• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 31 Мамыр, 2022

«Жүректегі жазулар» оқырманға жол тартты

403 рет
көрсетілді

Ел астанасында – «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Жұмагүл Солтиеваның «Жүректегі жазулар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Рухани іс-шараға елордалық зиялы қауым, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты.

Алқалы жиынды жүргізген «Ege­men Qazaqstan» республикалық га­зеті» ЖШС Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жазушының аталған басылымда айшықты ізі қалғанын атап өтті.

«Жұмагүл апай, ең алдымен, сөзінің шұрайымен қазақ әдебиетінің қоржынына өзіндік үлесін қосқан жазушы. Өр мінезді, бекзат болмыс­ты журналистің қарымды қалам­герге айналуы жазудағы орасан еңбе­гінің нәтижесі, әрине. Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы газетімізде бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Тағдырдың талай сынағынан сынбай өтіп, тағы бір жаңа кітабымен бүгін арамызға – өзі еңбек еткен қарашаңырағына келіп отыр. Жұ­ма­гүл апайдың еңбек жолы бүгін­­де қалам ұстап жүрген барша жур­налис­терге үлгі болары анық», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты,  белгілі қаламгер, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов автордың әдеби ортасына тоқталып, өткен жыл­­­­дардағы естеліктерімен бөлісті. «Жал­пы, баға деген сол бағаны берген адамның бағасына, салмағына бай­ланысты. Біреудің «жаман емес» дегені, бі­реу­дің «жақсы» дегенінен артық болуы мүм­кін. Яғни адамына байланысты. Осы тұрғыдан қара­ғанда, қазақтың небір жақсы мен жайсаңы осы Жұ­магүл Солтиеваны жақсы көрді. Қа­лағаң (Қалтай Мұхаметжанов) жақ­сы көруші еді, анау-мынауға көңілі толмайтын Асқар Сүлейменов жақсы көру­ші еді. Зейнолла Серікқалиев, Фа­ризалар да жақын тұтатын. Өт­кенде Сағат Әшімбаевтың 75 жыл­дық жиынында сөз сөйлегенде еске түсіп отыр. Сонда ең алғаш Жұмагүл Сол­тиеваның 1970 жылы жазда абитуриент кезде көріппін. Оралхан, Сағат, Кәдірбек, Жұмагүл, Жақау, Әнес бәрі бір бөл­меде отырады. Содан бері елу екі жыл өтіпті. Оның ішінде көп жыл бірге қызмет еттік. Жұмагүлдің редакциялау өн­ері, яғни хат қорытуы ерекше. Ма­териалға жанын салып, шимай-шат­пақты қып-қызыл қылып өңдеп, жөндеу деген де үлкен еңбек. Қазір өзі хатты қорыту, автордың ойын дамыту, жетілдіру, өз ойыңды авторға құю деген қалып барады», деді ол.

Автордың замандасы, журналист Сайраш Әбішева оның өмірдегі болмысы мен жазудағы мінезі бір екендігін айтты.

Ал мемлекет және қоғам қайрат­кері Оразкүл Асанғазы ұлт руха­нияты жолындағы игі істерде жур­налистиканың маңызы ерекше еке­нін атап өтіп: «Кез келген жұ­мыс­ты істеуде, ұлтты жұмыл­дыруда жур­налистердің рөлі үлкен. Елге танылуда, ойымыздың жүзеге асуына үлес қосқан ұжым осы ел газеті – «Егемен Қазақстан». Әсіресе, Жұмагүлдің журналистік қаламының еңбегі зор. Мына кітаптың ішінде «Әйел махаббаты» пьесасын оқыған­мын. Атырауға барғанда театрда осы спектакль қойылып, сондағы халықтың қошеметі ерекше есімде қалыпты. Ондағы Зы­ли­ха деген жас әйел образына қарап, кітап тұсаукесерінің дәл бүгінгі – 31 мамыр – ашаршылық жә­не қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне сай келгені де тегін емес-ау дейсің», деді.

Жұмагүл Солтиеваның сонау «Ле­ниншіл жас» газетіндегі жыл­дары­нан естелік айтқан публицист Жанболат Аупбаев: «1969 жылы онжылдық мектепті бітіріп, Алматыға Қазақ Ұлт­тық университетіне жур­факқа оқу­ға түскен соң «Ленин­шіл жас» га­зе­тіне бардық. Жұмагүл апайды алғаш сонда көрдім. Ол кезде басылымдарда жақсы дәстүр болды: кадрды өздері дайындап алатын. Яғни оқудағы жазуға ебі бар жастарды тартып, төрт жыл бойы тәрбиелеп, оқу бітірген соң жұмысқа алатын. Сондай кезеңде алғаш көрген аға буын әріптестеріміздің бірі осы – Жұмагүл әпкеміз болды. «Полк баласы» болып жүріп, газетке қабылданғанымда ерекше қуанған да осы Жұмагүл апай еді. Екеуіміз біраз уақыт бір бөлімде еңбек еттік, жақсы сыйлас болдық, түсіністік. Кейін мен «Қазақстан коммунисі» газетіне ауысып кеттім. Араға көп жыл салып, Жұмагүл апай екеуміздің жолымызды «Егемен Қазақстан» қайта түйістірді. Сол баяғы бұрқыратып жазатын Жұмагүл Солтиева... Жалпы, газет­те неше түрлі авторлар болады. Бі­реулер жоқ жерден шу іздеп келеді, біреулер мақаласын қорытқанда әр сөзім алтын еді деп айқасып отырады. Осындай жағдайларда Жұмагүл апай тығырықтан шығудың жолын таба білетін», деді.

Автор пьесаларын сахналап жүр­ген режиссер Сәлима Тасеменова «Жынды көбелек» пьесасының маз­мұн­дық ерекшелігіне тоқталды.

«Жұмагүл апайдың жазуында және тақырып ашуында ерекше тәсіл бар. Сондай-ақ ол қазақ дра­ма­тургиясына мистикалық драма жанрын алып келді. Автордың «Жын­­ды көбелек» атты пьеса­сын Ар­қ­алық театрында қойдым. Алғаш сахналаған кезде көрушілердің әсе­рі таңғалдырды. Сонда бәрін жа­зу­­шының тілі мен стилі баурап ал­ған. Режиссер ретінде айтарым, ав­­то­р­дың әр сөзінің астарында бір әлем жатады, әр ойы қиялға жете­лейді. «Жынды көбелек» – дайын қойылым. Шешімі де бөлек, ак­тер­лердің ойыны да өзгеше болды. Негізі, көркем шығармада маз­мұн өз кезеңдерімен ауы­сып отырады: оқиғаның басы, шарықтау шегі, шешімі сынды. Ал Жұмагүл Солтиеваның пьеса құру әдісі бөлек. Бір тақырыпты аша отырып, екінші бір тақырыпқа көпір салып береді», деді режиссер.

Жазушы Айгүл Кемелбаева Жұ­магүл Солтиеваның «Ыңғайсыз әңгіме» атты шығармасы желісімен фильм жобасы басталып, бүгінде тоқтап тұрғанын айтты. Сондай-ақ ол автордың екі әңгімесі ағылшын тіліне аударылғаны туралы жақсы жаңалықпен бөлісті.

Айта кетейік, жаңа жинақ үш бөлімнен тұрады: алғашқы бөліміне жазушының пьесалары, екінші бө­лім­ге хикаяттар мен әңгімелері, ал үшінші бөлімге ел мен жер киесі, өмі­рі өнегелі адамдар мен рухани жаң­ғырулар жайлы толғаныстары топтастырылған.