсімдіктері қаулап, қалың болып өсіпті. Кейін ол өсімдіктер шіріп, бірте-бірте көлдің табанына шөге бастаған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, табиғаттың дидарына кіреуке түспей тұрған ертерек уақытта Иманай мен Сарыбұлақ ағындылары Әулиекөлге құйылып, күміс көлдің суы жыл сайын молайып отырса, кейінгі жылдары бұл өзендер бірте-бірте тартылып, ағысынан жаңылған. Мамандардың айтуына қарағанда, көл қабағының кемуі, судың тартылуы осы себепке байланысты. Енді не істемек керек? Қарапайым қисынға салсақ, ең алдымен сыздықтап құйылып тұрған қос өзеннің аңғарын тыңғылықты тазартып, көктемгі еріген қар суымен, жазғы жаңбыр суының ысырап болмай, көлге жететіндей жағдайын жасау керек. Екінші мәселе, бір кезде жамырай, жарыса аққан бұлақ суларының бітелуі. Әрідегі себебін ақтарсаңыз, тың және тыңайған жерлерді игерудің табиғатқа тигізген залалы. Бурабай баурайындағы жауын және қар суы жиналатын еңіс-ойпаттар жоспар қуалаудың кесірінен жаппай жыртылып тасталды. Сөйтіп табиғаттың өзі қалыптастырған су ағындарының байырғы жолы бұзылды. Енді жалғыз Шортанды көлін ғана емес, аймақтағы барлық ақ айдынның ахуалын мұқият зерттеген жөн. Барлық келеңсіздіктің тамырын анықтап, бастапқы қалпына келтірсек, бір ғасыр бұрынғы қалпына қайта келер еді. Рас, ел үміт еткен жобалар жасалды. Әне бір жылы көл түбін тазалау үшін жарияланған тендерді Германияның атақты фирмасы да жеңіп алған. Табиғат жанашырлары бір жақсылық болар деп үміттенген. Бірақ қыруар қаражат аққан судай белгісіз бағытта жоғалып кетті.
Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сауал көпшілікті қатты толғандырып отыр. Сондықтан көл тағдыры көптің көкейінде, оның ішінде де жанашыр биліктің жадында жүрсе, жақсы болар еді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы