2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 6,46 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,1% артты, деп хабарлайды Egemen.kz
2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 5,56 млрд АҚШ долларын құраған болатын. Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретіндегі орнын сақтап, өзара сауда көлемі бойынша екінші орында тұр. Сонымен қатар, Ресей импорт пен өнеркәсіптік кооперация бағытындағы маңызды нарықтың бірі.
Қазақстаннан Ресейге экспорт негізінен металлургия және шикізат өнімдері есебінен қалыптасты. Негізгі экспорттық тауарлар қатарында ыстықтай илектелген легирленбеген жалпақ прокат (131,8 млн АҚШ доллары), темір кені мен концентраттары (77,8 млн доллар), қапталған жалпақ прокат (77 млн доллар), суықтай илектелген жалпақ прокат (73,3 млн доллар), алюминий оксидтері мен гидроксидтері (60,5 млн доллар), тас көмір (40 млн доллар), сондай-ақ өңделмеген мырыш (39,5 млн АҚШ доллары) бар.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейден Қазақстанға импорт көлемі 28,5%-ға өсіп, 4,96 млрд АҚШ долларына жетті. Импорт өсімі стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнеркәсіп өнімдерінің жеткізілімінің артуымен байланысты. Әсіресе, уран импортының көлемі айтарлықтай өсіп, 2486 есеге артып, 258,5 млн АҚШ долларын құрады. Табиғи газ импорты 93,4%-ға өсіп, 499 млн долларға жетсе, өңделмеген және жартылай өңделген алтын импорты 36,5 есеге ұлғайып, 211,2 млн долларды құрады. Сонымен қатар, мұнай өнімдері, бидай, бағалы металдар кендері мен концентраттары, сондай-ақ теміржол вагондары импорты бойынша да өсім тіркелді.
Өзара сауданың оң динамикасы Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жоғары деңгейін, өндірістік кооперацияның кеңеюін және екі елдің негізгі салалары өнімдеріне деген тұрақты сұранысты көрсетеді.