Қостанай облысының Жітіқара ауданына Мәжіліс депутаттары Самат Ақышев пен Әлия Сапарова келіп, кәсіпорын өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен кездесті, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Әлия Сапарованың айтуынша, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын ел тұрғындары қолдайды. Яғни, халық өзгерістердің маңыздылығын түсінеді.
– Біз өз кезегімізде Жаңа Қазақстанды, жаңа құқықтық мемлекеттік құруда референдум өткізудің қажеттігін, одан әрі нақты, айқын түсіндіруді жалғастыратын боламыз, – деді Ә. Сапарова.
Ал Самат Ақышев алдағы референдумның маңыздылығын алға тарта келіп, әрбір азамат елдің саяси өміріне белсенді қатысып, өзінің сайлау құқығын барынша пайдалануға тиістігіне тоқталды.
Депутаттар атбасын бұрған «Қостанай минералдары» АҚ – Қазақстандағы хризотилді өндіретін бірегей кәсіпорын. Хризотил-асбест өндірудің әлемдік нарығында жақсы нәтижелер көрсетіп, әлемде 4-ші орынды иеленеді. Өнімнің 95 пайызы экспортқа кетеді.
Кәсіпорын қызметкерлері 5 маусым күні дауыс беруге қатысатындарын, жаңарудың, өзгерістің уақыты келгенін, оған үлес қосу азаматтық парыздары екенін атап көрсетті.