Еліміздегі басты саяси оқиғаға дайындақ барысы қызу жүріп жатыр. Осыған байланысты жер-жерде референдум мәселесі пысықталып, халқымыз маңызды кезеңге тастүйін әзір отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Ел болашағына әсер ететін мұндай маңызды саяси оқиға Қазақстандағы демократиялық институтты ілгерілете түсетіні сөзсіз.
Мемлекетіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге әзірлікті пысықтау мақсатында кеше Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды мәселе қаралды.
Жиынды ашқан Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумға дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 19-28 мамыр аралығында дауыс беруге дайындықты зерделеу мақсатында Орталық референдум комиссиясының делегациясы еліміздің 14 өңірін аралаған.
«Сапар барысында орталық комиссия мүшелері референдум учаскелеріне барды. Олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуының, мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайдың жасалуын тексердік. Комиссиялардың тізімдерді жасау, азаматтарды ақпараттандыру жөніндегі жұмысын, жергілікті деңгейде оқытуды ұйымдастыруын бақыладық», деді Н.Әбдіров.
Спикердің сөзіне сүйенсек, өңірлерді аралаудағы басты мақсат – ондағы референдумға дайындықты әбден пысықтау. Өз өкілеттігін іске асыру үшін Орталық референдум комиссиясы екі нормативтік-құқықтық акт қабылдаған. Сонымен қатар спикер еліміздегі саяси оқиғаны бақылау мақсатында шетелден тіркелген байқаушылар туралы айтып берді.
«Сағат 18:00-де Орталық референдум комиссиясы 2022 жылғы 5 маусымға белгіленген республикалық референдумға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға 25 шет мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 272 байқаушы қатысады. Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялылығына, мемлекетіміздің халықаралық міндеттемелерді сақтауына ықпал ететінін атап өткім келеді. Бұл – халықаралық міндеттемелерге адалдығымыздың, сондай-ақ сайлау саласындағы халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруымыздың дәлелі», деді Н.Әбдіров.
Бұдан кейін Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы айтып берді. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен байқаушылардың қатысуы туралы қаулыларды тіркеу жөнінде сөз қозғады.
«Қағидаларда Орталық референдум комссиясында қандай құжаттар сақталатыны айтылған. Олар кейіннен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырылады. Бұған Орталық референдум комиссиясының қаулылары, отырыстарының хаттамалары, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және ел астанасының референдум комиссияларының дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалары, Орталық референдум комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері кіреді», деді А.Смағұлов.
Спикердің сөзіне сүйенсек, дауыс беруге арналған бюллетеньдер мөрленген күйінде облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың референдум комиссияларына тапсырылады. Соның ішінде жекелеген, жойылған бюллетеньдер де кіреді. Сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері де берілуге тиіс. Референдумның қорытындылары жарияланғаннан кейін құжаттар бір ай бойы құпия ақпарат түрінде сақталады да, кейіннен жойылады.
Бұдан кейін Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова референдум кезіндегі байқаушылар жұмысына тоқталды. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, коммерциялық емес ұйымдардың, қоғамдық қорлардың өкілдері алдын ала аккредиттеусіз республикалық референдумның байқаушылары бола алады. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, құжаттарын тапсырса жеткілікті.
«1995 жылы «Референдум туралы» заңның нормасы қабылданған кезде «қоғамдық бірлестік» түсінігін ұжымдық ұғым ретінде пайдалануға болатын еді. Яғни референдумға қатысуға құқығы бар заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны ретінде қарастырылатын. «Референдум туралы» заңның 6-бабының 4-тармағында қамтылған норма ескірді және 1995 жылдан бері өзгертілмеді. Сондай-ақ аталған норма сол кездегі коммерциялық емес ұйымдар түсінігінде қабылданды. «Қоғамдық бірлестіктер» туралы заңда «қоғамдық бірлестіктер» туралы нақты ұғым көрсетілмеген. Осыларды ескерсек, басқа нысандардағы коммерциялық емес ұйымдардың референдумға қатысуына тікелей тыйым салынбаған деп есептейміз», деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
Оның айтуынша, заңға қайшы келмейтін ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған саяси партиялар, кәсіподақтар және азаматтардың басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады.
Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова референдум өткізілетін күні коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында атқарылуға тиіс іс-шараларға тоқталды.
«Республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты. Тәулігіне 10 жағдайға дейін тіркеледі. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 3 наурыздан бастап республика және барлық өңір «жасыл» аймақта. Елдегі тұрақты эпидемиялық жағдайды ескере отырып, барлық карантиндік шектеу алынды», деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, референдум өткізу кезінде қандай алдын алу іс-шараларын қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде, адамдардың көп жиналуына жол бермей, әлеуметтік қашықтықты сақтап, референдумға қатысушылардың тобын реттеу керек.
«Бөлмелерде желдеткіш немесе ауа баптау жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн. Ауаны жасанды желдету жүйесі болмағанда бөлмелерді жүйелі желдетіп алу керек. Дауыс беру алдында және күні бойы қажеттілігіне қарай бөлмелерді желдету және дезинфекция жүргізілуге тиіс. Көрсетілген іс-шараларды іске асыру елдегі тұрақты эпидемиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Аталған алдын алу іс-шаралары Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің осы отырыста келісуге шығарылған қаулысының жобасында жазылған», деді Айжан Есмағамбетова.